Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шуақты шаңырақ

Шуақты шаңырақ

Диірмен тасындай дөңгеленген дүние бар мықтыларды іріктеп, үлкен өмірдің үлкен тұлғасына айналдырады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін өміршең қағида. Сондай сүзгіден өтіп, сайдың тасындай ірітелген жанды білем. Ол – Нұралы Шүйіншалыұлы Оспанов. Көпшілік бұл кісіні Нұраш деп таниды. Сонау жас күнінен еншілеген жанама есімнің жақсы адамға лайық берілгені де жөн шығар. Сол есім-сойдың шеңберін ұлғайтып, сый-құрметін арттырған тұлға жайында сыр суыртпақтамақпыз.

Сонау 1941 жылы аласапыранның алғашқы ылаңы басталып, соғыс оты тұтанған шақта Шүйіншалы орда бұзар отыз жастан асқан еді. Елдегі еркек кіндіктің бәрі майдан шебіне аттанып жатқан шақта жары Салтанатқа қимастықпен қарап, қанды қырғынға аттанған азамат сол кезде Нұралыдай қамшыұстарының өмірге келерін білді ме екен?! Бәлкім, білген де болар. Бірақ сол жылдың 12 желтоқсанында дүниеге келген Нұралы әке бейнесін тек қару асынған кеңес әскерлерін көргенде ғана көз алдына елестеді. Өйткені әкесі сол майдан даласында жүріп қаза тапты. Өмірге құштар бозбала жетіммін демеді. Ерте есейді. Анасы Салтанаттың тәрбиесінен тәлім алып, сантарау жолдың түрлі тартыстарына түсе жүріп табысты еңбек, өнегелі өмір жолын қалыптастырды. Міне азамат бейнесіндегі беделі биік болмыс иесі Нұралы ағамыз бүгінде 80 жастың сеңгіріне сеніммен қадам басып отыр.
Республикалық әдеби-танымдық, қоғамдық-саяси «Сыр айғағы» газетінің 2011 жылдың 29 желтоқсаны күнгі санында Айжарық Сәдібекұлының «Қос бәйтерек» атты мақаласы жарық көріпті. Сол жылы жоталы 70 жастың желкенін керген кейіпкеріміз Нұралы Оспанов жайлы естелік әңгіме айтылған. Өткен күннен сыр тарқатқан жазба «Біз алпысыншы жылдардың студенті едік» деп басталады. Расында кейіпкеріміз 1959 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оны 1964 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолы да сол жылы басталады. Оған сәл кейінірек тоқталармыз.
Жазушы А.Сәдібекұлының жазбасында бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі демеп келген қос бәйтеректің таныстығы мен табыстығы жайында сырт көз былай баяндайды: «Аралдық студенттердің жылда жетінші қарашаның кешінде бірінші курс жастармен танысу кешін өткізетін дәстүрі болатын. Ұйымдастыратындар – жоғары курста оқитындар. 1961 жылы Бөген орта мектебін "күміс" медальмен бітірген Қазына Бахрадинова филология факультетітінің қазақ мектептерінде орыс тілі мен әдебиетінен білім беретін бөліміне түскен екен. Қарындасымыз байсалды, салмақты, ажарлы. Жігіт-желеңдердің осындай жылы жүзді қыздарға үйірсек келетіні аян ғой. Уақыт өте келе Қазына қызды физика-математика факультетінің үшінші курсында оқитын Оспанов Нұралымен (достары оны Нұраш дейтін) қолтықтасып жүретінін көретін болдық».
Бұл кейіпкеріміз Нұралы мен оның өмірлік жары Қазына жайында жазылған отты жылдардың естелігі. Міне содан бері қол ұстасып бірге келе жатқан қос бәйтеректің саялы бағы әлі де базарлы, берекелі.
Әкесіз өмірдің өгейлігін сезініп өскен өршіл мінез ұлдың жастайынан анасына қарайласқанын білеміз. Ол сол бір қиын әрі күрделі кезеңдерді былайша еске алады.
