Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаламы қарымды Қалас

Қаламы қарымды Қалас

Сөз қадірін білген елдің бағы бар,
Зерделі жан әділ сөзге бағынар.
Көңіл қойсаң қойнауына тарихтың,
Сөз арқылы талай асыл табылар, – деп ақын С.Хангелдин бекер айтпаса керек. Туған жеріміздің тағылымды тарихы тереңнен бастау алары ақиқат. Кешегі-бүгінгі тарихтың қалыптасуы мен дамуына негіз болған өлкенің кемеңгер тұлғалары. Кеңестік дәуірде өмірге келген алғашқы басылымдар қатарында бүгінгі "Толқын", кешегі "Екпінді балықшы" басылымының алар орны әрбіріміз үшін де ерекше. Бұл басылымның қалыптасуы мен дамуына негіз болған тұлғалар қатарында қарымды қаламгер, ақын, редактор Қалас Сәрсенбаев есімі бір төбе. Ол – журналистика деп аталатын мәртебелі мамандықтың алғашқы қарлығашы, алғашқы қаламгері. Ақын шығармашылығын зерделеу барысында латын әріптерінде жазылуымен бүгінгі күнге дейін сақталуына ерекше тебіреніспен қолыма ала таңырқай қарадым. Сөз зергерінің бізге жеткен асыл мұраларының алғашқы туындылары латын әріптерінде жазылған. Ақынның бұл мұралары қара шаңырақтың түтінін түтетіп, керегесін кеңейтіп отырған келіні Күлайша Ұлымбетқызының жеке мұрағатында сақтаулы.
         Қарымды қаламгер Қалас ақын 1914 жылы Сырдария губерниясы, Қазалы уезі, Шыбынды болысының ауылындда ата кәсіпті серік еткен балықшылар отбасында өмірге келген. Ол 1923-1927 жылдары Сайғондыдағы бастауыш мектепте 4 кластық білім алған. 1927-1929 жылдары Қазалы қаласындағы темір жол мектебінде оқыса, кәсіби маман атану мақсатында 1929-1931 жылдары қаладағы педагогикалық техникумда білімін шыңдаған. Бұдан соң 1931-32 жылдары Арал қаласында балық өсіру жөніндегі қысқа мерзімді курста оқыған.
         Алғашқы еңбек жолын 1932-1933 жылдары Шөмішкөл колхозында статист-счетовод болып бастаған. Бұл кездің өзінде ол ақын ретінде, тілші ретінде елге таныла бастайды да, газетке қызметке жіберіледі. Қарымды қаламгердің журналистика саласындағы еңбек жолы 1933 жылдың қазаны мен 1936 жылдың маусымы аралығында аудандық "Екпінді балықшы" газетінде жауапты хатшы қызметінен бастау алады. Осы тұс оның сықақшы ретінде де көрінген кезі еді. 1936 жылдың маусымы мен қазаны аралығында Ақтөбедегі облыстық партия комитеті жанындағы партия қызметкерлері курсында оқыған. Ол 1936 жылдың қазаны мен 1943 жылдың қазаны аралығында аудандық "Социалистік Арал" газетінің жауапты редакторы болды. Соғыс оты тұтанған жылдары елде қалған кәрі мен жасты, ана мен қарындастарды өзінің отты жырларымен, өткір сөздерімен елді жігерлендірген ақын.
         Ол 1943 жылдың қазанынан 1944 жылдың тамыз айының ортасына дейін БК (б) Орталық Комитеті жанындағы орталық газет қызметкерлерінің курсында оқып, елге оралады. 1944-1947 жылдары аудандық "Социалистік Арал" газетінің жауапты редакторы болып еңбек етеді. 1940-1947 аудандық партия комитетінің мүшесі, 1939-1947 жылдары қалалық кеңестің депутаты, 1935-1945 жылдары аудандық комсомол комитетінің мүшесі, республикалық "Социалистік Қазақстан" және Ақтөбе облыстық "Социалистік жол" газеттерінде тілші болған.
         Сөз зергерінің от ауызды, орақ тілді жан болғандығына ақынның өзі жазып қалдырған мол мұралары дәлел. Шығармаларының бір шоғыры өсиет-өнегенің түп-тамыры. Олардың қатарында "Нақыл сөз" өлеңдерін атап өтуге болады. Мысалы:
         Зұлымдыққа жаның балам, қас болсын,
         Адалдыққа ақыл-ойың бас болсын.
         Жас шағыңда күнді еңбексіз өткізбе,
         Десең көңілің өмір бойы кош болсын, – деп адалдықты насихаттаған.
         Қырғи тілді ақынның өз уақытындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, өлеңдерінде ащы сынға алып отырған. Бүркеншік атпен де жазып тұрған. "Бұл да қылмыс емес пе?", "Мәжілісқорлар", Бір пенденің мысалы", Ақ халаттай ар қайда?" атты өлеңдері бүгінгі күннің де жүгін көтеріп тұр.
         Ақынның латын әліпбиіндегі аударылмаған дүниелері мол. Оларды келер ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз.
Г. Шалманова,
аудандық орталықтандырылған Абай атындағы кітапхананың кітапханашысы
24 қараша 2020 ж. 540 0