Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәтсіз неке: ажырасу фактісі неге көп?

Сәтсіз неке: ажырасу фактісі неге көп?

Жақында ғана ғаламтор желісінен «Қазақстан ажырасу бойынша екінші орында» деген ақпаратты көзім шалды. Оқыған бойда бір түрлі сезімде болғаным рас. Сайтқа кіріп оның рас немесе өтірігін қарай бастадым. Ақпараттың жалғандығы расталған екен. Дегенмен, бұл ақпарат менің санамда қалып қойыпты. Иә, бүгінде қоғам алаңдатып отырған көптеген мәселелер бар. Әрине, бір уақытта барлық проблеманың шешімін тауып, керемет ел болып дамып кету мүмкін емес. Сонда да қоғам назарындағы мәселенің бірі болған ажырасудың күрмеуі біз үшін әлі де шешілмей тұр.
Статистика бойынша әлемде 13 секунд сайын 1 отбасы некесін бұзады екен. Демек мақаланы осы жерге дейін оқығанда кемі 2 отбасы бұзылды деуге болады. Ал оның сыры неде? Тек еліміздегі ғана емес, әлемдегі проблема неке құру мен ажырасудың саны бүгінде қалай өзгеруде?
Жақсы отбасы – адам баласының қолы жеткен керемет жетістіктің бірі. Бақытты отбасыны, адал жар мен жақсы ата-енені армандамайтын жан кемде-кем шығар. Жас кезінде болса да, есейіп, ақыл кірген шақта да отбасын құрған жанның «кейін ажырасам» деген ниеті болмасы анық. Дегенмен таяқтың екі ұшы болатыны секілді барлық дүниенің де жақсы да, жаман да жағы бар. Сол секілді бүгінде қоғамдағы кей пікір әлеуметтік желінің кесірінен болар «нашар отбасы болғаннан ажырасып, жеке басты бақытты жан болуға» жетелейді.
Өткен жылдың соңғы мәліметтеріне сүйенсек, елімізде 79487 неке қиылған. Ең қызығы, бұл өткен жылдармен салыстырғанда 4,8 пайызға азайған. Көргеніміздей, жастар түсінігі ажырасудың алдын алу үшін отбасын құрудың да санын азайтуға жеткендей. Тағы бір айтатын жәйт, еліміздің статистикалық мәліметінше отбасын құрған әрбір шаңырақтың 3-шісі шайқалады екен. Яғни орта есеппен 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе соның 50 мыңы ажырасады екен. Бірақ олардың бәрі екі жақтың келісімімен болмайды. Себебі заман дамыған сайын өз пайдасы үшін өтірік ажырасатын жандар да табылады. Отбасы құндылығының да төмендеуі осыдан туса керек.
Аудандық АХАТ бөлімінің дерегінше өткен жылы 399 неке қиылып, 24 неке бұзу дерегі тіркелген.
Аудандық сотта қаралатын азаматтық істердің көпшілігі де осы неке қиюға және отбасылық дауларға қатысты екен. Ресми деректер бойынша өткен жылы 140 талап қою ісі қаралып, оның 88-і қанағаттандырылған. 46 іс отбасы мүшелерінің қайта татуласуына байланысты қараусыз қалдырылған. Айта кететініміз, бұл деректерде тек биылғы жылы отбасын құрған емес, жалпы бірнеше жыл бұрын отау құрған отбасылар бар.
Жалпы Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу нәтижесінде ажырасудың жиі таралған себептері ретінде ерлі-зайыптылардың бірінің опасыздық жасауы, екінші отбасының пайда болуы, туыстарының отбасылық өмірге араласуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік, қызғаныш, жұмыссыздық, қаражат және баспана мәселелері аталған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық та көп әйел адамның отбасынан кетуін, ажырасу үшін арыз жазуының себебіне айналып отыр.
Осы мәселе тұрғысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын» деген болатын.
Осыған орай «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 227-Заңымен отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге жауапкершілік белгілейтін ӘҚБтК-нің 73-бабына өзгерістер еніп, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілді.
Міне, жоғарыдағы жағдайларға қай жағынан қарасақ та ажырасуды ақтап алатын себеп жоқ секілді. Дегенмен, екінші тұрғыда қарап көрейікші. Соңғы себепке көз жүгіртіп, сәл ойлансақ «тиран» жолдасымен бірге тұрып, күн сайын қиындықтан, ұрып-соғудан көз ашпағаннан уақытылы өзіңді сол жағдайдан құтқару дұрыс шығар деген ой да жылтыңдайтыны рас.
Әрине, біреудің өмір жолы, біреудің тағдыры. Оған өзгенің араласып, ақыл айтатын реті жоқ. Дей тұрғанмен, қолдан келер қайран болса отбасыны сақтап қалуға күш салған жөн. Отбасы – бақыты ата-ананың арасындағы сыйластық пен татулықтың арқасындағы дүние. Уақытылы отбасылық, екі жақты проблеманы айтып ымыраға келу бүгінгі қызба мінез жастар үшін ең керек қасиет екенін естен шығармайық.
Әдетте, тату отбасы дегенде көпшіліктің көз алдына қайратты әке, мейірімді ана, жадыраған балалар келеді. Шынында да солай. Отбасының бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Тек жанұя мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр.
Г.САҚТАПОВА

Сурет: ашық дереккөз 

20 қаңтар 2024 ж. 255 0