Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен күндер тарих болып қалады...

Өткен күндер тарих болып қалады...

1929 жылдың 15 қаңтарында КСРО Жоғарғы Кеңесінің І сессиясының, Қазақ КСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының әкімшілік- территориялық бөлу жөніндегі қаулысына сәйкес Актөбе облысының территориясынан Арал ауданы бөлініп, Қызылордаоблысына қарады.
Мне, осы жылдардан бастап Арал ауданының экономикасы мен әлеуметтік жағдайына мән беріліп, жаңадан көптеген кәсіпорындар мен мекемелер, халыққа білім беру, денсаулык сақтау, мәдени-тұрмыстық және басқа да объектілер бой көтере бастады. Бұған дәлел, 1929 жылы қазан айында Аралда Бүкілодақтық көл-балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен Арал ғылыми балық шаруашылығы стансасы ашылды. Оның бірінші директоры В.Я.Никитинский болды. Ұйымдастырушылыққа танылған ол 1930 жылы «Буденный» қайығының үстінде жүріп 92 станса бойынша ашық теңіз бетінің бөлігінде жан-жануарлардың (фауна) есебін жүргізіп, осының негізінде 1934 жылы алғаш музей ұйымдастырғанын қазір екінің бірі біле бермейді. Арал теңізінің қазіргі күні кеуіп қалған қолтығынан, алғаш 1909 жылы ағайынды Лапшиндер механикалық шеберхана ашып, флот қоғамының және балық кәсіпшілігінің қайықтарын жөндеумен айналысқан. Мұнда 35 жұмысшы болды. Олар Нижний Новгородтан келгендер еді. Шеберхананың төбесі төмен, әрі қам кірпіштен тұрғызылған болатын. Аудан кұрылған жылдан бастап, бұл шеберхана жұмысына көбірек коңіл бөліне бастады. Осы аймақ Судоверьф деген атауға ие болып, 1930 жылы ағаштан буксир катер (трактордын моторы) жасауға кірісті. Ал 1932 жылы қуаттылығы 300 аттың күші бар «Ким» пароходын жасады, кейін ол «Память Панфилов» пароходы болып аталды.
1936 жылы механикалық шеберхана Кеме жөндейтін зауыт болып қайта құрылды. Сөйтіп Арал теңізі мен Әмудария өзені бассейніне жаңа кеме жасаумен айналыса бастады. Яғни, зауыт 1936-1937 жылдары куаттылығы 490 аттын күші бар «Киров» теплоходын, 550 тонна жүк көтеретін металдан жүк баржысын кұрастырды. 1938 жылы зауыт жана цехпен толықты. Әкімшілік кызмет және жұмысшылардын саны 416 адамға жетті.
1939 жылдан бастап Клепанскийдің конструкциясымен жүк көтергіштігі 450 тонна «Пролетарка», «Караганда», «Казалинское», «Амур», «Енисей», «Селинга» теңіз баржаларының құрылысы қолға алына бастады. Жыл санап жергілікті кеме жасаушы қазақ жастарының саны өсе түсті. Алғашқы келгендердің қатарында Әзен Санаев, Панабек Бекниязов, Әбдіразақ Елеуов, Өтепәлі Ақпенбетовтер болды.
1941-1945 жылдары зауыт, флот әскери қажеттілікке бейімделді. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деген ұранмен жұмыс істеді. Еңбек ардагері Ленин станогінде 12 жыл жұмыс істеген Мария Темофеевна Черникова былай деп еске алады: «1941 жылы партияның ұранымен біз Судоверьфке келдік. Біз үшеу едік және үшеуміз де токорь болып жұмысқа орналастық. Сол кезде Судоверьфте 4 токарлық, 1 фрезерлік, 1 бұрғылау станогі болды. Оның ішінде 2 станокті В.И.Ленин жіберген. Бақытыма қарай мен соның бірінде еңбек еттім».
М.Т.Черникова өндірістік тапсырмаларды ойдағыдай орындағаны және еңбекке адал көзқарасы үшін бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, орден-медалдармен марапатталды. Екі рет аудандық кеңес депутаттығына сайланды.
