Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жат жерде тоқтаған жүрек

Жат жерде тоқтаған жүрек

Өткен ғасыр дөңгеленген дүние дидарына қасіретті жылдарды таңбалап кеткенін жүз жылдық тарихтан жақсы білеміз. Қос бірдей дүниежүзілік соғыс, азаматтық майдандар жер бетінің астанкестеңін шығарғандай. Одан қалды, қазақ даласындағы ашаршылық, қудалау мен тәуелсіздік үшін күрес ұлтымызды тағдыр тезіне тастады. Бұл қазақ халқы үшін үлкен сынақ әрі жүзжылдық кезең үшін ауыр қайғы еді. Осылардың ішінде әлем елдерінің төрттен үш бөлігін шарпыған екінші дүниежүзілік майданның қасіреті тіптен бөлек. Сол қырғында қаншама боздақ ұрыс даласында мерт болды, қаншама әйел азаматын күтіп қыр басында қалды. Зұлмат жылдардан қазір ерлеріміздің асқақ рухы ғана естелік болып жаңғырады. Біздің айтпағымыз да осы.Ұлы Отан соғысы деп атаған майдан үлкен, кіші, әйел, ер деп таңдаған жоқ, талғамай жұтты десек болады. Қаншама жастың арманы отқа айналды. Алайда олар бір ғана мақсаттың құрбаны еді. Бір сөзбен айтқанда, Отанға деген ұлы махаббаттың құрбаны. Жерімізді жауға бермейміз деген ұлы мұраттың жолында қарша бораған оққа қарсы жүрді. Осындай ерлік ісімен майдан даласында мерт болған жауынгеріміздің бірі – Өмірзақ Ықыласов-тұғын. Ол кісінің өзі кеткенімен, көзі қалғанын естідік. Яғни артындағы қызы әкесінің жоғын жоқтап, жалғыз естеліктей болып қалған суретіне қарап, сағынышпен сарғая күн кешуде. Есімі –Дания. Сәбиіне сирек кездесетін ат еншілеуі жат жерде тоқтаған жүрек иесінің көп кітапты парақтағанын аңғартса керек. Тыл ардагері Дания әжеміз әкесінің ауыздан-ауызға жеткен өлеңдерін әлі де жатқа айтады.
–Бауырым, сәлем беруге,
Кішіден сәлем алуға,
Өзімдей болып сәлем ет.
Өз жайыңды сұрасаң,
Тізеден кешкен қызыл қан.
Жеңешеңе сәлем айт.
Кемпірге қатаң болмасын, – деген деп іштей күбірлейді.
Басты кейіпкеріміз 1910 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Ол соғысқа дейін бейбіт күннің берекелі тірлігін кешіп жүрген ұстаз болатын. Нақтырақ айтқанда, Шөмішкөл елді мекенінде талай санаға шуақ төгіп, қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн бола білді. Жүктелген міндетке сергек қарап, сапалы тәлім беруге белсене кірісті. Мәртебелі мамандықты абыроймен атқарған сауаттандыру ісіне белсене араласқанына қатпарлы тарих куә. Сол бір аңдысқан дәуірде «Ықылас байдың баласы» деп Өмірзақтың атына да теріс пиғылды бәзбіреулер домалақ арыз жазған көрінеді. Ізе-шала күйеуінің жаладан күйіп бара жатқанын жан-тәнімен сезінген жұбайы Лиман түйеге мініп, Ақтөбе жақты бетке алғанының өзі бір шағын әңгімеге арқау. Күндіз дамылдап, қас қарая жолға шыққан нәзік жандының еріне деген махаббаты екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Барды. Түрме бастықтарымен келісімге келіп, арнайылап жүк қылып әкелген алтын ділдәларын тапсырды. Ақырында жазықсыз шапа шеккен Өмірзақты елге алып қайтты. «Жақсы әйел ерін төрге сүйрейді, жаман әйел ерін көрге сүйрейді» деген қанатты қағида осындайда айтылған болар-ау. Иә, Өмірзақ ұстаздығымен бірге ол тамаша ақын да болатын. Сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі әрі білім жолындағы құштарлығы оның қаншалықты жаны таза адам екенін көпке әйгілей берді. Алайда бейбіт күннің тынышын кетірген майдан лебі жалындай жасты да айналып өткен жоқ. Сақып пен Сәтмағанбет сынды жерлестерімен бірге соғысқа аттанды.
