Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Татуластыру рәсімдері қолданылып аяқталған істер саны артқан

Татуластыру рәсімдері қолданылып аяқталған істер саны артқан

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 174-бабына сәйкес, сот (судья) тараптарға татуласу рәсіміне қатысуы үшін шақыру жібере отырып, тараптардың татуласуына шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі.
Ал тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.
Осыған орай, Арал аудандық сотында 2023 жылы 163 азаматтық іс татуластыру рәсімдері қолданылып аяқталған, оның ішінде 155 іс медиация тәртібімен, 5 іс партисипативтік рәсім тәртібімен және 3 іс татуласу келісімін жасау арқылы реттелген. 2022 жылмен салыстырғанда татуластыру рәсімдері қолданылып аяқталған істер саны 51 іске артқан.
Сонымен қатар, заңнамадағы татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтетін «Сотқа дейінгі хаттама» жайындағы жаңашыл норманыңда қолданылып келе жатқанына екі жыл уақыт болды. Осы уақыттары ол, даудың сотқа дейін реттелуіне қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдеп келе жатыр. Мұны сот тәжірибесі де растайды.
Арал аудандық сотында тараптардың сотқа дейінгі хаттаманы толтыруы арқылы татуласуымен 2022 жылы 73 талап қою аяқталса, 2023 жылы жаңашыл норманың артықшылықтарын 110 талап қою бойынша тараптар пайдаланған.
Арал аудандық соты
23 қаңтар 2024 ж. 293 0