Соғыстан кейінгі кезеңде жаңа кемелер мен баржылардың құрылысын жасауға үлкен бетбұрыс жасалып, станоктермен, басқа құрал-жабдықтармен толықтырылды.
1959 жылы Судоверьф Кеме жөндеу зауытының (КСРО Өзен және Теңіз флоты Министрлігі) қатарына қабылданды. Осыған байланысты жаңадан конструкторлық бөлім ашылып, инженер-техникалық қызметкерлермен толықты.
1968-1970 жылдары Чарджоу өзен техникумын 90 адам бітірді. Олар, яғни К.Бигельдинов, Қ.Сәдуақасов, С.Әйімбетов, С.Досекенов және басқалар цех бастығы, шебер болып еңбек етті. 1966 жылы Одесса теңіз флоты институтын Қожақ Жақсыбаев (бұрынғы зауыт директоры, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы), Қуаныш Тұңғышбаев, кейін Құлпынай Ізекенова, Тойболсын Кәдіровтер бітірді. Қ.Абылаев (бұрынғы директор) және Н.Қашақбаевтар "Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген транспорт қызметкері" құрметті атаққа ие болды.
1982 жылы ролл-трейлер цехы пайдалануға беріліп, бірқатар мәдени-тұрмыстық объектілер салынды. Зауыт соңғы жылдары Көтеру-транспорты жабдықтары зауыты, кейін вагон жөндеу зауыты атанып, тоқырау жылдарында жабылып қалды.
1930 жылдардан бастап балық кәсіпшілігінде "Серіктестік", кейін ұжымшар, зауыттар ұйымдастырылды. Алғашқы жылдары Арал теңізінің барлығы Арал балық тресіне қарады. Олардың 9-ы балық зауыты, 31-і балық ұжымшары. 84 балық қабылдау пункттері балық аулау және өңдеу жұмысымен айналысты. Бассейн бойынша жыл сайын 450-500 мың тонна аралығында балық ауланды.
1940 жылы Арал теңізі екіге бөлінді. Оңтүстігі Қарақалпақ автономия республикасына 12 ұжымшар, 4 зауыт бөлініп шықты, ал қалған ұжымшар, зауыттар Арал ауданына қарады. Сондай-ақ Сырдария бойында екі балық зауыты (Қызылорда, Қазалы) балық ұжымшарлары жұмыс істеді. Жалпы ауданның балық шаруашылығы өркендеп, теңіз, дария жағасында елді мекендер шоғырланып, кәсіпшілікпен айналысты.
Арал теңізі арзан су жолына айналды. Кемелермен мақта, балық, астық, отын сияқты шикізаттар мен жолаушылар тасымалданып, теңіз жағалауындағы және елді мекендермен тұрақты қатынас орнатуға қолайлы болды.
1933 жылдың аяғында Арал балық тресінің қарауында 11 балық шаруашылығымен айналысатын мекеме болды. Осы жылы механикалық шеберхана, кеңсе үйі, жүк қоймасы іске қосылып, ау тоқитын шеберхана жұмыс істеді. Балықшылар үшін 17 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 18 тұрғын үйдің құрылысын бастады.
Балық өнеркәсібін өркендетуге ҚазНИИРХ-тің Арал бөлімшесінің еңбегі зор. Арал теңізінің өзінде балықтың 21 түрі өсірілді. Оның ішінде кәсіпшілік маңызы бар бекіре, торта, тыран, ақ балық, қаяз, айнакөз, қылыш, шортан, сазан, шемая, жайын, тісті сияқты балықтары ауланды.
Қызыл балықтың ішінде бекіренің шип және севрюга сияқты екі түрі болды. Кезінде шип кәсіпшілікте үлкен маңызы болғанымен 1936 жылы ауырпалыққа ұшырап, кейін оның қоры қалпына келтірілген жоқ. Севрюга бізге Орал өзенінен әкелінген. Оның ұзақ мерзімде өсіп-өнуіне 10-12 жыл қажет болғандықтан кәсіпшілік мамандары бұған тиісті мән бермеді.
