Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шектеу жазасы бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылды

Шектеу жазасы бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылды

Арал аудандық сотында аудандық пробация қызметі бөлімінің сотталған Ш-ның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысы қаралды.
Іс құжаттарына сәйкес, Ш. Арал аудандық сотының 2022 жылғы 19 сәуірдегі үкімімен ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 2,3 тармақтарында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеусіз, түпкілікті 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Қызылорда қаласының №2 сотының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен ҚК-нің 73-бабына сәйкес, жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түрі бас бостандығынан шектеу жазасымен ауыстырылған.
Алайда, сотталған Ш. бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын, міндеттерін біле тұра, жазаны өтеу тәртібін бұзған. Атап айтқанда, оған аудандық пробация қызметіне тіркелуге дәлелсіз себептермен үш рет келмегені үшін және екі мәрте тұрғылықты мекен жайында болмауына, сондай-ақ екі рет әкімшілік жазаға тартылуына байланысты, «бас бостандығын шектеудің бас бостандығынан айырумен ауыстырылуы мүмкін екендігі туралы бес рет «ескерту» түріндегі жазалау шарасы берілген.
Бұл мән-жайлар сотталған Ш-ның түсініктерімен және жинақталған іс құжаттарымен дәлелденген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 44-бабының 3-бөлігіне сай, бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудiң бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Осыған орай, сот қаулысымен пробация қызметі бөлімінің сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі 2 жыл 24 күн мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысы қанағаттандырылды.

Арал аудандық соты
Сурет: ашық дереккөз 
05 сәуір 2024 ж. 309 0