Дін жанашыры Тәжімбет мақсым

Аймағанбетұлы Тәжімбет мақсым 1872 жылы Арал ауданы, 10 ауылға қарасты Қарашалаң колхозы жанындағы Кеңтүбек жерінде дүниеге келген. Әкесі зерек ұлын діни білімін жетілдіру үшін Бұхара қаласындағы «Көгілташ» медресесіне аттандырған. Діни оқу орынын үздік аяқтап келген соң, ел болып Бөген ауылынан 10 км жердегі «Батпақты» түбегіне мешіт, медресе салып береді. Мешіт Арал өңірі халқына Ислам дінінің шапағатын шашқан, имандылық пен адамгершіліктің ізгі жолына шақырып, халқын ардақтайтын азаматтарды тәрбиелесе, үздіктері Әйтіш, Қоспай ишан, Жұмахмет, Бектұрған, Бижан және тағы басқа молдалар қасиетті жолға түсіп, өз үлестерін қосқан. Кейін зобалаң уақытында Тәжімбет мақсым 1930 жылы Кеңес Үкіметіне қарсы Асан көтерілісіне қатысты деген желеумен мал-мүлкі тәркіленген. 1931 жылы контрреволюциялық әрекеті үшін деп 5 жылға концлагерге, 2 жылға сайлау-сайлану құқығын жоюға сотталған.
1937 жылы 1 қазанда Уфа қаласындағы мұсылмандардың ІІІ съезіне делегат жіберді, колхозшылар арасында өкіметке қарсы үгіт жүргізді деп Арал аудандық НКВД бөлімі тұтқындап, 14қазан күні айыптау қортындысымен Ақтөбе қаласына жөнелткен. 19 қазанда Ақтөбе облыстық НКВД Басқармасы жанындағы «Үштік» ату жазасын бекіткен. 29 қазанда қаладан 25 км жердегі «Жұтпа» сайларының бірінде үкім орындалған.
1989 жылы Тәжімбет мақсым кінәсіздігі анықталып, толық ақталды. 1995 жылы қаңтар айында Бөген елді мекені тұрғындарының қалауымен, аудан және облыс діни мекемелерінің қолдауымен «Тәжімбет» мұсылмандар мешіті ашылды. Ашылғаннан бері З.Жұмахмет, А.Алтынсариев, Н.Әбжәмиев молдалық қызмет етсе, қазіргі таңда туған немересі Ә.Тәжімбетов қызмет етіп келеді.
Қ.Қабылғазиев,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы