Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ырыс алды ынтымақ

Ырыс алды ынтымақ

Наурызнама онкүндігі билығы жылдан бастап еліміз үшін ең айтулы күндер ретінде атап өтіліп жатыр. Сол түрлі мейрам күндерінің арасындағы ең айтулы да ерекше күннің бірі – Ынтымақ күні. Иә, бұл күн қазақ тарихынан бастап орын алған маңызды оқиғалар мен ұлттық жетістіктерді еске алу күні. Сондай-ақ елімізде тұратын ұлт пен ұлыс өкілдерін ауызбіршілікке, татулыққа шақыратын бірден-бір мейрам.
Осыған байланысты ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жоладуында: «Берік бірліктің арқасында біз тәуелсіздігімізді нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасадық. Біздің ұстанымымыз: «Ұлт бірлігі – оның алуан түрлілігінде!». Біз еліміздегі барлық этникалық топтардың тілдері мен мәдениетін дамыту үшін жағдай жасауды жалғастырамыз» деген болатын.
Жалпы, елімізде 124-тен аса ұлт өкілі тұрады екен. Бәріміз білетіндей олардың басым бөлігі орыстар болса, одан кейін өзбек, украин, ұйғыр секілді ұлт өкілдері де аз емес. Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде гагауз, лезгин, құмық, авар секілді этнос өкілдері де бар. Осы ретте қаладағы №13 орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, молдован ұлтының өкілі Виктор Чумаш ағай өз пікірін білдірген болатын:
– Ынтымақ күні – біздің халықтар арасындағы бейбітшілік, махаббат пен достық мерекесі. Біздің еліміздің шаңырағының астында түрлі этнос өкілдері жиналған, олар қазақ халқының қонақжайлылығы мен мейірімділігінің арқасында бейбіт аспан астында тату-тәтті өмір сүреді. Көптеген халық Қазақстанға олар үшін қиын жылдары, негізінен жаппай депортациялауға байланысты қоныс аударған. Қазақ халқы өз жағдайы мүшкіл екеніне қарамастан, барлық жанды жылы құшақпен қарсы алып, жылулығын төкті. Келушілер мұны бағалады және барлық күштерін, білімдері мен тәжірибелерін өздері паналаған елге берді. Қиын уақытта қазақтардың басқа халықтарға көмегі мен риясыз қолдауы ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздік түріндегі тағдырдың алғысына айналды. Қазақстанның «достық мекені» деп аталуы бекер емес. Және әлемнің көптеген мемлекеттері бізден бейбітшілік пен келісімде өмір сүруді үйреніп, үлгі алып келеді.
Жақсылық ұмытылмайды, адамдар оны әрдайым есте сақтайды. Ұлттар достығы елімізді қуатты етеді. Ал біз үшін ортақ шаңырақ астында бейбіт өмір сүруден асқан жақсылық жоқ.
Наурызнама онкүндігінде ұйымдастырылатын шаралар еліміздің тарихына құрмет, болашағына сеніммен қарауға және халықтар достығы мен олардың арасындағы сенімді нығайтуға бастар жол.
Г.САҚТАПОВА

www.muftyat.kz
23 наурыз 2024 ж. 336 0