Аралда 12 тұлға банкрот деп танылды
Өткен жылы елімізде банкроттық туралы заң қабылданған болатын. Бұл банк немесе басқа да заңды тұлға алдында берешегі бар. Бірақ оны уақытылы өтей алмай жүрген жандарға үлкен қолдау болды. Яғни табысынан айырылып, денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз деп танылған адам кіріс көзінің жоқ екендігін дәлелдеу арқылы өзін банкрот ретінде көрсете алады. Осыған байланысты Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Аида Қаюпова кең көлемде ақпарат берді.
Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді. Олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады. Яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды.
– Қарыз алушы – жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы кейбір талаптарды сақтауы керек. Оның атына тіркелген немесе ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек. Өтініш берілген күні қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлардың, коллекторлардың алдында міндеттемелер бойынша төлем жасамаған болуға тиіс. Мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуы тиіс. Өтініш берілген күні ол 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуы керек. Сондай-ақ соттан тыс банкроттыққа өтініш берілген күні 5 жылдан астам уақыт бойы өз берешегін өтемеген қарыз алушы-жеке тұлғалар жүгіне алады, – деп түсіндірді А. Қаюпова.
Өткен жылдың 3 наурызынан бастап өтініштер «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы қабылдана бастады. Өтінішке кредиторлардың атауын, берешек сомасын, орналасқан жерін көрсете отырып кредиторлардың тізімі борышкердің банктік қарыз шарты және микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу немесе өндіріп алу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
– Сот арқылы банкроттық барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады. Алайда, бұл жерде ескеретін тұстар бар. Кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы. Сот арқылы банкроттық рәсімін қаржылық басқарушылар жүзеге асырады. Банкроттыққа өтініш қабылданған жылға жуық уақыт ішінде Арал ауданы бойынша 12 тұлға барлық өлшемшарттаға сәйкес келіп, банкрот деп танылды, – дейді басқарманың бас маманы.
Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышкерге 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады. Қайта банкроттық болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады. банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетіннін де ескеру керек.
Н. БАҚЫРАН
Фото: aikyn.kz