Қысқы сайыс көтеріңкі көңіл-күй сыйлады
Әр баланың өскен ортасы жайлы әрі көңілді болса ата-анаға одан асқан бақыт бар ма?! Ал сол балдырғандарды жайлы күтіп, көңілді қарсы алатын бөбекжай ұжымы бүгінде аудан көлемінде көптеп кездеседі. Жылдың төрт мезгіліне сай талғамды қажет ететін бала көңілі кейде қиял мен ғажайыпқа толы болады. Соны аша білу де бүгінгі тәрбиешінің тал бойынан табылу керек міндеттер санатында. Бүгінде сондай жауапкершілікті өзіне жүктеп, әрбір үйдің еркелерін білімге баулып, тәрбиенің дәнін егіп жатқан «Гүлдер» балабақшасы ұжымы өткен аптада балабақшалар арасында «Гүлдер қысқы олимпиада – 2024» атты спорттық ойынын өткізді. Оған қаланың «Құлыншақ» және «Жазира» балабақшасынан «Құлыншақ», «Бірлік» топтары және «Гүлдер» балабақшасынан құралған «Самғау» тобы қатысып, қыс мезгіліндегі көтеріңкі көңіл-күй қалыптастыратын спорттық ойындардан спартакиада өткізді.
«Гүлдер» балабақшасының меңгерушісі Салима Сарсенбаева бастамашы болған топтар арасындағы тартысты сайыс алдымен олимпиадалық ойындар ережесіне сай алау жағу рәсімінен басталды. Бұл рәсімді «Гүлдер» балабақшасы «Қошақан» ересек балалар тобының тәрбиеленушісі Кабира Серікбаева бастандырды. Ол бүгінде 2023 жылы Шымкент қаласында көркем гимнастикадан «NEW YEAR CUP» балалар мен жасөспірімдер арасында өткізілген ашық турнирдің І орын иегері. «Гүлдер» бөбекжай-бақшасында өткізілген «Күз ханшайымы» байқауында І орын алса, «Абай оқулары» республикалық байқауында көркем сөз оқу бойынша 1 дәрежелі диплом иегері атанған бүлдіршін.
Спорттық спартикиадаға барлығы 21 бала қатысып, сайыс ережесіне сай өз белсенділіктерін көрсетті. Әр топта 7 баладан қатысқан сайыста «Кім жылдам?», «Хоккей», «Қар жинау эстафета» және «Биатлон» сынды кезеңдер белгіленген. Осы кезеңдерден сәтті өткен балақайлар белгіленген әділ қазылардың сандық бағалау жүйесіне сәйкес жүлделі орынға жайғасады. Әр баланың жеке-жеке емес топтық сайыс нәтижесінде жеңіске жетуіне жетелейтін бұл спартакиаданың басты мақсаты салауатты өмір салтын қалыптастыру және қыс мезгілінде баланың қабілетін шыңдап, шапшаң қимылдауға бейімдеу екені көрініп-ақ тұр. Сайыс барысында біз осыған куә болдық.Сонымен тартысты әрі көңілді өткен сайыс қорытындысына сәйкес «Гүлдер» балабақшасынан қатысқан «Сұңқар» тобы жүлделі І орынға жайғасса, ІІ орынға «Құлыншақ» балабақшасынан келген «Құлыншақ» тобы жайғасты. Ал ІІІ орын «Жазира» балабақшасының «Бірлік» тобына берілді. Қыс мезгіліндегі сайыста балалар жаурамасын деп бауырсақ пен ыстық сүт әзірлеген балабақша ұжымы сайыс жеңімпаздарын арнайы кубоктармен марапаттады.
А. АМАНОВ