Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыстың артығы болмайды...

Алғыстың артығы болмайды...

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қазақстанда өмір сүретін халықтар үшін көктемнің алғашқы күні «рақмет» сөзімен басталады. Осы ұлтаралық қатынасты нығайту мақсатында қазақ күтізбесіне енген «Алғыс айту» күні жыл сайын көктемнің алғашқы күні 1 наурызға белгіленіп және ол лайықты түрде аталып өтіліп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. 2016 жылдан бері тойланып келе жатқан бұл мерекенің негізгі мәні тар заманның алмағайып кезеңінде қазақ жеріне келіп, қоныстанып қалған өзге ұлт өкілдерінің қонақжай әрі құшағы кең халқымызға алғыс айтуымен құнды болмақ.
Негізі біздің ұлттық титулымызға келетін болсақ, қазақтардың ХІХ ғасырдың аяғында елімізде халық саны бойынша үлесі басым болған. Алайда ХХ ғасырдағы түрлі саяси оқиғалар мен шектен тыс озбырлықтар қазақ халқының санын әлдеқайда кемітіп жіберді. Әсіресе 30 жылдардағы аштық пен қазақ даласына тараған індет 1,5 миллиондай қазақтың өмірін жалмап кетті. Бұл сол кезде тіркелген ресми дерек. Шын мәнінде сол замандарда қазақ даласында аштан бұратылып әр жерде қалған қазақтардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Соның өзінде 1,5 миллион халықтың ешбір шарасыз ажал сағатын күтуі оңай нәрсе емес. Бұл ұлтымыз үшін үлкен қасірет. Дей тұрғанмен сол кездердегі өзге де саяси оқиғалар қазақ халқының көпұлтты және біртұтас ел болуына тікелей әсер етті. Соның ішінде ең өзектісі – Ресей империясының көші-қон саясаты. Осыны желеу етіп Орта Азия орыстары шоғырланған деревнялардан жері жоқ шаруалар қазақ жеріне қарай ағыла бастады. Бұл ашаршылыққа дейін болған жағдай-етін. Бұдан кейін ұжымдастыру саясаты қазақ жеріне 250 мыңдай шаруаның келуіне сеп болды. Осылайша артығы бар, кемі бар кешегі саяси репрессияның ызғары басылған тұстан бастап Ұлы Отан соғысы аяқталамын дегенше қазақ даласына ұзын саны 5 миллионнан асатын өзге ұлт өкілдері келіп қоныстанды. Одан кейін де тың игеру ұстанымы мұнда көшіп келушілердің кезекті толқынын жалғастырды.
Қазір елімізді әр елдің диаспораларынан құралған 130-дай түрлі ұлт өкілдері мекен етеді. Міне, осы өзге ұлт өкілдерінің қазақтың ортасына сіңісіп, біртұтас елге айналып кеткеніне де жарты ғасырдан астам уақыт болды. Уақытында сол өзге ұлт өкілдері қазақтың қонақжайлылығын сезінді. Қолында барды бөліп беретін мырзасы мен жатырқауды білмейтін көпшілді де сол өзге ұлттар қазақтан кездестірді. Сол бір шетсіз-шексіз құрметтің белгісі болса керек, түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір жандар күні бүгінге дейін қазаққа алғыс айтумен келеді. Мұның барлығы ұлтаралық қатынасты нығайтуға негізделген 1 Наурыз – Алғыс айту күнінің өмірге келуіне себеп болды. Еліміздегі әрбір этностың бастан кешкен тағдыры олардың діліне де әсер етіп, ортақ құндылықтар мен мұраттарды қалыптастырды. Осылайша алғыс айту күні түрлі мәдениет пен патриотизмнің мерекесіне айналды.
Иә, Алғыс айту күнінің негізгі мәні осылай. Дегенмен «ниетке найза бойламас». Осы бір мерейлі сәтті пайдаланып өзінің шын пейілімен жақындары мен жанашырларына Алғыс айтып жүрген жандар қаншама. Олардың арасында осы риясыз құрметтің түр-түрін кездестіруге болады. Өзін өмірге әкелгені үшін ата-анасына, алғаш қолына қалам ұстатып әріп танытқан ұстазына, қиын сәтте рухани және моральдық қолдау көрсеткен танысына немесе туысына, халыққа қызмет ететін өзге де саланың жанкешті мамандарына осы сәтті пайдаланып, Алғыс тілектерін жаудырып жатқан жандарды қоғамда көптеп кездестіресіз. Осының өзі осы бір мерекенің көркін ашып, шырайын келтіре түседі. Мұның барлығы қазақтай көреген халықтың құрметін байқатады емес пе?!
Қазіргі таңда еліміздегі білім ошақтарында Алғыс айту күнінде түрлі шаралар өтеді. Негізгі мақсат балаларды мейірімділікке, ұқыптылыққа, айналадағы адамдарға жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу болып саналады. Мектептерде өтіп жататын түрлі тақырыптағы символикалық атаулармен сынып сағаттары, патриоттық сабақтар ұйымдастырылады. Осы мереке қарсаңында өзге де танымдық мәдени шаралардың көптеп ұйымдастырылатынын ескерсек, еліміздегі осы мерекенің шын мәніне айрықша маңызға ие екенін байқау қиын емес. Ендеше мереке құтты болсын, қадірлі аралдықтар!
А. БИСЕНОВ

02 наурыз 2024 ж. 266 0