Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Декреттегі ананың жәрдемақысы қанша?

Декреттегі ананың жәрдемақысы қанша?

ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстанның демографиялық ахуалы жақсарып келеді. Нәтижесінде, былтыр халқымыздың саны 20 миллионға жетті. Демографияның өсуі аналардың денсаулығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты. Сондықтан мемлекет бұған ерекше назар аударып, жыл сайын әлеуметтік төлемдердің көлемін арттырып келеді.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап елімізде АЕК мөлшері (3 692 теңге) өсті. Соған сай жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдердің көлемі артты. Бұл ретте декретке шы­ға­тын аналарға қандай әлеуметтік төлемдер берілетініне шолу жасап көрдік. Мәселен, Еңбек кодексінің 99-бабы бойынша жаңа босанған ана немесе жаңа туған баланы асырап алған ана еңбек демалысына шыға алады. Оған бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс түрлері жатады. Демалыспен бірге әлеуметтік жәрдемақылар беріледі. Мысалы, жұмыс істейтін ана жүктілігіне немесе босануына байланысты табысынан айырылса, әлеуметтік төлем беріледі. Сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне де жәр­демақы төленеді. Жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған деген санаттағы әйелдер табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем бір рет, ал бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем ай сайын төленеді.

Бала туғанда берілетін біржолғы мем­лекеттік жәрдемақы респуб­ли­ка­лық бюджет есебінен беріледі. Биыл бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК (140 296 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК (232 596 теңге) беріледі. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мем­лекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.

Бұрын бала күтіміне байланыс­ты ай са­йынғы жәрдемақы сәби бір жасқа толғанға дейін төленіп келді. 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем 1,5 жылға ұзартылып, былтыр 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындалды. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеу­мет­тік сақтандыру жүйесіне қатыс­паған, жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады. Биыл бірінші балаға – 5,76 АЕК (21 265,92 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (25 142,52 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК (28 982,2 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға 8,90 АЕК (32 858,8 теңге) беріледі. Декретке дейін жұмыс істеген аналардың бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеу­мет­тік төлемі бөлек есептеледі. Оның көлемі бала туғанға дейін кейінгі екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.

Бұл ретте «төлем қалай есепте­леді?» деген заңды сұрақ туын­дайды. Еңбек және әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің мәліметінше, жүкті­лік­тің 30-шы аптасы басталған сәттен ана елімізде декреттік де­ма­лысқа шыға алады. Декретке шық­қан кезде жұмыс істейтін аналар төрт және одан да көп айға еңбекке жарамсыздық парағын алады, оған сәйкес оларға жүктілігі мен босануы бойынша біржолғы әлеуметтік төлем есептеледі.

Босанғанға дейін ресми жұмыс істеген әйелдер де әлеуметтік төлем алады, бірақ жалақыға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Бұл ретте жұ­мыс істейтін аналар ең төменгі ай сайынғы әлеуметтік төлемі баланың отба­сында тууына байланысты ай сайын­ғы мемлекеттік жәрдемақыдан кем бол­мауға тиіс. Бала күтімі бо­йын­ша әлеуметтік төлем негізіне 2 жылдағы орташа айлық жалақы алы­на­ды. Оған кейінгі 24 айдағы бар­лық ресми кірістер қосылып, 24-ке бөлінеді. Яғни егер әйел кейінгі екі жылда ресми түрде жұмыс істесе, бұл ескеріледі. Мысалы, 6 ай делік. Жалақы мөлшері 24-ке бөлінеді. Енді бұл орташа айлық жалақыны 0,4 коэффициентіне көбейту керек, орташа көрсеткіштің 40%-ын табу керек. Бұдан әрі міндетті зей­нетақы жарналарының (МЗЖ) есебіне алын­ған соманың 10%-ын
шегеру қажет.

Жүкті аналарға арналған әлеу­мет­тік жәрдемақылар мен төлемдердің барлығын eGov порталы арқылы рәсімдеуге болады.

Ақпарат көзі: egemen.kz
Фото: ашық дереккөз 

07 ақпан 2024 ж. 196 0