Құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды
Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігімен азамат Ш-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Іс құжаттарына сәйкес, азамат Ш. құзырлы органға тіркелместен, жеке көлігімен жолаушы тасымалдаған, яғни тiркеусiз кәсiпкерлiк қызметпен айналысқан деп, оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Алайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау барысында азамат Ш-ның тiркеусiз кәсiпкерлiк қызметпен айналысу дерегі сотта өз дәлелін таппады.
ӘҚБтК-нің 11-бабының 1-бөлігіне сай, жеке тұлға кiнәсi анықталған құқық бұзушылықтары үшiн ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады. Жеке тұлғаның кiнәсiз зиян келтiргені үшiн объективтi кiнә тағуға, яғни әкiмшiлiк жауаптылыққа жол берiлмейдi.
Осы Кодекстің 741-бабының 1-бөлігінің 2) тармағына сай, әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамы болмаған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс тоқтатылуға жатады.
Осыған орай, азамат Ш-ға қатысты қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тоқтатылған.
Арал аудандық соты