Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыста таза суға жете алмай отырған тұрғындар Сырдарияның лай суын ішуге мәжбүр

Облыста таза суға жете алмай отырған тұрғындар Сырдарияның лай суын ішуге мәжбүр

Қызылордада әлі күнге дейін Сырдария өзенінің лайланған суын ішетін тұрғындар бар. Қаланың іргесінде орналасқан саяжайдағы 300-ге жуық отбасы таза тіршілік нәріне жете алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындардың көбі өздері қазып алған баспа құдықтан, ал шамасы жетпегендер өзеннен су тасып ішуге мәжбүр. Саяжайда бұдан бөлек жарық та, жол да түйіні тарқамайтын мәселеге айналған.

Тұрғын Балғабай Ережепов “Ягодка” саяжайына 5 жыл бұрын көшіп келген. Содан бері азамат Сырдарияның әбден лайланып кеткен суын қайнатып, қоқымын тұндырып күнделікті тіршілігіне тұтынады екен. Өйткені оның баспа құдық қаздыруға қаражаты жетпейді. Саяжайда амалдың жоқтығынан өзен суын ішіп жүрген отбасы көп.

“Күніне 3 мәрте дарияға келіп, суын алып, соны 3 мәрте қайнатып ішіп жатырмыз. Дария болғандықтан иісі болатыны рас. Не істейміз енді, су ішу керек ғой”, – дейді “Ягодка” саяжайының тұрғыны Балғабай Ережепов.

Саяжайда шамасы жеткен тұрғындар мінекей, баспа қазып алған. Сол арқылы әрі кетсе 12-15 метр тереңдіктен шығатын суды күнделікті ішуге және кір-қоңын жууға пайдаланады. Бірақ бұл су да сап-сары, ішуге мүлде жарамсыз.

“Негізі бұл суды да ішуге болмайды. Тұзды, әрі лас. Тіпті иісінің өзі жағымсыз. Бірақ осылай күнелтіп жүрміз”, – дейді “Ягодка” саяжайының тұрғыны Александр Опарен.

Саяжайды жарықпен қамтып отырған трансформатор да Кеңес дәуірінен қалған. Ешқашан жөндеу көрмеген жолдың азабы да әбден қажытты дейді тұрғындар. Ал шенеуніктер «Ягодканы» қала аумағына қосу жоспарда жоқ, бірақ жұртты мазалаған мәселені шешіп береміз деп отыр.

“Аталған саяжайға су, жарық, газ, жол жасау үшін жобаларға қаражат бөлінуде. Осы кеше біз жаңа аталған жобаларға қаражат бердік”, – деп түсіндіреді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.

Әкімнің орынбасары әзірге тек жобалық құжаттарды әзірлеуге ғана қаражат бөлінді дейді. Яғни саяжайға инфрақұрылым тарту жұмыстарының қай уақытта басталатынын нақты айта алмады.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында Кіші Аралдың тартылып қалу қаупіне байланысты тұрғындар дабыл қаққан.

Ақпарат көзі: syrboyi.kz

Фото: stan.kz
09 қаңтар 2024 ж. 189 0