Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірімге толы жарқын мереке

Мейірімге толы жарқын мереке

Алғыс айту күні – мейірімділіктің, қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі. Өткен күнге зер салсақ, 1995 жылдың 1 наурызында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 2015 жылы Ассамблеяның 20 жылдығын мерекелеу аясында Елбасы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халық елге күштеп қоныстандырылған кезде шыдамдылық пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіретін күн деп жариялауды ұсынған болатын. Сөйтіп, қазақ халқы  Алғыс айту күнін 2016 жылы алғаш рет атап өтті. Содан бері бұл мереке қазақстандық патриотизмнің, береке-бірлік пен ынтымақтастықтың, достықтың мерекесі ретінде аталып келеді.
Кешегі қысталаң шақта қазақ халқы тағдырдың тәлкегімен елге еріксіз қоныс аударылған өзге ұлт өкілдеріне құшағын кең жайып, бауырына тартып, қамқор болды. Сол кездері өз күндерін әзер көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты, бір үзім нанымен бөлісті. Сол бір қиын кездері елімізге Беларусь, Ресей және Украинадан қаншама адам еріксіз қоныстанып, Қазақстанда орнығып, ауыр шақты халқымызбен бірге өткерді. Сондықтан Алғыс айту күнінің астарында өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқының кең пейілі мен мейірімділігіне ризашылық білдіруі жатыр.
Бұл аталған мереке жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, достық пен бауырмалдыққа баулу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, қазақтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, туыс, бауырдай болып кетті. Өйткені олар сол бір қиын жылдары тағдыр тәлкегімен туған жерлерінен үдере көшіп, елімізден пана тапты, халықтың мейіріміне бөленді, жылуын сезінді. Алғыс айту күні – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен теңдессіз қамқорлық пен мейірімділік, қонақжайлылық тәрізді рухани дәстүрлер күні болып қала береді.
Осындай рақмет айту, алғыс білдіру мерекесі басқа елдерде бар ма, болса олар бұл күнді қалай атап өтеді екен?  Мәселен, аңыздарда 1621 жылы Америка құр­лығын отарлаушылар аязды қыстың құрсауында қалып, аштыққа шалдығады. Сонда жер­гілікті үндістер қамқорлық таны­тып, бірнеше күркетауық әкеліп, оларды тамақтандырады. Сөйтіп, бұл қайырымдылық істі өзгелер де қолдап, дүйім жұрттың қытымыр қыстан аман-есен шығуына себепші болған деседі. Міне, сол кезден бастап америкалықтар аштықтан аман қалғандары үшін Жаратушыға құлшылық ету және қиналғанда қолдау-көмек көрсеткен жандарға алғыс білдіру күні ретінде аталып кетеді. Ал 1789 жылы Джордж Вашингтон ризашылық білдіру күнін «Ұлттық мереке» деп жариялайды.  Ал Израиль елінде мол астық бергені үшін Құдайға құлшылық етіп, ризашылық білдіретін "Астық ору" мерекесі бар. Вьетнам мен Қытайдың кейбір өңірлерінде 8-ші ай күнтізбесінің 15-ші күнінде ризашылық фестивалі өткізіледі. Бұл ел халқы жаңбыр жаудырып, мол астық жинауға жағдай жасаған Айдаһарға алғыс айтады екен. Осыған ұқсас мерекелер Барбадоста, Жапонияда, Беларусьте, бас­қа да көптеген елде бар көрінеді.
Сонда Алғыс айту күнін қазақ халқы ойлап таппаған, бұл бұрыннан бар үрдіс болып шықты. Бір ерекшелігі, аталған елдерде қолайлы табиғат құбылысы үшін табынатын болса, бізде солақай саясат салдарынан ауыртпашылыққа ұшыраған жандарға қамқорлық көрсеткен жұртқа алғыс айтып, сол қиындықтан бірге өт­кен халықтың бір-біріне алғаусыз пейілі мен сүйіспеншіліктерін білдіруге арналған.
Алғыс айту күнін қуғын-сүргінге ұшырап, аласапыран заманның тауқыметін тартқан жандардың, олардың ұрпағының кеңпейіл әрі кішіпейіл, қонақжай  қазақ халқына деген шынайы тағзымы деп ұғынамыз.
Бір сөзбен айтқанда, алғыс айту күні – адамдардың бір-бірімен достық, туыстық, жағымды қарым-қатынас орнатуға бір қадам жасауы. Алғыс айту күнінде араздасып қалғандар татуласып, бір-бірінен кешірім сұрап, айналасындағыларға алғыс айтулары керек. Өйткені кішпейіл, кешірімді болу, алғыс айта білу  халқымыздың бойына сіңген асыл қасиет. Сондықтан көктемнің алғашқы күнін бір-бірімізге алғыс айтудан, ризашылық білдіруден бастайық.
К.  МАХСҰТ 
01 наурыз 2022 ж. 463 0