Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Егістік жұмыстар басталды

Егістік жұмыстар басталды

Көктем шыға тіршілік атаулының түлейтін уақыты. Осы кезде дала жұмыстары да жандана түседі. Әсіресе диқаншы қауым егін егудің қамына кірісіп, жер жыртып бастайтын уақыт. Бүгінде бау-бақша егуді тіршілік көзіне айналдырған Арал ауданына қарасты ауылдарда да қарбалас жұмыс қайнап жатыр. Жердің тоңы кетіп, диқандар егін салуға дайындықты бастап кетті.

         Егін егу науқаны жоспарға сай жүзеге асырылып, көктемгі дала жұмыстары жалғасуда. Солардың ішінде Аманөткел ауылдық округі бойынша жеке тұрғындар 10 гектар жер жыртты. Шаруа қожалықтары «жаңбырлатып суару» әдісі арқылы 50 гектар жерге «жаңа жоңышқа» дақылын егу жұмыстарын бастап та кетті. Сонымен қатар Жаңақұрылыс ауылдық округі егін салу мақсатында 15 гектар жерді тегістеп, дайындық жүргізуде. Ал Қамыстыбас ауылдық округі 12 гектар және Қосжар ауылдық округі 4 гектар бау-бақша егетін жерлерді жырту жұмыстары жалғасуда.
         Жалпы аудан бойынша осы дайындық маусымында 178 гектар  жер жыртылды. Алдағы уақытта аталған жұмыстар жалғасын таппақ.
Еске сала кетейік, өткен жылы өңірде егін шаруашылығы айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізген болатын.  өзімізді азық-түлік өнімдерімен және малды азықтық шөппен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға егістік және шабындық жерлерді ұлғайту бойынша Ақирек, Жетес би, Аманөткел, Бөген, Райым және Қаратерең ауылдық округтерінің жер учаскелеріне далалық өлшеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жалпы көлемі 493 гектар жер учаскелері шаруашылықтарға табысталып берілген болатын.
Осының нәтижесінде, табысталып берілген жерлерге барлығы 704,2 гектар жерге егістік дақылдары орналастырылып, 11,7 гектар жерге картоп, 53 гектар жерге көкөніс, 170 гектар жерге бақша, 73 гектар жерге ескі жоңышқа, 221 гектаржерге жаңа жоңышқа және 175,5 гектаржерге күздік жоңышқа орналастырылып, одан орташа есеппен 163,8 тонна картоп, 636 тонна көкөніс, 2125 тонна бақша өнімдері және 401,2 тонна жаңа жоңышқа өнімдері жиналды.
      Егіншілікті қолға алып, оның мол жемісін алу азық-түлік тапшылығын болдырмауға, өнімдердің нарықтағы бағасын тұрақтандыруға үлкен әсерін тигізеді. Осы орайда қолға алынып отырған егістік жұмыстарының оң нәтиже беріп, диқаншылар қауымының қамбасы биыл да дәнге толарына сенім мол. 
«Толқын» ақпарат
09 сәуір 2023 ж. 552 0