Аралдан шыққан өнерлі отбасы
Бірлік пен береке. Татулық пен сыйластық. Міне, бақытты отбасының басты сыры – осы. Мәңгілік елдің іргесін қалаушылар да осы отбасы емес пе? Әрине, үйлену, отбасын құру шыдамдылықты қажет етеді. Ал қашанда ел назарында жүретін танымал отбасы болу одан да қиынырақ. Дегенмен елімізде ел аузында жүрсе де «үлгілі отбасы» статусын алып, сонымен бірге қарапайым қалпын сақтаған, өнерлі жандар қаншама. Ондай отбасыларға бізде кенде емеспіз. Солардың бірі – ауданымыздан шыққан Махамбетовтер отбасы. Бүгінде аудан, облыс қана емес республикаға танымал отбасының отағасы Ғалым Махамбетовпен емен-жарқын сұхбат жүргізген едік...
– Сәлеметсіз бе, Ғалым аға! Сұхбатымыз қасиетті Рамазан айының соңғы күндеріне сәйкес келген екен. Ниетіңіз қабыл болсын! Сізге алғашқы сұрағым отбасы тақырыбында болмақ. Өзіңіздің Арал қаласының тумасы екеніңізді бәріміз білеміз. Ал ата-анаңыз, жалпы ата-тегіңіз осы Арал ауданынан ба?
– Қайырлы күн, рақмет! Иә, әке-анам да, ата-әжем де, нағашыларым да Аралдың тумалары. Өзім де Арал қаласында дүниеге келгем. Руым – Кіші жүз, Әлім. Жалпы өзімді сырттағы ақұдайлармен кездесіп-танысқанда «чисто кровный Ақұдаймын» деп таныстырамын.
– Өзіңізді алғаш «Жайдарман» ойындарынан бастап танимыз. «Арал-Ас» командасы, «Гәлөк» есімдері халық жадында. Бұл өнеріңіз қай жастан бастау алған? Әзілге жастайыңыздан жақын болдыңыз ба?
– Өзімбалалық шағымнан өте белсенді болдым. Дегенмен негізі бәріміз білетін «Оқушылар үйінің» әсері көп болды. Оқушы кезімде «Жас эколог» үйірмесіне қатысатынмын. Бізбен бірге «Армандастар» клубы да бар болатын. Бірде сол клубтың ұйымдастыруымен жайдарман ойыны ұйымдастырылып, алғаш «Перваштар» командасы болып өнер көрсетіп, жеңіске жеткенбіз. Кейін бұл ойымды мектептегі мұғалімдеріме айтып, ұсыныс тастадым. Ол кісі бірден қабыл алып, «Ыржи» командасы болып тағы да 1 орын алдық. Аудан көлемінде сайысқа түскенде бәрімізге таныс досым Даниярлармен таныстым. Мектеп бітіріп, мамандық таңдау сәтінде ойым әп-сәтте өзгеріп, өнер жолына түскім келді. Содан «Арал-АС» командасы құрылып, досым Төребек команда басшысы болып сайланып, республикалық «Жайдарман» ойындарына келдік. Кейінгі жеткен жетістіктеріміз берік достығымыздың, ауызбіршілікпен атқарған еңбегіміздің жемісі деп білемін.
– Қазіргі таңда «өнерлі отбасы» ретінде көпшілікке танымалсыздар. Шаңырағыңыз туралы кеңінен тоқтала кетсек...
– Отбасым жоғарыда айтқанымдай, Арал қаласының тумалары. Қазірде Аралда тұрады. Өзім үйдің үлкен баласымын. Ізімнен ерген 3 інім бар. Негізінен қарапайым отбасымыз. Басқа отбасы мүшелерінің өнерге қатысы жоқ.Өзім отбасын құрғанмын. Келіншегім де Арал қаласынан. Есімі – Әсия. 6 баланың әкесімін. Қазір отбасылық жағдайға, жұмыстың ретіне қарай Астана қаласында тұрып жатырмыз. Өнерге келсек, өзім осы әзілмен танылып, соның арқасында отбасымды асырап жатырмын. Үлкен ұлымыз Расулды көпшілік таниды. Кішкентай кезінен «Балапан» арнасының бірнеше жобасына қатысқан, қазір де қатысуда. Жақында толықметражды фильмге түсті. Асып-тасып бара жатқан «жұлдыз» отбасы емеспіз. Қарапайымдылыққа, халықтың батасына жететін ештеңе жоқ деп есептеймін.
– Жаңа өзіңіз айтқандай, балаларыңыз ізіңізді қуып келе жатыр десек болады. Бұл балалардың өз таңдауы ма немесе сіздердің ықпалдарыңыздан қабылданған шешім бе?
– Әуел бастан балаларымды өнер жолына бағыттаймын деген ойым болмаған. Расулға әлеуметтік желіні өзінің балалық естеліктері үшін ашқанбыз. Өзі ашық, белсенді бала болғандықтан, «бала тілі – бал» дегендей, түрлі қызықты қылықтарын шығара бастады. Сол сәтте видеоға түсіріп отыратынбыз. Кейіннен алғаш «Күлдір-бүлдір» мини-сериалынан ұсыныс түсті. Мен қабыл алдым. Осылай бастауын алған. Кейінгі балаларым да әкесіне, ағасына қарап, оның үстіне белсенділік мінезден келетіндіктен осы жолда жүр. Баланың икемі болса, таланты болса өнердің шыңына шыққанның зияны жоқ деп ойлаймын. Егер болашақта ойлары өзгеріп, басқа маман иесі болам десе де қарсылығым жоқ. Бәрі өздерінің таңдауы болғанын құптаймын.
– Келіншегіңіз Әсия ханым да шағын блогер ретінде ел арасында біраз танымал. Ата-ананың бірдей блогер болуы отбасында қиындық тудырмайды ма?
– Бастысы блогерлік 24\7 жасайтын жұмыс емес. Иә, ұялы телефонмен жұмыс жасап, түрлі арнайы видео түсіретін кездер болады. Бірақ жұбайым мемлекеттік жұмыс жасамайтындықтан барлық уақытта үйде десем болады.Өзім қазір көп уақытымда балаларыммен бірге түсірілімге көп барамын. Қалған уақытты барынша отбасыммен бірге болуға, балалардың тәрбиесіне, сабақтарына, кішкентай қыздарыммен ойнап, көңіл бөлуге, жалпы әкелік міндетіме арнаймын. Балалар тез есейеді, сондықтан ол өте маңызды шаруа. Сонымен бірге барынша жұбайыма да уақыт табуға тырысамын.
– Көпбалалы, жарасымды жанұя ретінде отбасының басты құндылығы, қағидасы неде деп ойлайсыз?
– Отбасында ең басты құндылық − иман. Екіншіден, сыйластық, бірін-бірі түсіну. Әке баланы, бала әкені, отағасы жарын, отанасы ерін түсініп тұрса «шағын мемлекетте» ешқандай қиындық болмайды. Сенімділікпен бірге құрған мақсат, үміт отбасы бірлігін нығайта түседі. Осы құндылықты, қағиданы берік ұстанған отбасының үлкендері ақылшы, балалары да бақытты болатыны сөзсіз.
– Болашаққа жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Алда қандай шығармашылық туындылар, жобалар күтеміз?
– Алда жоспар өте көп. Көбісі балалардың шығармашылығы. Солардың телевизиялық жобалары. Бұйырса, алда бәріне өздеріңіз куә боласыздар. Олардың барлығын айта беру маңызды емес деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет! Отбасыңызға амандық, шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Г. САҚТАПОВА