Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Татуластыру рәсімдері

Татуластыру рәсімдері

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде дауларды татуласып, өзара келісімге келу жолымен шешу тәсілдері қарастырылған. Соған сай, дауласушы тараптар дауды татуласу келісімін, медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісім жасап, өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.
Татуласу рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер заңнамада өзгеше көзделмесе, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша берілуі мүмкін.
Татуластыру рәсімдерінің ішіндегі татуласу келісімі ілгеріректен өзінің тиімділігін дәлелдеп келе жатқан тиімді тәсіл. Ол бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін. Татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді және татуласу келісімін тек сот бекітеді. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, онда сот оны бекітпейді. Татуласу келісімін жасасқан тұлғалар оны осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаса, татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Ал, дау-дамайды медиация тәртібімен реттеу екі тараптың ерікті түрде медиатордың не судья-медиатордың көмегіне жүгінуімен жүргізіліп, екі жақтың мүддесіне негізделген ортақ шешім қабылдануымен бекітіледі. Медиация тәртібімен іс қаралу барысында тараптар талап қоюдың нысаны мен негізін өзгертуге құқылы.
Партисипативтік рәсім тәртібіне келер болсақ, бұл рәсімнің қозғаушы буыны адвокаттар мен тараптардың өкілдері дауды реттеу бойынша тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы, келісім шарттарын, дау талаптарының ықтимал жеңілдіктері мен ымыраларын талқылауға белсенді қатысады.
Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы және партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімдерді орындау татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
Негізінен татуластыру рәсімдерінің қай тәсіліде тараптарға тиімді, өйткені мейлі ол партисипативтік келісім болсын немесе татуласу келісімі не медиациялық келісім болсын, әр тарап оны жасасқанда өзіне қолайлы шартты қабылдайды.
Статистикалық деректерге сәйкес, Арал аудандық сотында өткен жылы 105-азаматтық іс медиация тәртібімен тоқтатылса, 5-азаматтық іс партисипативтік рәсім тәртібімен, 2 азаматтық іс татуласу келісімдерін жасасумен аяқталған. Ал, үстіміздегі жылдың басынан бері, медиация тәртібімен 28 азаматтық іс, партисипативтік рәсім тәртібімен 2 азаматтық іс, татуласу келісімдерін жасасумен 3 азаматтық іс аяқталған.
Заңнамадағы татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтетін «Сотқа дейінгі хаттама» жайындағы жаңашыл норманың да қолданылып келе жатқанына бір жылдан аса уақыт болды. Осы уақыттары ол, өзінің қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдеп келе жатыр. Мұны сот тәжірибесі де растайды. Жаңашыл норманың басты мақсаты дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу мәселелерін дамыту.
Татуластырушы судья талап түскен күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей тараптарға сотқа дейінгі хаттама жасау құқығы түсіндіріле отырып, татуластыру рәсіміне қатысуға шақыру жібереді.
Әңгімелесу барысында тараптарға сотқа дейінгі хаттаманың тиімділігі мен салдары түсіндіріліп, ол бойынша пікір сұралады. Тараптар келіссе, оларға хаттаманың нысаны ұсынылады және оны рәсімдеу мерзімі белгіленеді.
Сотқа дейінгі хаттаманы тараптардың өздері де, медиаторлар мен адвокатқа жүгіну арқылы да жасауға болады, онда екі тарап өздерінің сотқа ұсынатын дәлелдемелерін көрсете отырып, дауды қандай шарттарда келісіммен аяқтауға болатынын ұсынады.
Тараптар сотқа дейінгі хаттаманы толтыру арқылы татуласса, татуластырушы судья 15 күннен кешіктірмей талапты өндіріске қабылдау туралы ұйғарым қабылдайды. Сондай-ақ, тараптар ұсынған келісімнің заңға қайшы келмейтінін, келісім шарттарының орындалуы басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын тексеріп, келісімді сот ұйғарымымен бекітеді.
Дауды сотқа дейінгі хаттаманы жасау арқылы аяқтау, тараптарға азаматтық іс қозғалғанға дейін дәлелдемелермен алмасуға, сол арқылы даудың нәтижесін пайымдауға, уақытын үнемдеуге, сондай-ақ бұрыңғы қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы аудандық сотта 73 талап қою бойынша тараптар сотқа дейінгі хаттаманы жасаудың артықшылықтарын пайдаланса, биыл жыл басынан бері 23 талап қою бойынша сотқа дейінгі хаттама жасақталған.
Көріп отырғанымыздай, татуластыру рәсімдері дауласқан тараптардың ымыраға келуін мақсат етеді. Сондықтан да, бабаларымыз мойынсұнған бітімгершіліктің алдағы уақытта да кеңінен қолданылып, талай даудың оңтайлы шешілуіне сеп болары хақ.
Арал аудандық сотының судьясы
Г. НҰРЫМБЕТОВА
28 наурыз 2023 ж. 568 0