Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Энергетикалық сусындар қажет пе?

Энергетикалық сусындар қажет пе?

Заман дамып, адамзат игілі үшін түрлі саланың дамып, бәсекелестік белең алған қазіргі әлемде энергетикалық сусындар үлкен танымалдылыққа ие болып отыр. Қазір көптеген адамдар,әсіресе жастар бұл сусындарды энергия деңгейін арттырып, шаршауды жеңу мен ақыл-ойдың сергектігін жақсарту үшін пайдаланады. Дегенмен, «күнделікті өмірде осы сусындарға тәуелді болуымыз керек пе?»деген сұрақ туындайды.Қазірдің өзінде осы жарнамасы жер жарып тұрған энергетикалық сусындардың денсаулыққа әсері, қауіпсіздігі және тәуелділік деңгейі туралы сұрақтар көтерілуде. «Ішіп алып, қуаттан!» «Шөліңді басып, қанаттандырады» деген сынды түрлі теңеулер тұтынушыны өзіне онан әрі баурап алатыны рас-ақ. Жалпы, энергетикалық сусындарда кофеиннің және басқа да стимуляторлардың айтарлықтай мөлшері бар екенін атап өткен жөн. Кофеин, әрине, энергияны арттырып, есте сақтауды жақсартады, бірақ тым көп мөлшерде тұтыну ұйқысыздық, жүйке ауруы, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы сияқты мәселелерді тудыруы мүмкін. Тіпті гипертония және инфаркт сияқты ауыр ауруларға әкеп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан энергетикалық сусындар түрінде қолданылатын кофеин мөлшерін бақылау өте маңызды. Энергетикалық сусындарды жүкті әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, егде адамдарға, гипертониядан зардап шегетін, жүрек-қан тамырлары ауыратын, глаукома, ұйқысы бұзылған, тез қозғыш және кофеинге сезімтал адамдарға тұтынуға тыйым салынады. Сонымен қатар энергетикалық сусындардың құрамында біздің денемізге әсер ететін қант пен басқа да қоспалардың көп мөлшері болуы мүмкін. Қантты жиі тұтыну артық салмаққа, қант диабетіне және басқа да ауруларға әкелуі ықтимал. Сол себептен қант мөлшері жоғары энергетикалық сусындарды тұтынуды шектеу маңызды.
Тағы да айта кететін жайт, энергетикалық сусындарды ұзақ және жиі тұтыну тәуелділікке әкелуі мүмкін. Жылдам әсер ету, эйфория сезімі мен шаршаудың төмендеуі сияқты факторлар бұл сусындарды адамдарға өте тартымды, жағымды ете түскенімен, уақыт өте келе біздің ағзамыз сол әсерге жету үшін көбірек энергетикалық сусындарды тұтыну қажеттілігіне дағдыланып алады. Бұл денсаулыққа айтарлықтай зиянын тигізіп, тәуелділікке әкелуі мүмкін.
Қорытындылай келе, энергетикалық сусындар кейде энергияны арттыруға және сергуге көмектесуі мүмкін. Дегенмен оларды үнемі және жиі тұтыну денсаулыққа зиян тигізеді. Сіз тұтынатын кофеин мен қант мөлшерін бақылау және энергетикалық сусындарға тәуелділікті тежеу сіз үшін аса маңызды. Сіздің денсаулығыңыз бен оған деген қамқорлығыңыз бірінші кезекте болуы керек. Ал энергияны арттырудың табиғи жолдарын қарастырып, салауатты өмір салтын жиі ұстансақ өмір сүру ұзақтығы артып, ұлт саулығы сапалы деңгейге көтерілген болар еді.
Асылзат ЖОЛДАСОВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті
17 ақпан 2024 ж. 297 0