Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алып бала туған ана

Алып бала туған ана

Ана – өмірдің гүлі, тіршіліктің бастауы, барша адамзаттың тәрбиешісі. «Құлын биеден, ұлық Анадан туады» дейді дана халқымыз. Қол бастаған батыр да, ел бастаған шешен де Ананың ақ сүтінен нәр алып өседі. Осындай «Ана» деген ұлы атқа ие болу тек балалы болумен ғана шектелмей, оның тауқыметін көтеріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп өсіру мен аналық бар мейірімді, жанашырлықты, кешірімділікті бере білуді білдіреді.Бала – өмірдің сәні. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дегендей, бала күлкісі естілген үйдің берекесі мен байлығы молынан болмақ. Алып Анадан туады дейміз, ал сол дүние есігін ашқан сәбидің салмағы 4-5 келіден асса «ірі бала» болады екен, ал 6 келіден аса туған баланы «алып бала дүниеге келді» деп, дүйім жұрт болып қуанышқа кенелгенбіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, алып баланың анасы да 9 баласының қызығына бөленіп, қуанышына тоймай жүрген Мижанова Гүлдария болмақ.
– Өзім Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы, Талдысай ауылында 1989 жылы Шүрендер әулетінде дүниеге келгенмін. Отбасындағы 5 баланың үлкенімін әрі жалғыз қызбын. Ата-анамның мейіріміне қанып өстім. Дегенмен Алланың қалауымен, 2007 жылы, 18 жасымда жолдасым Еркін Орынбайұлымен бас қосып, шаңырақ көтердік. Биылғы жылы Сыр елінің, Қаракесек әулетінің келіні болғаныма 17 жылға қарапты, – дейді Гүлдария өзінің отбасы құрған жылдарын еске алып.
Жолдасы Еркін Алматбаев екеуі бүгінде бақытты отбасы. Өздері де көп ағайынды, бір-біріне жанашыр бауырлардың отбасынан шыққан олар қазір 9 баланың ата-анасы атанып, оларды қатарынан кем етпей өсіріп келеді. «Бастысы балалардың дені сау, бауырмал болғаны» дейді олар. Ал біздің бүгінгі алып сәбиіміз осы шаңырақтың кішкентайы.
Гүлдария Баянқызы өткен жылдың 11 маусым күні таңғы мезгілде толғақ қысып, перзентханаға жеткізіледі. Араға көп салмай, Арал қалалық орталық перзентханасында баласын дүниеге әкелген ананың бұл сәби 9-шы перзенті. Баланың дүниеге келгенде салмағы – 6 кг 550 грамм, бойы – 57 см. болған.
Бұл туралы:
– Баламды жоспарлаған уақытта дүниеге әкелдім. Білікті маман гинеколог Бекбосынов Руслан Толыбековичтің және еңбек өтілі жоғары акушер Қалауова Мира апайдың арқасында босану қиынға соққан жоқ. Балам ешқандай кінәратсіз, аман-есен дүниеге келді. 3 күн дәрігерлер бақылауында болып, үй жағдайына көшірілдім. Аман-есен жаным қалып, баламды бауырыма басқаным үшін перзентханадағы дәрігерлер мен медбикелерге алғысым шексіз. Қазір өзімнің де, баламның да жағдайы жақсы, – дейді.
Қазір Бозғұлан батырдың дамуы өте жақсы. Медициналық тұрғыда өз қатарындағы балалардың жасауы керек істерді ширақ жасайды. Алып баланың салмағы жөнінен де ешқандай кінәрат жоқ.
Бір қызығы, Бозғұлан отбасындағы жалғыз және алғашқы алып сәби емес. Алтын құрсақты ананың 2019 жылы дүниеге келген ұлы Ержігіт 6700 гр. салмақта туса, 2021 жылы туған қызы Таңнұры 5500 гр. болып дүние есігін ашқан.
Көп балалы отбасы үкімет назарынан да тыс қалмады. 2021 жылы азық-түлікпен көмек беріліп, сол жылдың қазан айында отбасына жаңа үйдің кілті табысталған болатын.
Айта кетейік, 2024 жылы аудан көлемінде перзентханада аман-есен сәби сүю бақытын 1678 ана құшқан. Оның ішінде 5 келіден жоғары 12 сәби дүниеге келсе, 6 келіден асқан алып баланың анасы біздің кейіпкер.
Сонымен қатар өткен жылы өмірге келген алып баланың бірі – Арал аудандық «Толқын» қоғамдық-саяси газеті редакциясында техникалық қызметкер Тасбике Құлмағанбетованың перзенті. Бойы 56 см., салмағы 5,5 келі болған сәби отбасындағы 6-шы бала.
Иә, ана бақытын сезіну өмірдегі әрбір қыз баласының арманы. Ана атанған, сәби күтіп жүрген барша нәзік жандыларға отбасы бақыты мен ұрпақ адалдығын тілейміз!
Г.САҚТАПОВА
16 қаңтар 2024 ж. 112 0