Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Эхинококкоздан қалай сақтану керек?

Эхинококкоздан қалай сақтану керек?

Эхинококкоз барлық елде кездеседі. Ол – кішкентай дән көлемінен жаңа туылған шарананың басындай болып ұлғаятын сұйыққа толы дене.
Эхинококкозбен көбіне мал шаруашылығы саласында жұмыс істейтін, сондай-ақ жан-жануарларға күтім жасаумен айналысатын адамдар ауырып жатады. Эхинококкоз қой, ешкі, сиыр, шошқа, солтүстік бұғысы, ит, мысық, үй қояны, тышқандардың ішкі органдарында, көбінесе бауырда, өкпеде, бүйректе тіршілік етеді. Эхинококк иттің ішегінде де өмір сүреді. Осы жануарлардың жұмыртқалары немесе басқа мүшелері нәжіспен бөлініп, ауру жұқтырып, барлық жерді ластайды. Оның жұмыртқалары қоршаған ортада өмір сүруге өте төзімді келеді. Ол су және тамақ арқылы адам ішегіне де түседі. Содан барып ағзаның ең әлсіз тұсы – бауырға, өкпеге енеді.
Жұқпалы ауру жылдың ылғалды кезеңдерінде – күз, қыс, көктем айларында 3 айға дейін өз тіршілігін жоймайды. Ауру қоздырғышы негізінен ит, қасқыр, шибөрі, түлкіден тарайды. Иттің ауырып өлген өлексесінің қалдықтарын жегеннен де жұғады.
Иесіз иттердің көзін жою – эхинококкоздың алдын алу болып табылады. Міндетті түрде жылына 2-3 рет иттерді құрттарға қарсы дәрілеу қажет. Ол үшін өлген малдардың құрт ұясы орналасқан ағза мүшелерін терең шұңқырларға көміп немесе өртеп жіберген дұрыс. Ал, үй жануарларына келсек, иттерді аулаға байлап, нәжістерін өртеп, жыл сайын мал дәрігерлеріне тексертіп тұру керек. Сондай-ақ, оларды паразитке қарсы дәрілеу арқылы құрттардан тазартып тұрған абзал.
Адамдарға ауру сол төрт түліктен жұғады. Асқазан ішегіне түскен эхинококк жұмыртқасы қан тамырына өтіп, қан арқылы бауырды, өкпені тағы басқа ішек жолдарын зақымдайды. Мәселен, бауыр зақымданған жағдайда науқастың оң жақ бүйірі шаншып ауырады. Ал, эхинококк өкпеге түскен жағдайда адамда ентігу, жөтелу, қан түкіру пайда болады. Егер бұлар асқынса, оның соңы адам өліміне әкеледі. Оның жалғыз ғана емдеу жолы бар. Эхинококкоз тек операцияның көмегімен алынып тасталады.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық Сэбб басшысы

Фото: ​gov.kz​​​
06 наурыз 2024 ж. 268 0