Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасын қолдау орталығы халық игілігі үшін

Отбасын қолдау орталығы халық игілігі үшін

Қашан да ел іргетасы отбасынан басталады. Тұрғыны көп, отбасы жоқ елдің ертеңі де күнгірт болмақ. Ал шаңырағы берік отбасының құпиясы ақылшы ата-әже мен сырлас жұбайлар және ізгі бала. Бүгінде көптеген отбасы шаңырағы осы үштағанның дұрыс болмауынан шайқалып жатыр. Осы ретте өткен жылдан бастап ауданымызда Отбасын қолдау орталығы ашылған болатын.
2023 жылдың 11 сәуірінде «Арал аудандық отбасын қолдау орталығы» мекемесі құрылып, өз жұмысын бастады. Негізгі міндеті қиын өмірлік жағдайларға тап болған отбасыларды, оның мүшелерін қолдап, оларға кешенді қызмет түрін ұсынатын мекемеде атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік.
Оның ішінде «E-GOV» үкіметтік порталы арқылы өткен жылы жер телімін алуға 3 адамға, балабақша кезегіне қоюға 5 адамға көмек көрсетілсе, жыл басынан бері тағы 2 адамға осы қызметтер бойынша жәрдем етілді.
Әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстары да бұл мекеменің жұмыс жоспарынан тыс қалған емес. Мүгедектігі бар адамды аблитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 2023 жылы 545 жанға қызмет көрсетілсе, биыл 359 қызмет алушыға тапсырыс беруге көмек көрсетілді.
Сонымен қатар отбасын қолдау орталығында әлеуметтік тұрмысы төмен жандарға арналған тегін курстар жұмыс жасап келеді. 2023 жылы орталыққа 93 адам өтініш жасап, 42 жан сертификат алып шықса, жыл басынан бері 44 адам өтініш білдіріп, 6 адам оқу сертификатын алды. Олардың ішінде жалпы тігінші маманы – 13, шаштараз – 10, маникюр шебері –14, массажист маман – 14, ұсақ моншақтармен жұмыс курсын 6 адам және жаңадан қосылған арт-терапия бойынша 1 адам оқыды. Қазіргі таңда курс бітірушілермен бірлесе жұмыс жасалып, кәсіп ашу мақсатында мемлекеттік қайтарымсыз грант алу үшін «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқу оқытылып, сертификат алуға жәрдемдесу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Орталықта логопед, психолог мамандар және спорт секциялары, белсенді ұзақ өмір сүру терпиясынан қызмет алушылар да толастар емес. Орталық ашылған сәттен логопед маманнан 17 бала, психолог маманнан 17 бала көмек алған. Олардың жағдайы қалыпты өмірге қалыптасып, өзіне сенімділігі арта түсті деуге болады.
Ал спорттық секция бойынша теннис спорты түрінен 12 адам, шахмат, дойбы ойындарынан 11 адам, тренажерлық жаттығу құралдарымен 19 адам, белсенді ұзақ өмір сүру терапиясы бойынша 3 адам қызмет алған болатын. Соның нәтижесінде өткен жылдың қазан айында мүгедектігі бар адамдар күніне орай ұйымдастырылған облыстық спартакиадаға ауданнан 4 спортшы қатысып, шеңбер ілуден Бижанова Ләззат топ бастап
І орын, доп лақтыру сайысы бойынша Жанділдаев Еркін жүлделі ІІІ орын иеленді.
Сонымен қатар қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау және оларды қоғамға бейімдеу мақсатында орталық тарапынан өткен жылы барлығы 57 іс-шара өткізілсе, биыл жыл басынан бері 36 шара ұйымдастырылған болатын.
Иә, әрбір отбасын қолдау, оларға қиын шақта көмек көрсету – ел болам деген елдің басты міндеті. Бақытты отбасы – жарқын болашақтың кепілі. Бұл аудан көлеміндегі жұмыстар бар болғаны 1 жылдың ішінде атқарылған. Алдағы уақытта Отбасын қолдау орталығының көрсетер көмегі, қоғамға тигізер пайдасы мұнымен тоқтап қалмақ емес.
Г. САҚТАПОВА
09 сәуір 2024 ж. 322 0