Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Татуласудың тиімді тетіктері

Татуласудың тиімді тетіктері

Бұрында да айтып жүргеніміздей, медиация халқымыз үшін тың тақырып емес. Атам заманнан қара қылды қақ жарған қазақтың ақсақалдары ауыл-аймақтың жер, жесір, қарымта секілді даулары мен тартыстарын айқай-шусыз, әділ шешіп отырғанын тарихтан білеміз.
«Медиация туралы» заңның қабылданып, Азаматтық процестік кодекске татуластыру тәртібін реттеген арнайы тараудың енгізілуін, көптеген пилоттық жобалардың қолға алынуының астарында осы қазақы құқықтың жылдар бойы дәлелденген, өзін әлдеқашан ақтаған дәстүрін жаңғыртсақ деген ізгі ниет жатса керек. Өйткені, сол игі дәстүрдің жалғасы «Медиация туралы» заңнан тамаша көрініс тапқан.
Соңғы жылдар ағымында медиацияны жүзеге асырудың оң нәтижелері де көрініс беріп жатыр. Бүгінде сот залынан тараптардың келісімге келіп, дауларын бітімгершілікпен шешіп шығатын оқиғаларын жиі байқауға болады. Қаншама ажырасуға ниеттенген отбасылар түтінін қайта түтетіп, шаңырағын сақтап қалса, енді бірі еңбек, қарыз дауларын медиация арқылы реттеуде.
Осы ретте, Азаматтық процестік кодексіндегі татуластыру рәсімдері жайында тағы да түсіндіре кеткенді жөн санап отырмын. Бүгінде азаматтар Азаматтық процестік кодексте белгіленген тәртіпті пайдалана отырып татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасай алады.
Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер заңнамада өзгеше көзделмесе, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша берілуі мүмкін.
Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін. Татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді және татуласу келісімін тек сот бекітеді. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, онда сот оны бекітпейді. Татуласу келісімін жасасқан тұлғалар оны осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаса, татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Ал, дау-дамайды медиация тәртібімен реттеу екі тараптың ерікті түрде медиатордың не судья-медиатордың көмегіне жүгінуімен жүргізіліп, екі жақтың мүддесіне негізделген ортақ шешім қабылдануымен бекітіледі. Медиация тәртібімен іс қаралу барысында тараптар талап қоюдың нысаны мен негізін өзгертуге құқылы.
Партисипативтік рәсім тәртібіне келер болсақ, осы кезге дейін партисипативтік рәсім екі тараптың адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен жүзеге асырылып келген болатын. Азаматтық процестік кодекске енген заң нормаларына сай, мұндай рәсімді адвокаттармен қатар, заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын тұлғалардың қатысуымен жасауға жол беріліп отыр.
Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы және партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімдерді орындау татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
Статистикалық деректерге сәйкес, Арал аудандық сотында өткен жылы 18-қылмыстық іс, 144-азаматтық іс және 71-әкімшілік іс медиация тәртібімен тоқтатылса, 6-азаматтық іс партисипативтік рәсім тәртібімен, 39 азаматтық іс татуласу келісімдерін жасасумен аяқталған.
Ал, осы жылдың 6 айында медиация тәртібімен 4 қылмыстық іс, 37 азаматтық іс және 34 әкімшілік іс өндірістен тоқтатылса, 2 азаматтық іс партисипативтік рәсім тәртібімен, 23 азаматтық іс татуласу келісімдерін жасасумен аяқталған.
Сот тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу азаматтық іс жүргізудің субьектілеріне тиімді және оның оң тұстары жетіп артылады.
Сотта дауды шешу нәтижесінде, әдетте, бір тарап жеңеді, екінші жағы жеңіледі, яғни біржақты қанағаттандыру жөнінде шешім шығарылады. Шешімге екі жақтың да көңілі толмай қалатын кездер де болады. Ал татуластыру рәсімінде екі жақты да қанағаттандыратын шешім қабылданады деп күтіледі. Тараптар дауды шешуде бітімгершілікке келіп, алдын-ала өздері ойлап-болжағандай, екі жаққа да жағымды, тиімді қорытынды ала-алады. Сонымен қатар, тараптарды татуластыру азаматтар арасындағы сыйластықты сақтауға да ықпалды. Болмашы нәрсе үшін жақыныңды жатқа айналдыру, көршіңді қас жау ету кімге керек?
Қалай болғанда да кез келген адам өз дауының ауыр салдарсыз, ұрыс-керіссіз, бітіммен шешілуіне мүдделілік танытқаны жөн.
Арал аудандық сотының судьясы
Г.Нұрымбетова.
07 тамыз 2020 ж. 784 0