Балық шаруашылығының бабын тапқан
Сыр елі қай уақыттан да балық шаруашылығының өркен жайып, өзегі талған жұрттың күнкөріс аумағына айналған. Теңізі тайдай тулап, толқыны жағаға соққан уақыттарда тұтастай бір қаланың халқын аман алып қалғанын мақтанышпен айтамыз. Міне, ертеден осы кәсіппен шұғылданып келе жатқан Арал аумағында балықшыларға деген құрмет ерекше. Бүгінгі күнге дейін желісі үзілмеген балықшылықтың мекенінен тәуелсіздік алған жылдары тұңғыш Балық шаруашылығы министрі болып Құдайберген Саржановтың сайланғаны тарихта алтын әріппен жазылып қалды. Ал оған дейін осы кәсіпті өркендету жолында тер көккен қазақтар жайлы біле жүрген де артық болмас.
Редакциядан
Мырзахмет Бекжанов
Мырзахмет Бекжанов
Мырзахмет Бекжанов 1907 жылы Орал уезі, Жұбанышкөл болыстығында (Чапаев ауданы), №9 ауылда туған. Партия, кеңес қызметкері.
1928 жылдан партия мүшесі болған ол еңбек жолын 1928 жылы партия, комсомол ұйымдарында бастаған. Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының даярлық курсында оқып, 1930-1931 жылдары «Үлгілі кеңес ауылы» аудандық газетінде редактор болған. 1931-1932 жылдары ВКП(б) Қазақстан өлкелік комитетінің мал шаруашылығы секторының меңгерушісінің көмекшісі болып қызмет атқарған. Кейіннен 1932-1933 жылдары Қазақстан өлкелік комитетінің шешімімен Қарсақпай аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, содан соң Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетіне нұсқаушы қызметіне ауыстырылады. 1933-1934 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Орда аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауысады. Адал еңбегімен көзге түскен ол 1938-1940 жылдары аудандық жер бөлімінің бастығы қызметінде болған. 1940 жылы наурыз айында Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кіріседі. Бұл қызметті 1943 жылға дейін атқарып, 1943-1944 жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болады. 1944-1945 жылдары Қазақ КСР Балық өнеркәсібінің Халық комиссары болған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты мандатында да бой көрсетті.
Мақтай Рамазанұлы Сағдиев
Мақтай Сағдиев 1929 жылы 12 мамырда Ақмола облысының Ленин ауданында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, 14 жасынан ауылдағы артельде бухгалтер болған. Жастайынан іскерлігін көрсетіп, еңбекте табыстылығының арқасында Қазақ Совет Социалистік Республикасына еңбегі сіңген қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы деңгейіне дейін жеткен тұлға 1953 жылдан КПСС мүшесі болды. Семей мұғалімдер институтын бітіріп, жоғары білім алды. Талғар ауыл шаруашылық техникумын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1949-1954 жылдары орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор болды. Ал 1955-1966 жылдары Ленин (қазіргі Есіл) ауданы партия комитетінде нұсқаушы, МТС партия бюросының хатшысы, аудандық партия бюросының хатшысы, кеңшар директоры, 1966-1971 жылдары Соколов және Жамбыл аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 1971-1980 жылдары Торғай облысы атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1980-1983 жылдары Қазақ КСР Балық шаруашылық министрі, 1983-1985 жылдары Қостанай облысы атқару комитетінің төрағасы, 1985-1989 жылдары Көкшетау облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, 1989 жылы наурыз – 1990 жылы ақпан аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, 1990 жылы мамыр-қараша айларында Қазақ КСР Президенттік кеңесінің мүшесі, Қазақ КСР Президенті жанындағы Азаматтық жөніндегі комиссияның төрағасы қызметтерін атқарды. 1991 жылдан ҚР ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы, 1999-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Мақтай Рамазанұлы балық шаруашылығының қазақ даласында өркендеуіне зор үлес қосты. Ерен еңбегі еленген М.Сағдиев Ленин, 3 мәрте Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы, “Парасат” ордендерімен, медальдармен марапатталған. Көкшетау, Алматы қалаларының, Есіл ауданының құрметті азаматы атанды.
Ысқақ Махмұдұлы Өтеғалиев
Ысқақ Махмұдұлы 6 қаңтарда 1931 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Исатай ауданы, Манаш ауылында туған. Қазақстанда тамақ өнеркәсібі саласын белсенді ұйымдастырушылардың бірі, қоғам қайраткері.
1989 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері атанған ол еңбек жолын 1946 жылы “Қызыл балық” (Гурьев облысы) ұжымшарында балықшы болып бастаған. 1959 жылы Астрахан (Ресей) балық өнеркәсібі институтын бітіргеннен кейін Гурьев балық өнеркәсібі басқармасының бас инженері, бастығы болды. 1965-1980 жылдары Қазақстан Балық шаруашылығы министрі болған Ысқақ Махмұдұлы 1980-1994 жылдары республика су айдындарындағы (теңіздер, көлдер, өзендер, т.б.) балық қорын қорғау және көбейту жөніндегі бас басқарманың бастығы қызметін атқарды.
