Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі елеусіз қалмаған серіктестік

Еңбегі елеусіз қалмаған серіктестік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру да жалғасады. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек» деген еді Жолдауда.
Алғаш аймақ бойынша «Қызылорда электр тарату жүйесі компаниясы» АҚ-ның электр энергиясын тарату бөлімшесі негізінде облыстың барлық аудандарында және қалада Серіктестіктер құрылды. Солардың қатарында, алғашқы болып 1998 жылы 1 сәуірде аудандық бөлімше негізінде «Дәулетэнерго» ЖШС-гі өз алдына бөлініп шығып, ток өндірушілер мен жеткізушілерге бережақ 33,0 млн қарызын қабылдап, өз жұмысын бастаған болатын.
– Сол кездері қарызға байланысты ток өндірушілер энергия босатпай тұтынушыларға электр энергиясы негізінен түнге қарай ұзақ үзіліспен берілетін кезең еді. Өз алдына кеңсесі, оргтехникасы, автокөлігі жоқ мекемеге алғашқыда қиын болды. Алға қойған мақсатының айқындығынан және жаңа нарықтың қатынасты бағдарлай білгендіктен болар, Серіктестік 4 жыл ішінде қарызынан толық құтылып, халыққа тұрақты жарық беретін дәрежеге жетті. Сол кезеңдегі экономикалық қатынастың бір түрі бартерлік әдіспен Тәжікстан, Қырғыз және Қазақстан көлеміндегі Екібастұз ГРЭС – і, Павлодар, Жамбыл, Ақсу, Қызылорда т.б ток өндірушілерге тұз, балық, темір, күріш, т.б. тауарлар жіберіліп электр энергиясына айырбас жасалынып тұрды,– дейді «Даулетэнерго» ЖШС-нің атқарушы директоры Жолмұрат Ерімбетов.
Бұл жұмыстың өзі аудан экономикасын біршама дамытуына ықпал етті. Міне, осылайша Серіктестік қалыпты нарықтық экономикалық жүйеге нық қадам басып, толық орнықты.
– 1998 жылы халықтың жарыққа төлемі 50 пайыз болса қазір 95-10 пайыздан төмен түспейді. 1999 жылы серіктестік тарапынан 13,7 млн квт. сағат электр энергиясы сатып алынып тұтынушыға таратылса, 2023 жылы 161,2 млн. квт. сағат электр энергиясы таратылған. Халықтың сұранысы бойынша 2001 жылы қала ортасынан жаңа типті офис салынып халыққа ыңғайлы жағдай жасалды. Арнайы программалар жасалынып бухгалтерия, абонент, касса толығымен компьютерлендіріліп, бір жүйеге қосылды,–деді серіктестіктің атқарушы директоры Жолмұрат Оңталапұлы.
Адал жұмыс әрдайым жемісімен белгілі екені анық. Халыққа сіңірген еңектерінің арқасында, сонымен бірге еліміздің алға қарай дамуы жолында атқарған жұмыстарының нәтижесін атап өтелік. Серіктестік еліміз бойынша электр энергетика саласында нарықтық экономикаға алғашқылардың бірі болып қабылданып, бұл сала бойынша тәуелсіз рейтингтік компаниялардың қорытындысымен бірнеше рет өз саласының көшбасшысы атағына ие болған екен. Сонымен бірге облыстық "Парыз" әлеуметтік жобасына қатысып, бірнеше рет РҚ Денсаулық сақтау және әлекметтік қорғау министрлігінің дипломымен марапатталған. 2003 және 2008 жылы Серіктестік базасында Қызылорда облысы энергетиктерінің семинары өтіп, өндірістік көрсеткіштері облыс көлеміне таратылды. Сонымен қатар, серіктестіктің өз қаражаты есебінен Арал ауданы, Сексеуіл кенті орталығынан «Дәулетэнерго» ЖШС-нің бөлімшесінің коммуналдық төлемдер жинау кассалары орналасқан жаңа кеңсе ғимаратының құрылысы аяқталып 2017 жылы пайдалануға берілді. Жұмыс барысы жөнінде сөз қозғаған Жолмұрат Ерімбетов:
–Нарықтық экономика бәсекелестікті талап етеді. Кезінде барлық аудандарда ашылған жабдықтаушы мекемелердің көбісі бәсекелестікке шыдамай, қарызға батып банкрот болып, нарықтан шығып жабылып қалды. Соның ішінде Қазалы ауданын электр энергиясымен жабдықтап келген мекеме де болды. Облыс әкімшілігінің ұйғарымымен шұғыл түрде 2013 жылы көрші Қазалы ауданы тұтынушыларын электр энергиясымен үздіксіз жабдықтау «Дәулетэнерго» ЖШС-не міндеттелді. Серіктестік жанынан Қазалы филиалы ашылып өз жұмысын бастап кетті. Бұл кезеңде Серіктестікке онай тиген жоқ. Басшылықтың табандылығы мен тәртіптің арқасында, бұрыңғы мекемеден қабылдап алған барлық қарыздар уақыт өте келе жабылып, жұмыс барысы бір жолға қойылып мекеме табыс әкеле бастады. Қазіргі кезде екі ауданның 30000-ға жуық жеке тұтынушылары мен 1700-ге жуық заңды тұлғалар тұрақты түрде электр энергиясымен қамтамасыз етіліп келеді. «КЕГОК», «Екібастұз ГРЭС-1», «Екібастұз ГРЭС-2» «Жамбыл ГРЭС-і», «Шульбі ГРЭС-і», «Өскемен ТЭЦ-і», «КОРЕМ», «КРЭК» т.б. Қазақстан Республикасында өте ірі энергетикалық компаниялармен сенімді әріптестік орнатып, Қазақстан электр энергетика нарығындағы белді ойыншылардың бірі ретінде танылды,–деді.
Тағы айта кетерлігі, Арал және Қазалы аудандары бойынша тұтынушыларға қызмет көрсететін серкітестіктің штат саны 60 адамды құрайды. Сонымен қатар, заман талабына сай шалғай орналасқан елдімекендердің ұялы байланысы мен интернет желісінің орнатылуына байланысты, тұтынушыларға Банкетрдің қосымшалары арқылы электр энергиясы үшін қашықтан төлем жасау мүмкіндігі жасалған екен.
Халық ризашылығына бөленіп, ел алғысын алған жан әрдайым ел есінде қалары сөзсіз. Осы орайда атаулды серіктестіктің құрылып, ашылуынан бастап 25 жылдан астам уақыт осы мекеменің директоры қызметін атқарған марқұм Ердіхалықов Қуанышбай ағамыз ерен еңбегімен кейінгі ұрпаққа із қалдырған жан. Қаржылық қолдауымен Нұрмағанбет ақынға, Жақайым бабамызға арнап ас беруде үлкен үлес қосқан. Сонымен бірге Бақтыбай батыр, Жылқаман батыр өзге де ата-баба әруақтарын қолдап ас беруге, кітап шығаруға қолдау көрсетіп келді. Осылай елі үшін аянбай еңбек еткен азаматтың еңбегін елі елеусіз қалдырмайды. Ол 2, 3 шақырылған Аудандық мәслихаттың депутаты, “Ұлы Отан соғысы Жеңісіне-20 жыл”, В.И.Лениннің туғанына-100 жыл”, “Қазақстан Конституциясына-10 жыл”, “Қазақстан Республикасының Парламенті – 10 жыл” мерекелік медалдарымен, “Қазақстан Республикасына – 10 жыл” төс белгісімен, екі мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің, «Нұр Отан» ХДП-ң, облыс Әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. 2008 жылы Қазақстан Энергетиктер қауымдастығының ұсынысымен “Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген Энергетигі” атағы, 2010 жылы «Ардагер энергетик» төсбелгісі берілді. Арал ауданы экономикасына қосқан елеулі еңбегі еленіп 2019 жылы Тәуелсіздік күніне орай Арал ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. 2023 жылдың 10 мамырында Арал ауданы әкімінің мәжіліс залында ауданның актив отырысында Қуанышбай Ердіхалықовтың 80 жасқа толуына орай, оған Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевтың атынан «Құрмет грамотасы» табысталып, иығынан шапан жабылып Аудан әкімі С.Сермағамбетовтың тарапынан құрмет көрсетілген.
– Қуанышбай Ердіхалықовтың тәрбиесін көрген ұжым қызметкерлері сол дара жолды жалғастырып, мекемеде абыройлы қызмет атқаруда,–дейді мекеме басшысы ардагерін еске ала отырып.

Гүлмарал САҚТАПОВА

13 сәуір 2024 ж. 231 0