Аралда балық өнімдерінің 4 ассортименті дайындалды. Яғни оларды тұздау, қатыру, ыстау және тоңазыту әдісімен өңделген. 1972 жылы балық өнімдерін тоңазытып, қатыратын-тоңазыту цехы салынды. Мұнда күн сайын 30-40 тонна балық қатырылып тұрды. Сондай-ақ КСРО бойынша екі жерде ыстау цехы жұмыс істеді. Соның бірі – Аралда, екіншісі – Украинада болды.
Балық шаруашылығы саласындағы еселі еңбегі және мемлекеттік жоспарларды орындаудағы жоғары жетістіктері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен балық қатыру-тоңазыту кемесінің моторисі Ұштап Өтеулиева, «Калининград» балық аулау кемесінің капитаны Төлеген Әлімбетов, «Тастүбек» ұжымшарының төрағасы Бақыт Рысқаловқа «Социалистік Еңбек Ері» құрметті атағы берілді.
1960 жылға дейін Арал теңізі бірқалыпты жағдайда болды. Ал 1965 жылдардан бастап теңіз деңгейі біртіндеп төмендеді. Бұған себеп Әму мен Сыр өзенінің Арал теңізіне құятын суының көлемі жыл сайын азайып кетуі еді. Сөйтіп Арал теңізіндегі тіршілік атауы жойылып, суының тұздылығы 9-дан 40 пайызға артып, балықтың өсіп-өнуіне кері әсерін тигізді. Арал теңізінің жер бетінен жойылуы Қазақстанның, Орта Азия өңірінің табиғатын өзгертіп, экологиялық қасіретке ұшыратты. Яғни, «Ара тағдыры – адам тағдыры» бүкіл дүниежүзінің басты проблемасына айналып отыр.
Кезінде орыс купеці Асхад пен өзбек саудагері Өмірәлі Мыңбаевтар пайдаланған тұз көлін, Кеңес өкіметі орнағаннан бастап тұз өнеркәсібі ұлттық табысқа айналды. 1925 жылы «Тұз бөлімі», кейін «Тұзартель», ал 1927 жылы «Тұз тресі» болып ұйымдастырылды. Сол кездері жылына орта есеппен 30-40 тоннаға дейін тұз өндірілді.
1927-1932 жылдары КСРО Ғылым Академиясының тұз экпедициясы Сульфаттың көптеген қорын табудағы жүргізген жұмыстары негізінен «Сульфат» комбинаты ұйымдастырылды.
1933 жылдың басында КСРО Тұз басқармасына бағынатын «Сольтрест» жеке кәсіпорын болып қайта құрылды. Тұз өндіру көлемі одан әрі ұлғайып және оның ассортименті өсе түсті. Егер бұрын кәсіпшілік тек қана ірі тұз шығарса, ал 1945 жылдан бастап тұздың ұнтақталған салмақ өлшемі жыл санап көбейе түсті. 1952 жылы комбинатта йодталған тұз өңдеу басталды. Ол түрлі ауруларға ем үшін пайдаланылды. Сондай-ақ, 1965 жылы комбинат мал шаруашылығына да йодталған тұз шығар бастады.
Жылма-жыл тұзды өндіру мен өңдеу қазіргі жаңа өндірістік-техникалық жабдықтармен жабдықталып, жұмыс процесі автоматтандырылып, механикаландырылады.
Комбинат өзінің өнімін бұрынғы Одақтың 80-нен астам қалаларына, республикаға, сондай-ақ Моңғолия, Болгария, Жапония және басқа да шетелдерге жөнелтіп отырды.
«Аралтұз» комбинатының экономикалық-техникалық қуаты Ұлы Отан соғысы жеңісінен кейінгі бесжылдықтар тұсында мықтап өркендей бастады. Мұнда жұмысшылардың еңбекке деген құлшынысы күн сайын өсе түсіп, мәдени-тұрмыстық жағдайы жақсара түсті. Комбинаттың өңдеу цехы, оның кептіру блогы жаңа өндірістік қуаттарға ие болды. 1990 жылға дейін жылына 620 мың тонна тұз таратты. Сол кездің өзінде пайдалануға берілген кептіру-колориферлі блок құрылысы тұз өнімінің ассортиментін көбейтуге және сапалы өнім шығаруға мүмкіндік берді.