Өтеғалиевтің тікелей басшылығымен республикада балық шаруашылығының өндірістік-техника базасы жаңадан жасалды. Соның нәтижесінде тоңазытқыш қондырғылармен жарақталған 15-тен астам кешенді балық комбинаты, балық өнімдерін даярлайтын заттар салынып, іске қосылды. Мысалы: Шардара балық питомнигі, Қазалы, Қарғалы тоғандары, Қапшағай аймақтық балық питомнигі секілді көптеген тындырымды бастаманы аяғына жеткізді. Өтеғалиевтің ұсынысы бойынша 1993 жылы Жайық – Каспий алабындағы қызыл балықты қолдан өсіру, оның санын көбейту жөніндегі республикалық маңызы бар бағдарлама бекітілді. Үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған.
Хайрулла Тастайбеков
Балық шаруашылығына өлшеусіз үлес қосқан тағы бір қазақтан шыққан қайраткерлердің бірі – Хайрулла Тастайбеков. Кеңестік партия және мемлекет қайраткері, Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы болған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің III шақырылымының депутаты ретінде сайланған Хайрулла Тастайбеков 1907 жылы Орал ауданының №5 ауылында дүниеге келген. 1930-1932 жылдары Кеңестік-партиялық құрылыс мектебінің студенті атанып, 1933 жылы Гурьев аудандық кеңестік-партиялық құрылыс мектебін бітірген. 1947-1948 жылдары Бүкілодақтық коммунистік партия Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы ретінде ол Яманхала балық аулау колхоздары одағында болды. 1932 жылы облыстық кәсіподақтар кеңесінің (Қазақ АССР) нұсқаушысы, 1933-1934 жылдары Орал-Каспий балық аулау тресі (Қазақ АССР) Бүкілодақтық большевиктер коммунистік партиясы комитетінің хатшысы, 1934 жылы Гурьев машина-балық станциясы (Қазақ АССР) Бүкілодақтық большевиктер коммунистік партиясы комитетінің хатшысы ретінде елеулі еңбек етіп, 1934-1936 жылдары Бүкілодақтық коммунистік партия (Қазақ АССР) Гурьев уездік комитетінің нұсқаушысы атанды. 1936-1938 жылдары Қазақстан Компартиясы (б) Гурьев аудандық комитетінің екінші хатшысы қызметін де абыроймен атқарды.
1938-1940 жылдар аралығында Гурьев облысы бойынша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалып, 1940-1942 жылдары Гурьев облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы деп танылды. Ал 1942-1944 жылдары Қазақ КСР балық өнеркәсібі халық комиссары, 1944 жылы Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1944-1947 жылдары Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болса, кейіннен Түлкібас, Келес аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің III шақырылымының депутаты деп танылып, 1958 жылы зейнетке шыққан. Еңбек еткен жылдарында біліктілігі мен білімділігін көрсеткен Ысқақ Өтеғалиев Еңбек Қызыл Ту және екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
Ғаббас Баймұхамедұлы Саубенов
Келесі кейіпкеріміз Ғаббас Баймұхамедұлы Саубенов 1902 жылы туған. Саратов коммунистік университетінің ІІ курсын тәмамдаған ол 1920 жылдан бастап БКП/б/ мүшесі атанып, №0684079 партбилетін алған. Дегенмен 1933 жылы шілдеде Астрахан горКК, ВКП/б/ горкомы "аудандағы кеңестік және шаруашылық аппараттарының саяси күмәнді адамдарының күмәнін туғызды деп сөгіс жарияласа, 1934 жылы ВКП/б /Астрахан қалалық комитеті ауданда мал шаруашылығы ісіне жетекшілік етпегені үшін де сөгіс берген. Бірақ оған тағылған жалалардың нақты дәлелі болмағандықтан екі партиялық жазаны да Сталинград ВКП/б / қалалық комитеті алып тастады.
Ғаббас Баймұхамедұлы 18 жылдан астам басшылық қызметте жұмыс істейді. Қызметтік кезеңінің соңғы 5 жылын балық шаруашылығын өркендетуге арнады. Қазақ КСР балық өнеркәсібі министрінің орынбасары қызметін атқарған ол лауазымдағы жұмыс кезеңінде ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетті. Өз жұмысының сипаты бойынша балық өнеркәсібі министрлігінің экономикалық ерекшеліктерін және ішкі ресурстарды пайдалану мүмкіндіктерін зерттеуде іскерлігімен танылғандықтан саяси сауатты, практикалық жұмыста тәртіпті, мәселелерді шешуде бастамашыл, балық өнеркәсібі қызметкерлері арасында беделге ие азамат ретінде халық таныды.
Қазақ КСР-нің 25 жылдығының аталуы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 16 қарашадағы Жарлығымен "Құрмет белгісі"орденімен марапатталған Ғ.Саубенов Қазақстан КП/б / ОК кадрлар бөлімі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің ұсынысын қолдай отырып, Қазақ КСР балық өнеркәсібі министрі ретінде Ғаббас Саубеновті бекітті.
Міне, атам Құдайберген Саржановтың осындай азаматтардың есімімен қатар аталатыны тек мен үшін емес, барша аудан халқы үшін мақтаныш деп білемін. Аралдың абыройын асырып, балық шаруашылығының жұмысы ширауына зор ықпал тигізген қоғам қайраткерінің ұрпағы ретінде ақ сазанымен әлемге мәшһүр болған теңіздің келешегі кемел болатынына сенім білдіремін.
Әлішер Саржанов,
аудандық балықшылар музейінің меңгерушісі