Алып бала туған ана

Өткен жылдың 11 маусым күні таңғы мезгілде толғақ қысып, Гүлдарияны перзентханаға жеткізді. Арал қалалық орталық перзентханасында баласын дүниеге әкелген ананың бұл сәбиі 9-шы перзенті еді. Баланың дүниеге келгенде салмағы – 6 кг 550 грамм, бойы – 57 см.
Бұл туралы алтын құрсақты ана Гүлдария:
– Алланың қалауымен балам аман-сау жарық дүние есігін ашты. Білікті маман, гинеколог Бекбосынов Руслан Толыбекұлы және еңбек өтілі жоғары акушер Қалауова Мира апайдың арқасында қол-аяғымды бауырыма алдым. Балам ешқандай кінәратсіз, аман-есен дүниеге келді. Үш күн дәрігерлер бақылауында болып, үй жағдайына көшірілдім. Аман-есен жаным қалып, баламды бауырыма басқаным үшін перзентханадағы дәрігерлер мен медбикелерге алғысым шексіз. Осындай абзал жандардың арқасында көптеген жандар ана бақытын сезінуде. Шүкір, қазір өзімнің де, баламның да жағдайы жақсы, – дейді.
Айта кетейік, 2024 жылы аудан көлемінде перзентханада аман-есен сәби сүю бақытын 1678 ана құшқан. Оның ішінде 5 келіден жоғары 12 сәби дүниеге келсе, 6 келіден асқан алып баланың анасы біздің кейіпкер.
Иә, ана бақытын сезіну – өмірдегі әрбір қыз баласының арманы. Ана атанған, сәби күтіп жүрген барша нәзік жандыларға отбасы бақыты мен ұрпақ адалдығын тілейміз.
Г. САҚТАПОВА