Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «А» вирусты гепатиттің алдын алу

«А» вирусты гепатиттің алдын алу

«А» вирусты гепатит немесе халық арасында «сары ауру» атауымен танымал болған вирусты гепатит ауруы- дүние жүзінде кең таралған инфекциялардың бірі .
Бұл сырқатпен ересектер де, балалар да ауырады. Дегенмен балалар арасында жиі тіркеледі, негізінен 2 мен 14 жас аралығындағы балалар ауырады. Олар барлық ауруға шалдыққандардың 80 пайыздан астамын құрайды. Ересектер арасында көбінесе 15-29 жастағылар ауырады.
Аудан бойынша 2023 жылы «А» вирусты гепатит жұқпасының 10 жағдайы тіркеліп, оның 4-і (60 %) 14 жасқа дейінгі науқас балалар болса, 5 жағдайы жасөспірімдер арасында, 1 жағдайы ересек адамдар арасында тіркелген. 2022 жылы жұқпаның 2 жағдайы тіркелді, оның 2-і де 14 жасқа дейінгі балалар. 2023 жылы аурушаңдық көрсеткіші 5 есеге, балалар арасында 2 есеге, жасөспірімдер арасындағы ауру көрсеткіші- 5 жағдайға өсіп отыр.
Аурушаңдық жылдың барлық мезгілінде тіркеледі, дегенмен оның жиі тіркелуі жылдың күз-қыс мезгілдерінде байқалады .
Аурудың қоздырғышы ауыз қуысы арқылы адам ағзасына еніп, ең алдымен бауырды зақымдайды, қоршаған ортаға вирус негізінен нәжіспен түседі, жұғудың негізгі механизмі-фекальді- оральді.
«А» вирусты гепатитпен тек адам ауыратындықтан , аурудың жұғу көзі-науқас адам. Вирус тасымалдаушы, созылмалы түрлері жоқ. Жұқпаның берілу жолдарында су, тағам, тұрмыстық жанасу жолдары үлкен орын алады. Сонымен қатар ауру қоздырғышын таратуда шыбынның ролі зор.
Қоздырғыш адам ағзасына түскеннен кейін жасырын кезеңде (сарғаюдың алды) орташа есеппен 14-35 күн арасында ауру белгілері пайда болады. Кей жағдайда тұмауға ұқсас өтуі де мүмкін, яғни дене қызуы 38-39 0 С-қа көтеріліп, әлсіздік, енжарлық, ұйқысыздық, бас айналу, бұлшық еттердің ауруы сезіледі. Кейін аурудың клиникалық белгілері дамып, асқазан -ішек қызметі бұзылады: тәбет төмендеп, лоқсу, кейде құсу, ауыздағы ащылық, кекіру, іш қату немесе іш өту белгілері пайда болып, оң жақ қабырға асты сыздап ауырады және бауыр көлемі үлкейеді, кіші дәрет түсі қоңырланып, нәжіс түссізденеді, тері қабаттары, көздің ақ қабығы сарғаяды. Кейбіреулерінде қышыну белгілері болады. Науқас сарғайғанға дейінгі кезеңдерде айналасына қауіпті, өйткені ол «А» вирусты гепатитпен ауырғанын білмей, денсаулығына жеңіл желпі-қарап, аурудың алғашқы белгілерінде емделмей, сыртқы ортаға көп мөлшерде вирус бөліп, өзімен қарым-қатынаста болған адамдарға жұқтырады.
Ауру қоздырғышы-вирус, қоршаған ортаға өте төзімді, -200С-та бірнеше жыл, 18-220 С –та бірнеше апта , нәжісте 1 ай, суда 3-10 айға дейін сақталып, 800С температурада 5 минуттан кейін, қайнаған кезде- бірден өледі, ультракүлгін сәулемен шарпығанда 1 минутта, ал құрамында хлоры бар препараттың әсерінен 15 минуттан кейін өледі. «А» вирусты гепатиттің алдын алу шаралары :
Негізінен әлеуметтік жағдайларға, соның ішінде халықтың сапалы ауыз сумен, тағаммен қамтамасыз етілуіне , жеке бас гигиена шарттарын сақтауға байланысты. «А» вирусты гепатиттен қорғанудың тиімді әдісі-профилактикасы вакцинациялау болып табылады. Алдын ала егу шарасының күнтізбесіне сәйкес балалардың 2 жасынан бастап «А» вирусты гепатитке қарсы егу шарасы жүргізіліп келеді. Ара қашықтығы 6 ай мерзіммен 2 рет егілген жағдайда ұзақ уақыт 100 пайызға дейін тиімді болып саналады,орташа 20 жыл және одан да көп мерзімге дейін екпе алған балада «А» вирусты гепатитке қарсы иммунитет қалыптасып, ауырмайды. Сондықтан ата-аналар, балаларыңызды «А» вирусты гепатитке қарсы уақытылы ектіру-аурудың алдын алу шараларының негізгі жолдарының бірі болып табылатындығын тағы да естеріңізге саламыз.
А.САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық Сэбб басшысы 

Фото: gov.kz
15 қаңтар 2024 ж. 229 0