Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық жүруде

Көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық жүруде

Ауылшаруашылығы саласының ел экономикасын дамытуға және халықтың әлеуметтік жағдайының артуына тигізер әсері зор.

Өткен жылы ауданның ауылшаруашылығы саласының 2022-2024 жылдарға арналған даму жоспарының Жол картасы бекітілді. Жол картасында ауылшаруашылығын, оның ішінде егістік мәселесін әртараптандыру бағытында атқарылатын жұмыстар бойынша нақты мақсаттар қойылған. Ауданда егін шаруашылығын дамыту үшін 2022-2024 жылдар аралығында егіс көлемін 800 гектардан 3000 гектарға дейін ұлғайту жоспарланды.

Қазіргі таңда сыр беткейдегі елді мекендерде егіс егетін жерлер белгіленіп, жерді жырту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы жеке қор есебінен, алдағы уақытта мал азығын дайындайтын сервистік орталықтар құру мақсатында толық жиынтығымен екі дана трактор сатып алынса, биыл қосымша Қаратерең, Аманөткел елді мекеніндегі жеке шаруа қожалықтары өз қаражаттары есебінен егістікке арналған арнайы техникалар алды. Жалпы ауданда егіс егуге 17 техника және 100-ден астам адам жұмылдырылуда.

Бүгінгі күнге, Аманөткел, Бекбауыл, Жетес би, Райым, Бөген, Қаратерең, Жаңақұрылыс, Ақирек және Мергенсай ауылдық округтері бойынша 200 гектардан астам егістік жерлер жыртылып, оның 50 гектар жеріне жаңа жоңышқа тұқымы себілді. Қазіргі таңда жер жырту және жоңышқа тұқымын себу жұмыстары жалғасуда.

Жол картасына енгізілген елді мекендерден басқа Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері мен Атанши ауылдық округінен егіс егуге ынталы шаруалар да ұсыныс білдіруде.
Қазіргі таңда қажетті құрылғылары жеткізіліп, жерді жыртуға дайындық шараларын ұйымдастыруда.

"Толқын" ақпарат

26 сәуір 2022 ж. 794 0