Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда егін шаруашылығы дамып келеді

Аралда егін шаруашылығы дамып келеді

Өткен жылы орын алған құрғақшылыққа байланысты өз-өзімізді ішкі өніммен және мал азығымен қамтамасыз ету бойынша егіс көлемін ұлғайтуды жоспарладық. Соған сәйкес сыр беткейдегі ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп егіс егу бойынша алдын ала әзірлеген сызба карталарымен жобалары тыңдалды. 
Осыған орай, аудан бойынша егін шаруашылығын дамыту мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған даму жоспары әзірленіп, егіс көлемін 800 гектардан 3000 гектарға дейін жеткізудің жол картасы бекітілді. Сондай-ақ, егін шаруашылығын дамытуға байланысты оның ішінде, мал азықтық шөптер (жоңышқа), бақша, көкөніс және тағы да басқа дақылдарды ұлғайту шеңберінде біршама жұмыстар ұйымдастырылды.
Егін шаруашылығындағы өнімділікті арттыру мақсатында жергілікті шаруалармен теориялық түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру үшін, облыс орталығынан келетін ғылыми қызметкерлердің қатысуымен ақпан айының бірінші онкүндігінде Арал ауданынан көшпелі семинар-кеңес өткізілді.
Өз өзімізді азық түлік өнімдерімен және мал азықтық шөппен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға егістік және шабындық жерлерді ұлғайту бойынша Ақирек, Жетес би, Аманөткел, Бөген, Райым және Қаратерең ауылдық округтерінің жер учаскелеріне далалық өлшеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жалпы көлемі – 493 гектар жер учаскелері шаруашылықтарға табысталып берілді.
Осының нәтижесінде, бүгінгі күнге аудан бойынша табысталып берілген жерлерге барлығы 704,2 гектар егістік дақылдары орналастырылды. 
Оның ішінде,11,7 га картоп, 53 га көкөніс, 170 га бақша, 73 га ескі жоңышқа, 221 га жаңа жоңышқа және 175,5 га күздік жоңышқа орналастырылып, одан орташа есеппен 163,8 тонна картоп, 636 тонна көкөніс, 2125 тонна бақша өнімдері  және 401,2 тонна жаңа жоңышқа өнімдері жиналды.
Биылғы жылы суды тиімді пайдалану әдістерімен суды аз қажет ететін қондырғылармен пайдалануды қолға алдық.
Оған дәлел, Ақирек ауылдық округіндегі «Асхат» және «Нұр-Дана» шаруа қожалықтары подпленка әдісімен 7 гектар жерге бақша дақылдарын орналастырса, Сексеуіл кентінің жеке тұрғындары 3-4 га жерге бақша дақылдарын екті. Ал, Атанши ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Е.Төреханов 10 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен бақша, көкөніс дақыларын орналастырса, Аманөткел ауылдық округіндегі «Camel Pro» шаруа қожалығы 80 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысы арқылы жаңа жоңышқа тұқымын септі.
Сонымен бірге егістік жерлерді суару үшін биылғы жылы 10 дана жылжымалы ДНУ-200/75 дизельді су насосы сатып алуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, алынған су насостары егін егуге кіріскен сыр беткейіндегі ауылдық округтерге табысталды.
Ағымдағы жылы ауданды азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жеке тұрғындар бойынша 70 гектардан астам жерге егіс егілді.
01 желтоқсан 2022 ж. 582 0