Татуласу келісімі - татуластыру рәсімдерінің бір түрі
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік заңнамасында даулар мен жанжалдарды альтернативті түрде шешу тәсілдері қарастырылған. Соған сай, дауласушы тараптар дауды татуласу келісімін, медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісім жасап, өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.
Бүгінгі тақырыбымыз азаматтық іс жүргізу заңнамасында ілгеріректен өзінің тиімділігін дәлелдеп келе жатқан татуластыру рәсімдерінің тиімді тәсілі татуласу келісімі жайында болмақ.
Дауды шешудің тетігі ретінде татуластыру рәсімдерінің осы тәсілін таңдаған тараптарға татуласу келісімін бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім қабылдау үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуына заңмен мүмкіндік қарастырылған.
Дау бойынша екі жақ ортақ ымыраға келіп, оны шешу үшін өздеріне қолайлы етіп жасасқан татуласу келісімінде өзара келіскен шарттар қамтылып, оны орындау мерзімі мен тәртібі көрсетілуі тиіс. Татуласу келісімін кейінге қалдыру шартымен жасауға жол берілмейді.
Келісім басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауы және заңға қайшы келмеуі тиіс. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, ондай келісім сотпен бекітілмейді.
Татуласу келісімін жасасқан тұлғалар оны осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаса, татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Татуласу келісімінің татуластыру рәсімдерінің өзге түрлерінен ерекшелігі неде дейтін болсақ, медиация тәртібінде дауласқан тараптардың татуласуына медиатор жәрдемдеседі, партисипативтік рәсім тәртібінде екі жақтың адвокаттары, ал татуласу келісімі тараптардың өзара қолайлы келісімге келуі нәтижесінде жасалады. Тағы бір ерекшелігі, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, заңда белгіленген реттерден өзге жағдайларда медиация рәсімі қолданылмайды, ал татуласу келісімін жасасуға мұндай шектеу белгіленбеген.
Негізінен дауды бұл тәсіл түрімен аяқтау кезінде тараптар бітімгершілікке келіп, алдын-ала өздері ойлап-болжағандай, екі жаққа да қолайлы қорытынды ала-алады.
Мәселен, жуырда Арал аудандық сотында талап қоюшы Батыс Қазақстан облысы «Бөкей Ордасы ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Ж-дан мақсатсыз пайдаланған мемлекеттік грант 530 200 теңгені мемлекет пайдасына кері қайтару туралы азаматтық ісі қаралды.
Іс бойынша тараптарға судьямен татуластыру рәсімдері, оның ішінде татуласу келісімі жайы айтылып, олардың құқықтық салдары түсіндірілген. Нәтижесінде тараптар татуластыру рәсімдерінің осы тәсілін таңдап, сотқа өзара жасасқан татуласу келісімін бекіту үшін ұсынған. Онда жауапкер берешегін талап қоюшымен екеуара келісілген уақытта бөліп төлеп құтылуға уағдаласқан.
«Ұрыстың арты-реніш, татулықтың арты-кеніш» демекші, қалай болғанда да кез келген адам өз дауының ауыр салдарсыз, ұрыс-керіссіз, бітіммен шешілуіне мүдделілік танытқаны жөн.
К. САДУАҚАСОВА,
Арал аудандық сотының төрағасы