Міне, осындай түкпір-түкпірге тұз өнімін жөнелтіп, жылма-жыл қыруар пайда тауып, қыруар адамды жұмыспен қамтып отырған «Аралтұз» комбинаты одақ тарағаннан соң-ақ қанатынан қайырылды. Нарықтық экономиканы желеу етіп, жер-жерде алаяқ кәсіпсымақтар өндіріп, саудаға шығарған сапасы күмәнді тұздарының салдарынан Арал тұзы өтпей, тау-тау болып үйіліп қалды.
Тұздың қадірі ақшанда жоғары, тұзсыз күн жоқ. Ал, республика бойынша йодталған ас тұзын өндіретін «Аралтұз» комбинатының мүмкіндігі болмады. Онын үстіне, 1996 жылы «Аралтұз» комбинатының 90 пайызы акциясын «Астана-Холдинг» аталатын алпауыт компания сатып алды. Содан бастап «Аралтұз» комбинатының басынан бағы тайып, акционерлік коғамға айналып, кысқарту «қырықтығына» түсті.
1934 жылы Арал астық өнімдерін тарату базасының іргесі қаланып, халықты ұн өнімдерімен қамтамасыз етіп отырды. Алайда, нарықтық жағдайға ұшыраған бұл базада неше түрлі құйтырқы әрекетке ұшырап, ақыры жекеге ілініп, жұмыс істеу қабілетінен айрылып отыр.
Ауданның халық шаруашылығын дамытуда Арал тенізі порты ерекше роль атқарды. Кала мен Қарақалпақ арасындағы байланыс су жолы арқылы жүргізілді.Мұнда көптеген ағаштан жасалған және бумен жүретін кемелерді пайдаланып, жылсайын порт арқылы мындаған тонна жүктер және жолаушылар тасымалданды. Алғашқы кезде портта жүк тиеу, түсіру жұмыстары қолмен атқарылды. Кейін механикаландырылды. 1930 жылы Арал теңізі портына темір жол тармағы тартылып, екі үлкен кран-башня құрастырылды. Бір айта кететін жайт, теңіз су жолы басқаға қарағанда әлдеқайда тиімді әрі арзан болды. Сондай-ак, порт жанындағы су вокзалы жолаушыларға кызмет керсеткен-ді. Арал тенізінің тартылуына байланысты алғаш тоқырауға ұшырап, жабылып тынған осы Арал теңізі порты болды.
Аудан кұрылғаннан Орынбор-Ташкент темір жолы бойындағы стансалар мен бекеттердің келбеті мүлдем өзгерді, сәнді әлеуметтік орындар мен тұрғын үйлер бой кетерді. Және де темір жол бойында сегіз жылдык, орта мектептер, аурухана, кітапхана, клуб, көптеген сауда-тұрмыстық мекемелер халыққа кызмет керсете бастады.
Сексеуіл темір жолы іргелі тораптардың біріне айналды. 1930 жылдарда жергілікті тұргындар паровозды, вагон жөндеуді, станса кезекшілік мамандықтарын меңгере бастады. Сексеуіл депосында 1932 жылға дейін мұнда паровоздар жендеуден өткізіліп тұрды. Депода біртіндеп ашылған цехтарда әртүрлі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік болды. Сөйтіп, өзінің паровоз паркін ұйымдастырды. Осы парк 1950 жылдардан бастап, тепловоз жүйесіне ауыстырылды. Және де темір жол жұмысының күрделенуіне байланысты жаңа техникалык, автоматты жабдықтармен жабдықталды. Ол үшін Финляндиядан депоға арналған кұрастырмалы екі цех үйін алып іске қосты.
