Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарып – қауіпті жұқпалы ауру

Сарып – қауіпті жұқпалы ауру

Сарып (бруцеллез) – жануарлар мен адамдарға ортақ өте ауыр жұқпалы ауру.
Бұл аурумен барлық ауыл шаруашылығы жəне үй жануарлары ауырады. Негізінен аурудың таралуында ұсақ жəне ірі қара мал маңызды рөл атқарады, əсіресе ұсақ малдар (қой мен ешкі) аурудың ауыр түрлерін таратады. Ал ірі қара малдағы сарып ауруы қоздырғышы (ұсақ мал сарып қоздырғышымен салыстырғанда) адам үшін аса қауіпті емес жəне ауру ағымы жеңілірек болады.Сарып қоздырғышы жануарлар ағзасында өмір сүріп, көбейеді жəне сыртқы ортаға сүт, зəр шығару, төлдеу мен түсік арқылы бөлінеді. Сыртқы ортада сарып қоздырғышы көпке дейін өмір сүреді. Мысалы, суда, топырақта, шөпте үш айға дейін, ірімшікте – 70 күнге дейін, етте – 40 күн, кептірілген жəне мұздатылған өнімдерде бірнеше ай бойы өмір сүре алады. Ал жоғары температураға сарып қоздырғышы өте сезімтал келеді жəне қайнату кезінде бірнеше секундта өледі.
Адамдарға бұл ауру малдарға қарау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан, ауру қоздырғышы бар ет, сүт жəне олардың өнімдерін (қайнатпай) тамаққа пайдаланудан жұғады.
Мал шаруашылығымен айналысатын барлық жеке жəне заңды тұлғалар қолдағы барлық малдың қанын зертханалық тексеруден өткізіп отыруы, əсіресе жаңадан сатып алған (əкелген) малды міндетті жергілікті əкімдікке тіркетуі, ветеринариялық ұйымдарға хабарлауы жəне олардың қанын міндетті тексертулері тиіс. Сондықтан, мал иелеріне ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтаудың аса маңызды міндет екенін ескерте отырып, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» қажеттігіне баса назар аударғанын қалаймыз.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық -эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

фото: qorda.kz 
08 ақпан 2024 ж. 410 0