Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Байназар қосқан ат бәйгелі

Байназар қосқан ат бәйгелі

Иә, Шымберген десе Арал, арысы Қызылжар ойға оралады. Өйткені ол – Қызылжардың тумасы. Оның атағына сай есімі өз алдына, «шайыр» деген тіркес тіптен түрлендіріп жібереді емес пе?! Сол шайыр Шымберген жанына серік еткен серілік соқпақтың бірі ат баптап, жүйрік жарату екенін көпшілік біледі?! Талай аламандарда бәйгенің алдын бермей, үздіктер көшінде оза шапқан аттардың сол шайыр Шымбергенге тиесілі екенін естіп те, көріп те жүрміз. Сөйтсек, бұл аттарды баптап бәйгеге қосқан Шымбергеннің үзеңгілес досы қызылжарлық Байназар Берекетов есімді азамат екен. Елдің атын атпен шығарып жүрген осы ағамызбен жақында тілдесудің сәті түскен еді.
Негізі атбегі жайында әңгіме көп. Оның атбегілік қырымен бірге сөз тапқыштығының өзі өз алдына бөлек әңгіме. Қағытпа қалжыңның қаймағын ауылдың айтқыштары мақамына салсаңыз, есебіне жетпессіз. Алайда бүгінгі біздің айтпағымыз айтқыш, әзілқой Байназар емес, кәдімгі атбегі Байназардың адамдық болмысы жайында болмақ.
Заманында Қызылжарда Берекет Омаров есімі бүкіл Сыр жұртшылығына мәлім болды. Дәстүрлі саз өнерін жалғастырушы, көнекөз жыраулар Әбділда, Дәріғұл, Жаппарберділерден дәріс алған Берекет жырау Қазалы малдәрігерлік даярлау курсын бітірген соң 1948 жылы қызметке араласады. Өмірінің соңына дейін Қызылжар, Райым ауылдарында төрағалық қызмет атқарған. 100-ге тарта термелер мен Нұрмағамбет, Еспембет, Смағұл ақындардың терме-толғау, айтыс өлеңдерін білген, аудан, облыс ақындар айтысына қатысып, өнер додасында «дүлдүл жырау» атанған алыптың ұрпағы саналатын бүгінгі кейіпкеріміз әке бастаған атбегілік жолды сонау 1989 жылдан бастап алып келе жатқанын айтты.
– Әкем 1982 жылы Луговойдан бәйге ат алып келді. Мен ол кезде 6-7 жасар бала едім. Сол ат өзінің бітім-болмысынан бөлек шабысымен де мені өзіне ерекше баулыды. 1984 жылы әкеміз өмірден өткенде балалық болар, оқу оқып, білім қууды ойламаппыз. Сол әкемізден қалған малдың соңында жүріп қалай есейгенімізді де білмей қалыппыз. Мен осы атбегілікке 1989 жылдары келе бастадым. Алғашында қазақы аттарды жаратып жүрдім. Мүмкін ол кездерде қатынастың қиындығынан шығар алыс аймақтарға шыға алмай жүрдік. Ауылдың айналасында болатын бәйгелерге ат қосып жүрдік. Кейін заман түзелді, қатынас құралы жеңілдеп, мүмкіндіктер артқан тұста нағыз атбегіге айнала бастадық. Қазіргі уақытқа келсек, өзімнің бәйгеге дайындап жүрген үш атым бар. Солардың алды «Залотой» есімді тұлпарым. Бүгінге дейін 5 азаманға түсіп, 4-еуінде жүлделі келді. Қайбір жылы Арал қаласында өткен аламанда сол "Золотой" бірінші келді. Одан кейін де бірінші орындарды бермей жүрді. Ендігі үмітім «Магнат» және «Қарашық» есімді аттарда. Олар биыл түседі топқа. Магнатты былтыр Ресейден 4,5 млн. теңге алдым. Ал Қарашық өзіміздің Қордайдан. Таза қанды аттар болған соң олардың бабын да келістіру керек. Қазіргі уақытта шаруам осы аттардың күтімі мен өзге де жұмыстарым, – дейді тектінің ұрпағы Байназар.
Шайыр Шымбергеннің «Ақжайнақ» есімді тұлпары Ақтөбеде машина ұтқанын естуіміз бар еді. Сөйтсек, Ақжайнаққа сол машинаны ұттырған кейіпкеріміз Байназар екен. Ол кездерде Байназар Берекетов сыныптасы Шымбергеннің аттарын жаратып, бәйгеге қосып жүрген-ді. Оны жұртшылық біледі.
– Расында мені былайғы жұрт білер. Ауылдастарым екі бастан жақсы таниды ғой. Себебі Қызылжар – менің де туған топырағым, өскен ыстық мекенім. Ал атбегілік аламанда мені көбі досым Шымберген арқылы білетінге ұқсайды. Тіпті сол Шымбергеннің атбегісі деп білетіндер бар екен. Анығында олай емес. Мен де өз жолым бар, тірлігім бар азаматпын. Шымберген екеуміз дос әрі сыныптаспыз. Ол әнші, ақын әрі сазгер. Ал мен атбегімін. Ел солай дейді енді. Негізі мен жастайымнан ат баптаймын. Осы кезге дейін түрлі жарыстарда ат қосып, абыройға бөленген сәттер көп болды. Қазір бағымымда 5 бәйге аты бар. Оның 2-еуі Сәбитжан есімді шаруаның аты. Кезінде Шымбергеннің де аттары болды менде. Қазіргі таңда тіршілігім төрт түлікпен байланысты болғандықтан, қарапайым шаруамын десем болатын шығар. Ал атбегілік менің жаным қалайтын айрықша жұмыс әрі хоббиім, – дейді Байназар Берекетов.
Әкелері өмірден өткенде кейіпкеріміз Байназар бар болғаны 9 жасар бала еді. 8 ағайынды бүгінде өмірден өз жолдарын тапқан. Алды әкенің ақылымен білім алып елге қызмет қылып жүр. Ал кейіпкеріміз Байназар жас болғандықтан, әкеден қалған малға ие боламын деп қара шаңырақта қалған. Бүгінде Күлпаршын есімді өмірлік жарымен бірге 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.
– Иә, әкем өмірден қайтқанда мен жас болдым. Атқа қызығушылығым болар, малдың ізінде жүріп білім алумен де шаруамыз болмапты. Кейде неге оқу оқымадым деген өкініштер болады. Жасымыз елуге таяды енді қашан оқып, қашан қызметке араласамыз?! Ендігі қимыл кеш болады ау деп жүрміз. Балаларымды оқытып, соларды қызметке араластырсам үміттің ақталғаны шығар. Десе де осы өміріме де шүкір деймін. Әкеміздің шаңырағын құлатқан жоқпыз. Түтіні түзу, ошағы оттан түскен жоқ. Ел қатарлы өмір сүріп, қоңыртөбел тіршілік етіп келеміз, – деп қалды кейіпкеріміз Байназар бір сөзінде.
«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» демей ме дана халқымыз. Сол тектіден қалған тұяқ Байназар бүгінде ел қадірлеген азамат, қазақтың ұлттық ат спортының жанашыры. Аламан бәйге десе делебесі қозатын қазақтың алдында жүрген азаматтың бүгінде басқалардан бір кем жері жоқ. Белгілі атбегі, отбасында асқар тау әке, ағайынға сыйлы азамат, замандасқа қадірлі жігіт ағасы. Бұл біз танып-білген Байназардың бүгінгі болмысы.
Алтынбек БИСЕНОВ

21 қаңтар 2024 ж. 591 0