Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қателіктің құны

Қателіктің құны

Жақында белгілі журналист, жерлесіміз, аудан айнасы «Толқын» газетінде біраз жыл редактор-директор болған, бүгінде Тараз қаласында тұратын Шымкентбай Жылмағанбетов өзінің «Қателіктің құны» деп аталатын әңгімелер жинағын Жәкеңе өткеннен естелік ретінде ұсынамын» - деп қолтаңбасын қойып, жиенімнен беріп жіберіпті. Және де «тағы бір кітабым баспадан шығады, оны да беріп жіберемін» деп сәлемдеме айтыпты. Елеп, ескеріп, құрметтегеніне рақметімді айтып, қатты риза болып қалдым. Жалпы Шымкентбаймен бұрыннан да таныс-біліс, жолдастығымызды қосқанда, ағайыншылығымыз да бар еді. Ол менің Таразда тұратын жиенімнің бажасы әрі құдағайымның жақын інісі. Ағайынның той-томалағында дастархан басында жиі кездесіп, қауқылдасып қалатынбыз.
Кітапты басынан оқығаннан аяғынан бір-ақ шықтым. Тілі тартымды, сөз пайдалануы, сөйлем құраулары қарапайым әрі қызықты екен. Сонау бір жылдары заманымыздың заңғар жазушысы, жерлесіміз Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамызға кездесу кезінде бір оқырман:
– Әбеке, сіздің шығармаларыңызда түсініксіз сөздер, сөйлемдер бар деп сынайтындар кездеседі, бұған не дейсіз, - дегенде Әбекең:
– Менің тілім – Аралдың тілі, Аралым түсінсе болды, басқасы мені қызықтырмайды, – деген еді. Шымкентбайдың тілі де сол Аралдың тілі, қарапайым да жатық, қазақтың қара сөзі. «Қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали жырлағандай, айырмашылығы проза. Кітаптың және бір ерекшелігі – күнделікті өмірде, әсіресе қазіргі қазақ қоғамында әрқайсымыздың басымызда кездесетін, бірақ оны байқай бермейтін оқиғаларды жеріне жеткізе суреттеуі.
Мәселен, «Құлдар» деген әңгімесіндегі Жәмила қарапайым отбасынан шыққан тәрбиелі, мінезі жұмсақ, жүрегі таза, көңілі пәк адал қыз. Бірақ өмірге қадам баспай жатып айналасындағылардан зорлық-зомбылық, қатігездік көреді. Жас өмірі тас-талқан болады. Ақыр соңында солардан өшімді аламын, кек қайтарамын деп жүріп, өзінің де олардан да өткен қатыгез, жауыз болып кеткенін байқамай қалады. Немесе «Махаббат кегі» деген әңгімесінде Арман деген жігіт тентек, сотқар болып өседі. Асырап алған өгей әке-шешесін тыңдамайды.Олар бұған қаншалықты жақсылықты үйіп-төксе де үміттерін ақтамайды. Тәртіпсіз, саяқ жүрген балалардан тонаушы бандылар тобын құрып, өзі соны басқарады. Адам өлтірмесе де талай адамдарға зәбір-жапа, зорлық-зомбылық көрсетеді. Арманды бұдан тек Жайна деген қыз ғана құтқарады. Достықпен басталған байланыс үлкен махаббатқа ұласады. Жайна Арманға барлық жақсылықты үйретіп дұрыс жолға салады. Арман тәрбиелі адамға айналады. Бұған әке-шешесі барынша қуанып, өткенінің бәрін ұмытады. Бірақ Арманға бұрыннан өштесіп жүргендер оған әлі келмейтін болғасын, ұйымдасқан түрде жоспар құрып, сүйген қызы Жайнаны аса қатыгездікпен өлтіріп кетеді. Бұған төзе алмаған Арман оларды біртіндеп өлтіріп, өзі де Жайнаның моласының басына барып, әке-шешесінен кешірім сұрап хат жазып, өзіне-өзі қол салып өледі.Тағы бір «Жарты миллион теңге» деген әңгімесінде Сабира деген әйел құрбысы Гүлнәрға өтініп сұрап тұрғасын қарызға жарты миллион теңге береді. Ал құрбысы оны қайтарғысы келмей Сәбираны өлтіруге дейін барады. Ал «Ақ тілектің жеңісі» деген әңгімесінде бұған керісінше адамдардың бір-біріне деген сенімі, адалдығы, жанашырлығы қандай қиыншылық болса да жеңіп шығатынын көркем түрде шеберлікпен суреттеген. Жалпы қатыгездіктің құнындағы әңгімелердің барлығы да адам психологиясына, әсіресе тәрбие мәселелеріне арналып, адамдар арасында болатын жаманды-жақсылықты жағдайаттарды сөз ете отырып, адал адам, қоғам, ұлт құндылықтарын алға шығарған. Бұл мәселелер Атырауда өткен ұлттық құрылтайда да кеңінен қозғалды. Осы тұрғыдан алғанда кітаптың актуалдылығы көрініп тұр.
Кітапты оқығанда детектив жанрындағы шығармаларды оқығандай әсер аласың, бірақ олай емес, өйткені сот, прокуратура, полиция өкілдерінің іс-әрекеттері жоқ. Кітаптың тағы бір ерекшелігі әдетте проза саласындағы жазушылар осындай кітаптарына бір әңгімесінің, не повесінің атын қояды. Ал, автордың бұл кітабында «Қателіктің құны» деген әңгіме жоқ, яғни барлық әңгімелеріне ортақ бір-ақ тақырып алған. Бір әттеген-айы кітаптың тиражы аздау, 500 дана ғана. Бұл оқырманға аздық ететін сияқты. Қаржыға тірелгені көрініп тұр. Сөз соңында Шымкентбайға шығармашылық табыс тілеп, қаламы ұштала берсін дейміз.
Ж. ТӨРЕБЕКОВ,
Арал қаласы
06 сәуір 2024 ж. 195 0