«Өлсем өлейін, бірақ артқа бір қадам шегінбеймін»


Осы қазақ жігіті туралы батырдың қарындасы, жерлесіміз Мариям Нұрманқызының редакцияға жолдаған хатын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Біз Нұрмахан Тайлақовтың әулетіненбіз. Қазір сол жауынгер әкеміздің атын жалғастырып келеміз. Сол бір сұрапыл соғыс жылдары еліміздегідей біздің шаңырақтан де ағалы-інілі Нұрман, Нұралы Нұрмахановтар майданға аттанып, екеуінен де «қара қағаз» келген екен. Бүгінде олардың есімдері мемориалдық тақтада мәрмәр тасқа қашалып жазылған.
Әкемнің туған қарындасы Мария Нұрмаханова, жолдасы Сейітжан Досжанов екеуі ұзақ жыл Жақсықылышта еңбек етті. Апам мектепте мұғалім болса, жездем «Аралтұз» мекемесінде басшылық қызметте болған. Қазір Алматы қаласында тұрады. Міне, осы кісілердің баласы, менің інім, профессор, бірнеше кітап жазған Бекнұр Қисықов 70-жылдары нағашысы Нұралы Нұрмаханов туралы «Комсомольская правда» газетіне хат жолдаған. Міне, осы хатта:
–Менің нағашым Нұралы Нұрмаханов 1924 жылы Қызылорда облысы, Аралсульфат ауылында дүниеге келген. Ол 1941 жылы 16 жасында қызыл әскер қатарына алынады. Ел тағдыры шешіліп жатқан тұста үлкен ағаларының соңынан ол да майдан шебіне аттанады. Нұралы ағам 16 жаста болса да, қазіргі менің 40 жасымнан ересектеу көрініпті. Ол кездегі балалардың әділеттілік сезімі өте жоғары болған ғой. Ал әкесі оны майданға жібермеудің мүмкін еместігін біліп, рұқсатын береді. Ол кездері соғыс жасты, үлкенді айырып жатпады.

Бірде Нұралының ата-анасының үйіне Шымкенттен майдандас досы келеді. Ол Нұралының үшінші Беларусь майданында кезекті шайқас кезінде ауыр жарақат алып, көз алдында қайтыс болғанын айтады. Сол ұрыста досы да аяғынан жарақаттанады. Нұралы қайтыс болар алдында комсомол билетіне «Өлсем өлейін, бірақ артқа бір қадам шегінбеймін» деп өз қанымен жазып, сол жерде көз жұмғанын айтыпты.
1945 жылы 9 мамырда Жеңіс жарияланғанда, анам 8 жаста болыпты. Анам бала болса да, сол күнгі адамдардың қуанып далаға жүгіріп шығып, айқайлап, күліп, жылап жатқан бақытты күндерін әлі күнге дейін көз жасына ерік беріп, еске алып отырады. Бұл – қуаныштың көз жасы.
Бұл ХХ ғасырдың ең қорқынышты соғысындағы Жеңіс... Менің ағам оны жеңімпаз ретінде, бекер қан төкпегенін еске алғанымды қалайтынын сеземін. Біз сіздердің ерліктеріңізді ұмытпаймыз, батырлар!– деп тебірене жеткізіпті Нұралы Нұрмахановтың жиені Бекнұр Қисықов.
Бүгінде Нұрмахановтар әулеті бір қауым елге айналды. Олар еліміздің түкір-түкпірінде әртүрлі салада қызмет етуде. Олар ел үшін, Отан үшін жанын қиған осындай батыр әкелерінің есімін мәңгі жадында сақтап, мақтан етеді.
Ата-әжелеріміздің батырлығы мен жанқиярлығы, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі Қазақстанның бүгінгі жауынгерлеріне мақтан тұтарлық үлгі. 1941-1945 жылдардағы сол бір тарихи қиын күндердің естелігі ұрпақ жадында мәңгілік сақталары сөзсіз. Қан майданның қаһарынан ықпай, намысты ту еткен ата-бабаны ұлықтап, есімін ұрпақ жадында жаңғырта білу – адамзат парызы.
Дайындаған К. МАХСҰТ