Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2000 гектар жерге егін егілмек

2000 гектар жерге егін егілмек

Соңғы жылдары Арал ауданында егін шаруашылығы айтарлықтай қарқынды дамып келеді. Ерте көктемнен бастау алатын дала жұмыстары да өз уақытында тыңғылықты атқарылып, нәтижесінде қамбамыз дәнге толуда. Бұрын егіншілікті бірең-сараң ауылдар ғана тіршілік көзіне айналдырған еді. Бірақ қайбір жылғы елді есеңгіреткен қуаңшылық, аталған саланы адымды алға бастырудың қажеттігін айқындап берді. Және бұл ішкі қажеттілікті толық өтеп, бағаны тұрақты сақтауға да таптырмас тәжірибе болды. Биылғы жылы да диқаншы қауым қыр басында қауырт тіршілікке кірісіп-ақ кетті. Қазір жер жырту, каналдарды тазалау сынды жұмыстар істеліп, егін егуге дайындық қауырт жүргізілуде.
Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Арал ауданы бойынша барлығы 1000 гектар жерге егіс егу межеленген екен. Дегенмен жоспар артығымен орындалып, 1010,3 гектар жерге егістік орнатылған. Ал осы жылы 2000 гектар жерді гестік алқабы етуді жоспарлап отырған көрінеді.
Жыл сайын вегетациялық кезеңін нәтижелі өткізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз ету үшін егіс егетін ауыл шаруашылығы құрылымдарына суды тиімді пайдалану, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу, суды аз қажет ететін технологияларды пайдалану ұсынылып келеді. Оның ішінде, жаңбырлатып суару, тамшылатып суару, насоспен суару және кезектестіріп суару бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде тіршілік көзінің қоын мейілінше сақтауға септігін тигізеді. Себебі соңғы жылдары Сырдарияның суының деңгейі айтарлықтай төмендеп кетуде. Бұл жалғыз бізді емес көршілес мемлекеттерді де алаңдатып отырған мәселе. Осыған байланысты егін науқанында суды аз қажет ететін астық түрлерін егіп, үнемді пайдаланудың тетігін қалыптастыру бірінші кезекте тұрады. Осыған байланысты биылғы жылы халық суды үнемдеу технологиялары бойынша 239 гектар жерге егін егуді жоспарлап отыр.
2023 жылы егіншілік саласында аудан үшін қамбамыз дәнге толған, қырымыз құлпырып, дихандар мерейі өскен жыл болды. Ауданда 3 шағын жылыжай кешені іске қосылған болатын. Кешеннің игілігін халық көрді. Қияр мен қызанақ сынды бақша дақылдары жылыжайда өсіріліп халыққа тиімды бағада ұсынылды. Бұл бір жағы кәсіпкерлік көкжиегін кеңітсе, екінші жағынан ауылшаруашылық саласының кең етек алуына септігін тиігізді. Игі бастама биыл да жалғасын тауып отыр. Аудан тұрғыны шағын жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр.
Егілген егістіктің көп көлемін суару бүгінгі күнге каналдар, көлдер және Сырдария өзені арқылы жүргізілуде.Сондай-ақ, егістік пен шабындық жерлерді суаруға 3 дана СНП-500/10 дизельді су насосы және 10 дана ДНУ-200/75 дизельді су насостары бар екендігін айтады аудандық ауыл шаруашылғы бөлімінің мамандары.
Егін егу үшін қажетті техникамен де толықтай қамтылып отыр. Аудан бойынша 27 трактор, 6 соқа, 3 тұқымсепкіш, 20 жүк көлігі және 22 трактор тіркемесі бар. Қазіргі күні аталған техникалардың барлығы дала жұмыстарының уақытылы аяқталып, дән себу жұмыстары өз кезеңінде жүзеге асырылуы үшін аянбай жұмыс істеп жатыр.
Бұрын аудан бойынша тек 2 ауылдық округ бойынша егіс егіп келген болатын. Ал қазіргі уақытта салаға үлкен серпіліс келді десек де болады. Себебі 15 ауылдық округ егін егуге тыңғылықты кірісіп отыр. Бұл тиімділігін көрсетуде. Егін егуді тыңғылықты ізге салған ауыл халқын көкөніс, бақша және мал азықтық жоңышқа дақылдарымен өз-өздерін толық қамтамасыз етіп отыр. Ауданның аумағының үлкендігі мен ауылдық округтарының шалғайлығын ескерсек, бұл халықтың бақша дақылдары мен көкөністі тиімді бағада тұтынуына септігін тигіуде.
Биылғы жылы ең бірінші кезекте су үнемдеу технологияларын қолдану қолға алынуда. Жоғарыда атап көрсеткендей егістік көлемінің артуы су көлемінің кеміне зиянын тигізбеуі керек. Соған байланысты аудан шаруалары осы жылы 200 гектар жерге жаңбырлатып суару, 15 гектар егістік алқабын тамшылатып сурау және 25 гектар жерге подпленка әдісімен жоңышқа, бақша дақылдарын егуді қолға алып отыр.
Осы жылы Ақирек ауылдық округі бойынша 12 гектар, Жетес би ауылдық округі бойынша 5 гектар және Бекбауыл ауылдық округі бойынша 6 гектар жер жыртылды. Жалпы ауданда егіншілікпен айналысып отырған ауылдарда қазіргі таңда жер жырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Ерте көктемнен бастау алып, жаз бойы жалғасатын диқаншы халық егін басындағы қауырт жұмыс атқаруда. Жер жыртып, дән салып, оны күтіп баптап, өнімін алған соң нәпақасына жарататын шаруалар асыраушы саланың дауына үлес қосумен қатар аудан халқын көкөніс пен бақша дақылдарымен толық қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етуде. «Диқан жерін анасындай сүйеді, жер диқанды баласындай сүйеді» – деген халық мақалын тарқата қарасақ, Жер ананың бойы бусанған шақта еңбек етіп тер төккен диқанға, табиғат ана да кең пейілдік танытары сөзсіз.
Н. БАҚЫРАН
10 сәуір 2024 ж. 180 0