Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аппарат мәжілісі өтті

Аппарат мәжілісі өтті

Бүгін аудан әкімі С. Сермағамбетовтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті.
Күн тәртібінде көктемгі егістікке дайындық жұмыстары және мерзімді әскерге шақыру мәселелері қаралды.
Алдымен аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов көктемгі егістікке дайындық жұмыстары туралы хабарлама жасады.

Ауылшаруашылығы бөлімі басшысының баяндамасына сәйкес аудан бойынша 2022-2024 жылдарға арналған ауылшаруашылығын дамытудың жол картасы бекітілген. Үш бағытта жүзеге асырылатын жол картасының екінші бағыты егін шаруашылығын дамыту, яғни егіс көлемін арттырып, қажетті азық-түлік өнімдерімен және мал азығы дақылдарымен қамтамасыз ету боп табылады. Осыған орай биылғы жылы өңірдегі егіс көлемін ұлғайту мақсатында Сыр беткейде орналасқан 11 ауылдық округте жалпы көлемі 800 га жерге егіс егу жоспарлануда.
Мұнымен бірге хабарлама барысында ауылшаруашылығы құрылымдарына қажетті суды тиімді пайдалану үшін жаңа технологиялардың тиімділігі түсіндірілгенін, қазіргі таңда жер жырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Баяндамашыдан соң аудан басшысы ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы мен ауылдық округ әкімдеріне егіс алқабынан алынатын жоспарланған өнім мен оған қажетті су көлемінің есебі шығарып, техникалардың дайындығын пысықтауды тапсырды. Бұрыннан егін шаруашылығымен айналысатын Ақирек ауылдық округінің тәжірибесін негізге алып, су тапшылығын болдырмау үшін қажетті шараларды қабылдауды, су айдау насостарын орналастыратын жерлерді нақтылап, жер жырту жұмыстарын аяқтап, белгіленген егіс көлемін толық орындау жөнінде қатаң тапсырма берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе көктемгі мерзімді әскерге шақыру жұмыстары бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Б. Қуатов баяндады.
Өткен жылдың қорытындысымен мерзімді әскерге шақыру жұмыстары белгіленген межеден артығымен орындалған. Баяндама барысында түрлі себептерге байланысты жастарды әскерге аттандыру көрсеткіштері төмен ауылдық округтерді атап өтті.

Хабарламашыдан кейін сөз алған аудан әкімі қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы мен ауылдық округ әкімдеріне әскерге шақыру жұмыстарын күшейтуді және полиция бөлімімен бірлесіп шақыртудан жалтарып жүрген азаматтарға әкімшілік жаза жауапкершілігін қатаң түрде қолдану қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, әскерге барушыларды медициналық тексерістен өткізетін дәрігерлердің толық құрамда әрі сапалы жұмыс жасауын қадағалауды ауданаралық ауруханасының бас дәрігеріне жүктеді.

Бұдан бөлек, жұмыс жасап жатқан азаматтардың әскерден келгенше жұмыс орындары заңдылыққа сәйкес сақталатыны және әскерге барудың тиімді тұстары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Ал ішкі саясат бөліміне әскери-патриоттық бағыттағы бейнероликтерді және әскери беделді тұлғалар туралы ақпараттарды насихаттау тапсырылды.
Аппарат мәжілісінде талқыланған екі мәселе бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалау аудан әкімінің жауапты орынбасарларына жүктелді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі 

05 сәуір 2022 ж. 468 0