Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс жүректен шығады, әр ел өзінше ұғады

Алғыс жүректен шығады, әр ел өзінше ұғады

2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елбасы бір жылдары халықтың түгелдей жер аударылғанын еске алған еді. «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халық түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді», – деді ол.Сондай-ақ Н.Назарбаев өзінің  отбасының да жер аударылғандарды қабылдап алғанын еске алды. «Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды – киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасыда өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым», – деді.
Осылайша Қазақстан халқы Ассам­блеясының құрылған күнінде – 1 наурыз – барлық ұлттың бір-біріне және осы адам­дарды қабылдаған, аяушылық біл­дір­ген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленді.
Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелейді.
Алғыс айту күні – бұл, ең алды­мен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақ­стан­дықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні. Бұл – тағдыр тәл­ке­гімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың мил­лион­даған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қо­нақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақ­станның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен ақкөңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.
Алғыс айту күні қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күні, себебі Елбасы 100-ден аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің біртұтас ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын атап өткен еді.
Әлем елдерінде де алғыс айту күні ерекше аталып өтіледі. АҚШ және Канада халқы Алғыс айту (Thanksgiving Day) күнін қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтетін көрінеді. Атаулы күн алғаш рет 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланған.
Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан, губернатор Уильям Брэдфорд қол астындағылардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Айналадағы басқа да көршілер бұл дәстүрді жылы қабылдап, қаһарлы қысты аман-есен өткереді. Рақмет айту күнінің басты нышандарының бірі – түйе тауық. Себебі ағылшындық колонистер мерекені алғаш тойлағанда орманда атылған төрт түйе тауықты жеген екен.
Кейіннен, яғни 1789 жылы Джордж Вашингтон Рақмет айту күнін «Ұлттық мереке» деп жариялаған. Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар ойлап табады. Қаладағы метроларда ерекше үстелдер орнатылып, адамдар ақша, азық-түліктерін қайырымдылыққа әкеліп қояды. ХVІІ ғасырдан келе жатқан әр түрлі киімдерді киген тұрғындар шеруге шығып, думанды кештер ұйымдастырады.
Қытайлықтардың да бұл мерекені атап өтуі ерекше. Қытайлықтар үшін алғыс айту мерекесі қыркүйек айының соңы мен қазанның ортасы болып есептеледі. Тіпті кейде мұны «күз ортасындағы фестиваль» деп те атайды. Жиын-терім маусымының аяқталғанына қуанып, олар қуаңшылық болдырмай, астықты жинап алғаны үшін Айдаһарға алғыс сезімін білдіреді. Қытайлықтар бұл мерекені отбасында ғана емес, тұтас деревня болып тойлайды. Балаларын әдемі киіндіріп, шеруге шығарады. Сосын кешкілік Айға қарап, келешек күннен жақсылықтың болуын тілейді.
Ал жапондықтар Алғыс айту күнін күзде, 23 қарашада салтанатты жағдайда атап өтеді. 1948 жылы екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, қалжыраған жапон билігі бүкіл бақ та, жақсылық пен дәулет те тек еңбек арқылы келетінін халыққа осылай ұғындырған. Сөйтіп күріш жиналған қара күздің 23 қарашасын «Еңбек күні» немесе Алғыс айту мерекесі деп жариялаған. Содан бері осы күні Күншығыс елінің тұрғындары 23 қарашада еңбектің құдіреттілігі туралы айтып, бір-біріне алғыс сезімін білдіреді.
Бірақ Алғыс айту күнін тұтас мемлекет емес, бір қала тұрғындары ғана тойлайтын елді мекендер бар. Мысалы, Голландияда Лейлан қаласы тұрғындарының бұл мерекеге құрметі ерекше. Себебі Америка жеріне алғаш аяқ басқандардың қатарында Лейлан қаласының байырғы тұрғындары да болған. Сондықтан ежелгі Америка жерін көріп келген Лейланның қарапайым тұрғындары осылай Алғыс айту күнін өз шаһарында да тұрақты өткізіп, дәстүрге айналдырып жіберді.
Міне, әр ел өзінше тойласа да, мұның мән-мағынасы, тағылым алар тәрбиесі жетерлік. Сондықтан бір-бірімізге алғыс айтып, құрметпен қарап жүргеннің артығы жоқ…
Дайындаған Н.Бақыран
29 ақпан 2020 ж. 1 290 0