Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кешірім түбі – жарастық

Кешірім түбі – жарастық

   Тұңғыш Президент Н.Назарбаев сот тәртібімен қаралатын дау-дамайларды азайту қажеттігіне назар аударып, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның шінде бітімгершілік және медиация рәсімдерін енгізуді тапсырған еді. Осыған орай елімізде осы тапсырмалар қарқынды жүзеге асырылып, «Медиация туралы» заң қабылданды.
   2011 жылдан бастап заңға сәйкес, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сон­дай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларда медиация рәсімі кеңінен қолданылуда.
   Бұрында да айтып жүрге­ні­міздей, медиация халқымыз үшін тың тақырып емес. Атам заманнан қара қылды қақ жарған қазақтың ақсақалы ауыл-аймақтың жер, же­сір, қарымта секілді дау мен тартысты айқай-шусыз, әділ шешіп отыр­ғанын тарихтан білеміз. «Медиация туралы» заңның қабылданып, Азаматтық процестік кодекске татуластыру тәртібін реттеген арнайы тараудың енгізілуін, медиаторларға жан-жақты жағдайдың жасалып, көптеген пилоттық жобалардың қолға алынуының астарында осы қазақы құқықтың жылдар бойы дәлелденген, өзін әлдеқашан ақтаған дәстүрін жаңғыртсақ деген ізгі ниет жатса керек. Өйткені, игі дәстүрдің жалғасы «Медиация туралы» заңнан тамаша көрініс тапқан.
    Соңғы жылдары медиацияны жүзеге асырудың оң нәтижесі де көрініс беріп жатыр. Бүгінде сот залынан тараптардың келісімге келіп, дауды бітімгершілікпен шешіп шығатын сәтін жиі байқауға болады. Қаншама ажырасуға ниеттенген отбасы түтінін қайта түтетіп, шаңырағын сақтап қалса, енді бірі еңбек, қарыз дауын медиация арқылы реттеуде. Бұл тәжірибе заңды қылмыстық іс жүргізуде де қолдануға болатынын көрсетті.
   Статистикалық дерекке сәйкес, Арал аудандық сотында 2018 жылы 35 қылмыстық іс, 69 азаматтық іс және 127 әкімшілік іс медиация тәртібімен аяқталса, 2019 жылдың осы кезеңінде 11 қылмыстық іс, 66 азаматтық іс және 51 әкімшілік іс медиация тәртібімен яғни, тараптардың татуласуы бойынша тоқтатылған.
   Бұдан бөлек,  дау сотқа жетпей соттан тыс реттеліп жатқаны да жоқ емес. Жыл басынан бері соттан тыс 107 дау кәсіпқой медиаторға жүгіну арқылы реттелген.
  Тағы бір айта кетерлігі, аудандық соттың бастамасымен қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық дауды сотқа дейін реттеу мақсатында аудандық сот, прокуратура және полиция бөлімі арасында жасасқан өзара ынтымақтастық туралы меморандум талаптарына сәйкес, 2019 жылдың 6 айында 35 әкімшілік іс, 32 қылмыстық іс сотқа дейін медиация тәртібімен тоқтатылған.
  Сотта дауласушы тараптарды медиация тәртібімен татуластыру арқылы аяқталған істер артқандығынан осы дауларды сотқа жүгінбей-ақ шешуге болатындығын көреміз.
  «Кешірім түбі-жарастық» де­мекші, араларындағы сыйлас­тық­ты сақтап, тараптардың бітімгер­шілік­ке келгені­нен артық не бар.
Н. БЕКЕТАЕВ,
Арал аудандық сотының судьясы
20 тамыз 2019 ж. 796 0