– «Еңбек жолымызды қатар бастаған Қазына екеуміз зейнетке де қарайлас шықтық. Өмірге өкпеміз жоқ. Алла бізді қолдады. Рас, үйде тек шешем екеуміз қалғанда тұрмыс тауқыметін көрдік. Мен оқуға түскенде шешем үйде жалғыз тұра алмай қызы Зинештің қолына барды. Қазына келін болып сол үйге түсті. Оқуымды бітіріп қызметке тұрғасын ғана үшеуміз қайтадан шаңырақ құрғанбыз», – дейді бір сөзінде Нұралы Шүйіншалыұлы.
Ал оның еңбек жолындағы табысты баспалдақтардың тізімі тым күрделі әрі жауапты басшылықтармен ұштасады. Оны былайғы жұрт та жақсы білетін болар. Сульфаттағы сегіз жылдық №85 мектепте басталған мұғалімдік жол, Нұралы ағамызды араға үш жыл салып сол мектептің директоры қызметіне дейін көтерді. Бұл жас әрі тәжірибелі маманға артылған сенім жүгі еді. Сол сенім үдесінен шыға білген кейіпкер одан әрі аудандық білім бөлімінің инспекторы, аудандық сырттан оқу орта мектебінің директоры, №83 орта мектеп директоры және №2 мектеп-интернаттың директоры болды. Екі жыл қатарынан аудандық білім бөлімін басқарғаны тағы бар. Ол 1994-1996 жылдар еді. Қиын кезде білім ұяларындағы жұмыс ырғағын тұралатпауға өлшеусіз үлес қосқан жанның еңбегі ескерусіз қалмады. "Арал ауданының құрметті азаматы" атанды.
Одан әрі аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, «АралРыбпром» АҚ бас директорының орынбасары, аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары болған. Осылайша қызмет баспалдақтарынан сатылай өтіп шыңдалған білікті басшы 2004 жылдың мамыр айында №220 орта мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарып, зейнеттің зерлі шапанын иығына жапты. Есептеп қарасақ, ол табаны күректей 31 жыл бойы аудандығы 5 мектепке басшы болған екен. Екі мәрте халық қалаулысы атанғаны тағы бар. Осы кезге дейін алған салалық марапаттар тізімін айтпағанда, ҚР халық ағарту ісінің үздігі төсбелгісін алған ғибратты ғұмыр иесі 2019 жылы өзінің туған күнінде «Арал ауданының құрметті азаматы» атағын алды. Бұл да үлкен мәртебе. Қазіргі таңда аудан әкімі жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы. Бұл жауапкершілікті 2015 жылдан бері алып келеді. Бұдан бөлек, кейіпкеріміз Н.Оспанов 2016 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы, Арал аудандық келісім кеңесінің төрағасы сынды қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқарып келеді.
Иә, «Бақшалы әулет» деген бабалар түсінігі осындай өнегелі жандардың отбасына қарата айтылса керек. Сонау студентік жылдардан басталған баянды махаббаттың жалғасы «Гауһар тойға» да ұласатын уақыт та алыс емес. Бақытын балаларынан тапқан жандардың ұл-қыздары бүгінде әр саланың шылбырын қаққан кәнігі мамандар. Сол балаларынан тараған немере-шөберелер бақшалы әулетте бас қосқанда қос бәйтеректің қуанышында шек болмасы анық. Бүгінде Оспановтар әулетінде үлкен той. Өйткені сол әулеттің арқасүйері Нұралы Оспанов бүгінде 80 жастың төріне шығып жатыр. Біз осы бір мерейлі сәтте аудандағы білім саласының дамуы мен алға басуына сүбелі үлес қосып, қатпарлы тарих беттерінде қолтаңбасын қалдырған қарт ұстаз, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, "Арал ауданының құрметті азаматы" Нұралы Оспановты 80 жас мерейтойымен құттықтаймыз.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ
14 желтоқсан 2021 ж. 945 0