Елдегі еркек кіндіктіні әскери комиссариат арнайы бұйрықпен әкетіп жатқан кез. Бұл 1941 жыл еді. Өмірзақ Ықыласов Арал әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылды. Осылайша орда бұзар жасында қан майданға аттанып, 88 гвардиялық миномет полкінде ұрысқа араласты. Соғыс кімді аяған?! Қаншама адам көз алдыңда бақиға аттанып жатады. Ұрыс даласында болған жауынгерлердің жан сарайына үңілгенде жаңа ғана көрген майдандасыңнан уақыт айналмай-ақ айырылып қалып жататынын күрсіне айтады. Міне, осындай қасірет ортасында жүріп жауға деген өшпенділігің өршелене түседі. Көз алдындағы кескілескен шайқас ақынжанды кейіпкеріміздің намысын қайрады.
Соғыс оның рухын құлата алмады, жауды жайратуда алдыңғы шептен табылып отырды. Өмірзақ Ықыласов жайында 88 гвардиялық миномет полкінің командирі, гвардия подполковнигі Садкович мынадай мәлімет қалдырады: «...88 гвардиялық миномет полкінің жауынгері Ықыласов Өмірзақ 17.11.1942 жылы жау авиациясының бомбалауы кезінде зеңбірек қондырғысына түскен авиабомба жарқыншақтарынан шыққан өртті тез сөндірді. Сол кезде жауынгерлік сапта тұрған ол асқан ерлік өнегесімен ерекшеленді. 1942 жылдың 19 желтоқсанында Н.Кумск түбінде болған ұрысында жаудың артиллериялық атысы кезінде Ықыласов Өмірзақ тынымсыз жау оғының атқылауына қарамастан зеңбіректі нысанаға келтіру жұмыстарын үздіксіз жалғастырды».
Міне, гвардия командирінің берген сипаттамасы оның сайыпқыран солдат болғанын көрсетіп тұрғандай.
Майдан қанша жанның өмірін жалмады. От ортасынан аман оралғандарының өзінде бір мүшесін беріп қайтқандары қаншама. Алайда ауылда қалған анасы, жары мен баласы үшін қу жанын сүйретіп келгенінің өзі олжа болатын. Бірақ кейіпкеріміздің маңдайына мұндай бақыт бұйырмады. Ол 1943 жылдың 20 желтоқсанында госпитальда ауыр жарақаттан қайтыс болды. Жарақаттан беті бері қарамай жатқанын білген жерлес жауынгерлер Сақып пен Сәтмағанбет хал сұрауға барғанда, Өмірзақ «елде қалған қызыма тапсырарсыңдар» деп бір түйіншекті аманат етіп берген. Алайда соғыс, қиянкескі ұрыс аманат арқалап жүретін кез емес. Осы өздері сезінгендерімен, дос кеуілін жықпай, затты алып, артынша қимай бақиласады.
Осылайша ол Украина КСР, Житомир облысы, Жаңа Воробьи селосында жерленіп, мәңгілік жай тапты. Бүгінгі ұрпақ ешкімді де, ештеңені де ұмытпайды. Уақыт өткен сайын аталар ерлігі жаңғыра береді. Бұл асқақ рух пен Отанға деген махаббаттың көрінісі болып қала береді.
Бүгінгі таңда Дания әжейдің немересі Мырзагелді Есенов өсіп-өнген шаңыраққа айналған. Майдангердің тұяғы 4 бала тәрбиелеп, 13 немере сүйіп отыр. «Орнында бар оңалар» деген осы шығар?!
А.Жайшылық.
05 мамыр 2020 ж. 1 005 0