Эхинококкоз ауруынан сақтанайық
Эхинококкоз ауруы – адам ағзасына ұзынша құрт –эхинококктың ұрасы өтіп,оның өсіп-өнуінен пайда болады.
Эхинококк ит, мысық, қасқыр , түлкінің ащы ішегінде пайда болады, ащы ішекте әбден есейгенше өседі. Адам мен хайуанатта (ірі қара мал, қой, ешкі, шошқа , жылқы,түйе, т.б) эхинококктар ұралық формада кездеседі.
Эхинококкоздың мыңдаған ұрығын аулаға, су қоймасына, жайылым мен бақшаға көбіне ит таратады. Ол ұрықтар шөптер мен су арқылы малға жұғады. Өлген малдардың етін, үйде сойылған малдардың эхинококк құрт ұясы орналасқан ағза мүшелерін (өкпе , бауыр) жеу арқылы ит ауырады. Сонымен малдардың иттің ішек-қарында әбден өсіп-өніп жетілген құрттар нәжіспен бірге, кейде өздері сыртқа шығады да, тіміскелеп жүрген иттің тұмсығына, денесіне жұғады. Иттерді еркелетіп ойнатқан кезде кеселдің ұрығы адамның қолына жұғады, ол арқылы ауызға түседі, біреумен амандасқан кезде екінші адамға ауысады, заттарды ұстаған кезде соларға көшеді. Адам эхинококкоз дертіне онымен ластанып жүрген ит қауып алған кезде де, сондай-ақ жуылмаған көкөніс, жеміс-жидектерді пайдаланғанда, паразит ұрығымен ластанған суды ішкен кезде де адам ауруға душар болады.
Жануарлар, не адам жұқтырған эхинококк ұрығы ішке барған соң өзінің сырт қабығынан ажырайды да, ішектің қабырғасына қадалады, содан кейін қан айналымына немесе лимфаға ілесіп басқа ағзаларға (көбіне бауыр мен өкпеге) өтіп, қуық формасына-эхинококк қуығына айналады. Өсе бастаған эхинококк қуығы маңындағы тканьдерді жаншып қыса бастайды. Эхинококк құрты өте жәй өсетіндігі салдарынан сырқат белгілері біртіндеп білінеді, ауру бірнеше жылға созылады. Эхинококкоз-адам үшін өте қауіпті сырқат , оны әзірге тек ота жасау жолмен ғана емделеді.
Аурудан сақтану үшін жеке бас тазалығын қатаң сақтау қажет.
Итті үйге кіргізбеу, азық-түлік тұрған жерді иіскетпеу керек, балалардың итпен, мысықпен абайлап ойнауын ескерткен жөн. Сондай-ақ шикі көкөніс пен жеміс–жидектерді қайнаған сумен шайып алған абзал. Сойылған малдардың керексіз органдарын ретсіз жерлерге тастамай, эхинококк сұйықтық орналасқан ағза мүшелерін итке жегізбей терең шұңқырға көміп, залалсыздандырып немесе өртеп жіберу керек. Аулада ұстаған иттерді мал дәрігерге көрсетіп эхинококк құртына қарсы дәрі беру арқылы құрттардан тазартып тұру қажет.
Мал шаруашылықтармен айналысатын адамдар, мал соятын пункттердің жұмысшылары, ветеринария мамандары, ет сатушылар жылына бір рет зертханалық тексеруден өтуі қажет. Эхинококкоз сырқатына қарсы күресу үшін шаруашылыққа пайдасы тимейтін бұралқы иттерді жою қажет . Балабақша мен мектептерде ит ұстауға , тіпті күзетші ит ұстауға рұқсат етілмейді.
Өмір негізі-денсаулық, денсаулық негізі-тазалық екенін әрқашан жадыңызда ұстағаныңыз абзал!
К. Жалмағамбетова,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқарма басшысының бас маманы