Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қасқыр соққан қарындас» немесе елу жыл бұрынғы оқиға

«Қасқыр соққан қарындас» немесе елу жыл бұрынғы оқиға

Қоғам тынысына дем берген саланың қай түрінде болмасын әйел адамның қолтаңбасы бар. Себебі олар еңбек күші ретінде тылда да тер төкті, технология дәуірінде де көштен қалысқан жоқ. Олардың арасында батыр да, ақын да, мерген де, шопан да бар. Қазір де солай. Тек әр нәрсе өз уақытында. Осыдан біршама уақыт бұрын жасы жетпістен асқан бір ақсақалмен тұз-дәмдес болдық. Өткенін айтатын үлкендер қауымы осыдан 50 жылдай бұрынғы оқиғаны сөз етті. Яғни аудандық «Толқын» газетінде «Қасқыр соққан қарындас» деген атпен жарық көрген мақалаға арқау болған кейіпкерді біледі екен. Есімі – Сақып, әкесінің аты – Елеусіз. Туыс ретіндегі қарым-қатынасымыз өз алдына, ол кісінің мұндай ерлікке барғанын естімеген екенбіз. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында батыр әжейдің шаңырағына бардық. Самайын ақ басқан абзал ана балаларының ортасында марқайып отыр. Жанында немерелері ойнап жүр. Есен-саулық сұрасып болған соң, келген жағдайымызды айтып, әжейді әңгімеге тарттық.
1971 жылдың күзі. Жер әлі ақ көрпеге орана қоймаған. Бірақ әр жерде бір ағараңдап ақ ұлпаның жатқаны мезгіл сәні болса керек. Қоңыр күздің кешкі әсері көңілге қаяу саларлықтай еді. Совхоздың малын бағып, күнелтіп отырған шаруаның жүдеу тұрмысы сол кездің жиі жолығар көрінісі болғандықтан, оған шаруаның барлығы үйренісіп кеткен. Жылқышы Елеусіз ақсақалдың шаруа адамы ретінде басқамен ісі жоқ. Әлде ол кезде мал бағу басқа тірлікке мойын бұрғызбады ма, атына мініп, өріс жайлаған жылқыны күзетуден өзге жұмыс жоқтай көрінетін. Малды ауылды торуылдап жүретін түз тағысының тыныштықты алып жүргені жалғыз бүгін емес. Аттан түспей үйір жылқыны күндіз де, түні бойы да күзетіп жүретін шаруаға бұдан асқан қиындық бар ма? Күздің қара суығы болса кеудеден өтіп, қабырғаны сөгердей. Содан тапқаны ма, отағасы Елеусіз ақсақалдың тыныс алу жолы асқынып, арасында алқынып қалатыны бар. Он бес құрсақ көтерген жары да аттан түспейтін. Бәлкім, шаруаның сол кездегі қиындығынан болар, Елеусіз атаның ізін жалғар ұрпағының тоғызы шетінеп, алты перзенті тату-тәтті ғұмыр кешуде. Алты баланың ортаншысы Сақып анамыз әлгі оқиға болатын жылдың күзінде 11 сыныпта оқитын бойжеткен. Рай өңіріндегі қарапайым шаруа әрі аңшы отбасында өмірге келген ол жастайынан үйдің шаруасына да, даланың жұмысына да бейім болды. Әдеттегі қоңыр салқын күндердің бірінде иығына мылтығын асынып, жанына қызы Сақыпты ерткен Елеусіз ақсақал өрістегі үйір жылқыны күзетпек болып жолға шығады. Жайылымға жеткен әкелі-балалы жылқышылар әлгі маңға келгенде қасқырды көреді. Түз тағысы бұл жолы малға емес, адамға жолығарын білмесе керек-ті. Азу тістерін ақситып, бұл маңнан кетпейтін сыңай танытқан қасқырды Елеусіз ақсақал атуға бекінеді. Бірақ әлгі демікпесі жан алқымнан алып, оның мылтық кезенуіне мұрша бермейді. Қызына ымдаған күйі мылтықты ұстатқан ол ат үстінде отырып ауа жетпей талықси берді. Не болса да әкеден көргені бар, мылтықты қолына ұстай алған бойжеткен қасқырға қарай бұрылып, шүріппені басып қалады. Құлақ тындырар дыбыстан кейінгі көрініс әкеге ерлікпен пара-пар еді. Қарыс қадам жерде теңкиіп жатқан қасқырды көрген Сақып бойжеткеннің де сол кездегі толқынысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін еместей. Өз көзіне өзі сенбей, сол күні түс ауа үйге оралған олардың бұл ерлігі лезде-ақ елге жайылды. Сол ауылға көрші Қонысбай деген қарт:
– Патшағар-ай! Өріске шықса болды, қасқырды қойша қыратын Елеусіз енді қызымен бірге қасқыр аулап келіпті. Енді қызын да аңшы қылмақ, – деп елге әңгіме тарай бастайды.
Арада көп уақыт өтпестен, совхоз орталығынан дәрігер мен өкілдер келіп, әкелі-балалы аңшылардың денсаулық жағдайын жіті тексеріп, ауруханаға жатқызып алуға шешім қабылдады. Осылайша 25 күнге карантинге жабылған. Сол сапарында малды ауылға келген газет тілшісі оқиғаны мақала етіп дайындап, «Қасқыр соққан қарындас» деген атпен газетке басады.
Оқиға осыдан 50 жылдай уақыт бұрын болса да, ол бүгінде 70 жасқа жақындаған қарт ананың балалары үшін үлкен мақтаныш. Оқиғаның көзі тірі кейіпкері осылайша біз бара салысымен ағынан жарылып, бүгінге дейінгі ғұмырын бүге-шігесіне дейін бізге баяндады. 1972 жылы әкесі Елеусізге жылқышы болған, Аманғали атамызбен шаңырақ көтерген ақ жауылықты анамыз бүгінде өзі өмірге әкелген 5 баланың ортасында жапырағын жайған мәуелі баққа айналып отырған жайы бар.
Иә, заманында ерлік жасап елдің аузына іліккен ақ жаулықты аналарымыз халқымызда көп болған ғой. Біз батырлық ісі бір қауым елге үлгі болатын Сақып анамызбен тілдескенде соны ұқтық. Талай жылғы бейнеттің табы болса керек, бетін әжім әрлеген әжейдің ендігі тілегі – заманның қиындығын қазіргі ұрпаққа көрсетпеу. Бейбіт өмірдің бағасын біліп, жатса-тұрса балаларының амандығын тілейтін ақ жаулықты анамызға біз де бақытты да баянды ғұмыр тіледік. Бейнетінің зейнетін көріп отырған қарт аналарымызды орайы келгенде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
А.Бисенов.
06 наурыз 2020 ж. 1 039 0