Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Отбасын қолдау – елді қолдау

Отбасын қолдау – елді қолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақсатында Арал қаласында «Отбасын қолдау» орталығы ашылып, қызмет көрсетуде. Мейірім азайып, қамқорлық көрсетуден алыстап бара жатқан бүгінгі қоғамның қасіретіне айналған тұрмысы төмен, психологиялық тұрғыдан әлсіз отбасылар мен адамдардың, оның ішінде балалардың бар болуы және олардың санының жыл санап артып бара жатқаны кім-кімді де алаңдатады. Ендеше осындай санатқа жатқызылған немесе аталған орталықтың көмегіне мұқтаж жандар хабардар болсын деген ниетпен «Отбасын қолдау орталығының» директоры Әділжан Өтегеновпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Әділжан Жеткергенұлы, «Отбасын қолдау» орталығы туралы қысқаша айтып өтсеңіз...
– «Арал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің «Арал аудандық отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру туралы Арал ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 11 сәуірдегі №57-қ қаулысымен жаңадан отбасын қолдау орталығы құрылған болатын. Орталықта 17 қызметкер еңбек етуде. Ғимарат қала аумағындағы Ш.Уәлиханов тұйығының бойында №2а ғимаратында орналасқан. Аптасына бес күн сағат 9.00-19.00 аралығында қызмет көрсетеді. Мамандар тұрғындарды қабылдап, тегін кеңес береді. Сондай-ақ кеңесті +7 72433 2-65-98 телефонына хабарласу арқылы алуға болады. Айта кетерлігі, жаңа мекеме халық үшін қажетті қызмет көрсетеді.
– Өзіңіз басқарып отырған орталық аталған мақсатқа қол жеткізу үшін қандай қызмет түрлерін ұсынады?
– Біздің орталық ұсынатын қызмет түрлері аз емес және олардың көбі, әсіресе қазіргі кезде өте маңызды мәселелер санатына жататын әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға қатысты. Орталықтың басты бағыты – әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, аз қамтылған отбасы мүшелеріне ақпараттық-кеңестік және ресурстық қолдау көрсету болып табылатындықтан, орталық қызметінің бірнеше мақсаты бар. Атап айтар болсақ, олар: зорлық-зомбылық көрген отбасыларға жәрдемдесу; мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік порталда жұмыс жасау үшін өз-өзіне қызмет көрсетуге жәрдемдесу; ардагерлерге қызмет көрсету. Сонымен қатар психолог-логопед маманының қабылдауында болып және психологиялық, әлеуметтік және құқықтық кеңестер алуға да болады. Кәсіптік бағыт-бағдар беретін қысқа мерзімді тігін, массаж, шаштараз, маникюр және ұсақ моншақтар үйрету курстарын ұйымдастыру және тағы басқа қажетті сұраныстарға байланысты қызметтер көрсету арқылы қорғауды және көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
– Аңғарғанымыздай, жұмыс барысында өте маңызды әлеуметтік мәселелерді қамтиды екенсіздер. Тұрғындардың азаматтық, мүліктік және өзге де құқықтарын қайта қалпына келтіру мәселелерін шешу үшін қандай шараларды қолға алдыңыздар?
– Әрине құрылғанымызға көп болған жоқ.Сондықтан көптеген істерді атқарып тастадық дей алмаймыз. Дегенмен, қазір осы мақсатта орталық аудан аумағындағы тұрғындарға ішкі істер бөлімімен, оқу орындарымен, аудандық ауруханамен, білім бөлімімен, қала, кент, ауылдық округ әкімдерімен және аудан әкімдігіне қарасты бөлімдермен бірге өмірде қиын жағдайға тап болған немесе оның туындау қауіп-қатері бар отбасыларды анықтап, тиісті қызмет көрсетудеміз. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне, осал топтағы азаматтардың жеке қабілеттері, дағдыларын ескеріп, жұмыс іздеулері мен жұмысқа орналасуларына ықпал етеміз.
– Жалпы сіздердің көмектеріңізге жүгінетіндер көп пе? Бүгінгі күні нақты қандай статистиканы ұсына аласыз?
– Өкінішке қарай біздің қызметке жүгінетіндер саны көбеймесе азаймайды. Өйткені тұрмыс тау¬қыметін тартқандар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендердің дені алдымен орталықтың қызметіне жүгінеді. Жыл басынан бері қиын өмірлік жағдайға тап болған 287 адам (отбасылар) анықталып, осы отбасыларға жан-жақты көмек түрлері бойынша жұмыс жасалып келеді. EGOV web-порталы арқылы өтініштер беру бойынша көмек көрсетіледі. Атап айтар болсақ, оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша 265 адамға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке – 43 отбасыға (172 адам), тұрғын үй көмегіне – 9 адамға, жер телімін алуға – 5 адамға, балабақшаға кезекке қою – 6 адамға қызмет көрсетілді. Одан бөлек аудан бойынша 522 отбасыға 5646,5 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмектер көрсетілді. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында айтулы күндері керемет көңіл-күй сыйлау мақсатында мерекелік 9 іс-шара өткізілді.
– Бүгінде аудан бойынша тұрмыстық қиын жағдайға тап болған 287 отбасы бар екен. Яғни, орталықтың қызметіне осынша адам тәуелді дегенді білдіреді ғой...
– Айта кетерлігі, орталық қызметіне жүгінетін адамдар да осы қоғамның нақты мүшесі болғандықтан оларға барынша адамгершілікпен, түсіністікпен қарау керек. Сондықтан мұндай жағдайға тап болған ересектер мен балаларды, тіпті бүтін отбасын осы қоғамдық орталарға қайта бейімдеп, оларға психологиялық тұрғыда қолдау білдіріп, аяғына тұрып кетуіне барлығымыз қолдан келгенше көмек көрсетсек құба-құп болар еді. Өйткені өмірден өз орнын таба алмаған адамдардың тұрмыстық қылмыстарды жасауға деген бейімділігі де өте жоғары болатыны белгілі. Сондықтан оларды қатарға қосуға қоғам болып атсалысуымыз керек деп есептеймін.
– Маңызды сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан К. МАХСҰТ 
29 шілде 2023 ж. 5 324 0