Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаттық нұры үзілмеген шаңырақ

Шаттық нұры үзілмеген шаңырақ

Заманында кеңшардың малын еселеп, есіл еңбегімен ұжымшар мақтанышына айналған ата-әжелердің бес батпан бейнетті жолы кімге болмасын үлгі емес пе еді. Сол еңбек майданында шыңдалып, әкенің сөнбес сәулесі, үзілмес шежіресіне айналған Бердібай ақсақалды осы қыр өңірінде танымайтын жан кемде-кем болар.
Диірмен тасындай дөңгеленген дүние дүрмегінен өтіп, артына ұрпақ, өмірінен мол мұра қалдырған Бердібай атаның белінен 7 ұрпақ тарап, бүгінде бір қауым елге айналды. Алты қыз және тұқымды жалғар жалғыз ұл Ерболат. Бүгінде сол алты қанат тілекші жандардың ортасында еркелей жүріп, әке мен ананың мейіріне қанып өскен біздің Ерболат әкей бүгінде Пайғамбар жасы 63-тің көжесіне бас қойды. Ал өмірлік жары Ұлдаш болса 60 жастың желкенін керіп отыр. «Қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» дейтін елдің базары тарқасын ба? «Қуанышты бөліссең көбейеді» демекші ел-жұрт үшін бұл өмірдің қызығы сыйластыққа келіп тіреледі. Сол түсініктің астарында отбасылық өмірдегі татулық пен талайға үлгі болар тұтас ұғым жатыр. 1983 жылы құрылған шаңырақтың іргесі шайқалмай, шуақты мекенге айналғанына міне, биыл 40 жыл болыпты. Ендеше неге шаттық нұры үзілмеген шаңырақтың өмірі мен отбасылық жолын көпке үлгі етпеске?! Бәлкім, сіз бен біз іздеген мерейлі отбасының ендігі жолы осындай жандарға тиесілі болар.
Соқалы дәуірдің соқпағы, ғарыштық кезеңнің ғаламатымен ұштасқан қазіргі уақыттың арасы тарих үшін қас-қағым сәт болар. Алайда сол аралықта неше буын алмасып, бесіктегі баланың ел ағасына айналар кезі келді. Біздің кейіпкеріміз Ерболат сол шақта тұр. Бала болып еркелеп, жігіт болып желіге өскен кейіпкеріміз 1975 жылдан кешегі кеңестік жүйе құлдырағанша қатардағы шопан болып қызмет етті. Елең-алаң күйдегі елдің арасында болып, іргесі сөгілгелі тұрған совхоздың сапында болған Ерболат әкесі Бердібай салған сара жолдан жаңылмады. Еншісі елге байланған ер сол ата кәсіп мал шаруашылығынан бір сәт те болсын қол үзген емес. Содан болар малдан береке, адал кәсіптен абырой тапты. Бертін келе сол ізбен мал баққан шаруа өткен ғасырдың соңғы жылдарына дейін кооператив негізінде біріккен шаруалармен бірге жылдың төрт мезгілінде тізе қосып, ортақ жұмыста абырой биігінен көрінді. Кейін «Сағындық» шаруа қожалығын құрып, ата кәсіп мал шаруашылығын одан әрі жандандыруды қолға алды.
Тіршіліктің қалың шаңында жүрсе де жақын мен туыстың қайғы-қуанышына теңдей ортақтасып, іргесі берік қара шаңырақтың отын өшірмеген ердің ендігі тілегі балаларының бақыты, отбасының амандығы. Келген қонаққа тамағымен қоса қабағын да берер өмірлік қосағы Ұлдаш шешей де отағасы бастаған ізбен жүріп, өмірге Алланың берген бір ұл, үш қызын алып келді. Бүгінде қамқор әке мен мейірбан ананың төрт құбыласына айналған ұрпағы өмірден өз орындарын тауып, бір қауым елге айналды. Барлығы да білімдерін жетілдіріп, әр саланың шылбырын қаққан кәсіби маманға айналды десек те болады. Әрине мұндай биікке жетіп, өмірден өз орындарын табу алдымен әке мен ананың арқасы. Солар салған негіз, солар салған сара жол бүгінде балаларына өмірлік азық, мәңгілік бағдаршамға айналды. Солардың берген тәрбиесі мен өмірлік азығы ұрпақтарын биік белестерге жеткізіп, асқақ армандарға ұмтылдырды.
Ерболат әкейдің ең бірінші ерні тиіп, иіскеген тұңғышы Сағындық бүгінде 35 жасты алқымдап, бауырларына қамқор, балаларына қорған боларлық қадірлі жан. Атадан жалғасқан шежірелік тіннің желісін үзбей әкеміз Ерболатқа ізін жалғар немере сүйгізген қайырлы перзенттен бүгінде 5 бала өмірге келіп отыр. Іргелі қара шаңырақтың ендігі тізгіншісі сол Сағындық пен оның өмірлік жары, мәуелі шаңырақтың отын маздатар қадірлі келіні Қымбат.
«Қыз – өріс» деген сөз бар ғой халқымызда. Екі елді мың жылдық татулыққа серттестіріп, құда деген үлкен жолдың салынуына себепші қыздары да бүгінде бір-бір шаңырақтың берекесі мен базары, ажары мен аяулы анасына айналып отыр. Сағындырып келетін жиендер мен сабылдырып кететін қыздың құтты қадамы ел білетін еңселі шаңырақтың ендігі қуанышы һәм тілекшісіне айнала бермек. Бәлкім, ел айтып жүретін «ұрпақтар сабақтастығы» деген тәмсіл сірә осындай өмірлік өлшеммен ұштасса керек. Біз білетін бұл әулеттің ажары мен базары тарқамасын деген тілектеміз.
А. ҚАРАСАЙ
04 шілде 2023 ж. 232 0