Темір жол желісін автоматтандырып, орталықтан басқаруға байланысты 1970 жылдардан бастап бірқатар бекеттер қысқартылды. Аралға автокөлік 1938 жылы келді. Осы жылы құрылған автопаркте небәрі 15-тей автомашина болды. Оның 3-еуі «ЗИС», қалғандары «Газ АА» еді. Автомашиналар аудан экономикасын дамытуда ерекше міндеттер атқарды. Парк жыл сайын жаңа маркалы автомашина легімен толықтырылып отырылды. Сөйтіп, Аралда автотранспорт кәсіпорнының негізі қаланды.
1957 жылдың тамыз айында жолаушылар автобусы, кейін «Волга» такси женіл машиналары келді. Автокөліктердін көбеюі ауданның алыстағы елді мекендерімен тұрақты қатынас жасауга мүмкіндік берді. Сонымен бірге, өнеркәсіпорындары мен мекемелердің, атап айтқанда, Арал балық комбинаты (кейінгі атауы «Арал балық өнеркәсібі» өндірістік бірлестігі), «Аралтұз» комбинаты («Аралсульфат»), Кеме жөндеу зауыты, аудандық балықшылар тұтыну одағы басқармасында және басқа да ірі ұжымшарлар мен кеңшарларда өздерінің дербес автопарктері болды.
Автокөлік қатынасын жетілдіруде ауданда жол кұрылысының салынуына үлкен септігі тиді. 1960 жылдан бастап Қазалы-Арал тас жолы іске қосылды. Кейін ол асфальттанып, Мәскеу-Алматы автомобиль жолымен ұштастырылды. Берірек, 1980 жылдарға таман Арал-Бөген, Арал-Сексеуіл бағытында және «Аралтұз» комбинатының өз күшімен Сольтрест-Арал тас жолдары салынып, пайдалануға берілді.
1933 жылдары әуе жолдары қатынасына орай Аралда әуежай ашылды. Яғни айтқанда, Арал әуежайының ұшақтары теңіз аралдары мен жағалауларындағы елді мекендерге қатынап, халықтың игілігіне арналған көлік ретінде есте қалды. 1970 жылдан бастап Арал әуежайы өз алдына ұшқыштардан жасақталған звено болды. Олар басқарған «Ан-2» ұшақтар ауданның барлық елді мекендерін қамтыды.
1960 жылдан бастап Арал әуежайынан Арал-Мойнақ-Нөкіс бағыттарына рейстер ашылды. Тіпті, Мәскеуден ұшқан ұшақтары әуежайда аялдама жасап, багін бензинмен толтырып отырған кезде ұмытылып барады. Ұшақтар бірте-бірте Қызылордаға ауыстырылып, Арал әуежайы жабылып қалды.
Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 1963 жылы Аманөткел-Арал су құбыры жүргізілді. Бірақ, ол дарияның аяғынан тартылған судың сапасы нашар болды. Екінші рет 1980 жылы Арал-Сарыбұлақ су құбырының желісі іске қосылды.
Қазір аудан халқы оның игілігін көруде. 1930-1960 жылдары аралығында балық комбинаты мен Кеме жөндеу зауытында шағын электр стансалары қаланың өндірісі мен жақын маңдағы үйлерге электр жарығын беріп келді. 1961 жылы Аралға жылжымалы энергопоезд келіп, қалаға толық жарық беріле бастады. Кейін ол жоғарғы кернеулі электр жүйесіне қосылды.
1935 жылдары ашылған 2-ші бесжылдық атындағы артель, кейін аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты болып ұйымдастырылды. 1936 жылы «Колхозшылар үйі» деп аталатын екі қабатты қонақ үйі осы күнгі орталық алаңдағы әкімшілік ғимаратының орны еді. 1979 жылы аудандық байланыс торабының үш қабатты ғимараты пайдалануға берілді. Бір өкініштісі, 1965 жылы іске қосылған нан зауыты тоқырап, 1986 жылы салынған «Ажар» тігін фабрикасы мен 1989 жылы пайдалануга берілген электротехникалык зауыттың іргетасының орны үңірейіп қалды.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, заманның ағымы осылай болды. Келешегімізді ойламадық, ең болмаса осы зауыт пен фабриканы концервацияға қойғанда қалай болар еді.
Амангелді ӨТКЕЛБАЕВ,
этнограф-журналист,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

16 қаңтар 2024 ж. 303 0