Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарық мәселесі шешімін тауып жүр ме?

Жарық мәселесі шешімін тауып жүр ме?

Есімі дүйім дүниеге белгілі Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» атты туындысын оқып көрдіңіз бе? Шығарма желісі бойынша ауыл мәселесін көзбен көруге Нұрлан есімді журналист жігіт жолға шығады. Автобус ішінде жанында отырған Арай есімді студент қызбен танысып, оның шалғай ауылда тұратындығын және автобус ауыл ішіне кірмей, сырттан тастап кететіндігін біледі. Жігіт қызды шығарып салуға ұсыныс жасағанда қыз қарсы болып, екеуі қайтар уақытында бірге жолға шығуға келіседі. Сөйтіп студент қыз қыстың аязды күні жарықсыз ауыл тұсынан түсіп қалады. Кейін жігіт ауыл тіршілігімен танысу жұмыстарын аяқтап, қыздың ауылына соғуға  жолға шығады. Арайдың үйінің жанына келе бергенде қатты жылаған дауысты құлағы шалып, асығыс үйге кіреді. Сөйтіп, жарықсыз қараңғы ауылда Арайды сол түні қасқыр қамап, ауылға барар жолда жеп кеткендігін естиді. Шығарманы оқып отырып, «мүмкін сол кезде ауыл тұсында жарық болғанда Арай қасқырды кезіктірмес пе еді» деген ойға келесіз. Қазір  түрлі бағдарламалармен біршама ауылды түзедік. Жол, су және интернет. Қазір барлық дерлік ауылда жағдай жасалған деп нақты айта аламыз. Жылумен қамтамасыз етілген селолар да бар. Ауылдың күйбең тіршілігімен төрт түлік мал бағып отырған қалың көпшілік те бұл уайымнан арылғалы қашан...
Ел экономикасының дамуы мен жаңғыруы үшін жоғары технологиялық инфрақұрылымның маңызды екендігі анық. Осы тұста Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес» деген болатын. Сонымен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздік жөнінде де айтқан еді.
–Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады,–деді Мемлекет басшысы.
Иә, электр энергиясыз өмір сүру мүмкін емес. Тіпті жарты күнге жарық өшіп қалғанның өзінде теледидар, тоңазытқыш, ұялы телефонымыз секілді дүниелер уақытша істен шығып қалады. Жалғыз үй ғана емес, бүкіл әлем бойынша зауыттар мен ірі кәсіпорындар жұмыс істеуін тоқтататыны белгілі. Ал бұлар тоқтаса, азық-түлік те, киім-кешек те шығарылмай, жұмыссыздық белең алады.
Адамзат пен технологияның дамуына өте маңызды болып отырған электр энергиясы бойынша ауданда біршама жұмыстар атқарылып келеді. «ҚЭТТК» АҚ Арал аудандық электр торабы мекемесі бүгінде аудан халқын жарықпен қамтып, ел ризашылығына бөленіп отыр. Жалпы атаулы мекеме жыл басынан бері біршама күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, жыл көлемінде 110кВ Л-106 «Әйтеке би – Арал» әуе желісінің 15 дана тірегіне керме тартылған, сонымен бірге 35кВ әуе желісінің ақаулы темір-бетон тірегі Л-20 «Арал-Бірлестік» әуе желісінде 3 дана, Л-72 «Аманөткел-Аққұлақ» әуе желісінде – 4 дана, Л-72А «Аққұлақ-Бөген» әуе желісінде 3 дана тірегі ауыстырылған, Тоқабай елді мекені ішінде орналасқан 5 дана 10/0,4кВ трансформаторлар қосалқы станциясының және Ерімбетжаға елді мекенінде орналасқан 35/10кВ «Еримбет» қосалқы станциясына күрделі жөндеу жүргізіліп, сыртын сырлау және электр жабдықтарын ауыстыру жұмыстары атқарылған екен. Арал қаласы бойынша №2 10кВ тарату пунктінен шығатын ф. Гостиница, ф. Рыбпром 10кВ әуе желісінің ақаулы ағаш 6 дана тіректері ауыстырылды және 700м-ден ашық аллюминді сымы оқшауланған сымға алмастырылған. Сонымен қатар ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша, 35кВ әуе желісінің ақаулы 1 дана темір-бетон тірегі алмастырылды және де Тоқабай елді мекені 0,4кВ әуе желісінің ақаулы 20 дана тірегі және Шижаға елді 0,4кВ әуе желісінің мекенінің 10 дана тірегі жаңа темір-бетон тірекке ауыстырылды, 0,8км 0,4кВ әуе желісі жаңаланған. Арал қаласында 10кВ №2 тарату пункті және 5 дана 10/0,4кВ қосалқы станцияға ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сыртын сырлау және электр жабдықтарын ауыстыру жұмыстары атқарылған екен.
–«ҚЭТТК» АҚ Арал аудандық электр торабы мекемесі атқаратын негізгі қызметі – аудандағы тұрғындар мен тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету. Сондай-ақ сапалы электр энергиясын беру. Бүгінде қыркүйек айында бізде жоспарлы жөндеу жұмыстары аудан бойынша 110/35/10кВ «Арал» қосалқы станциясынан басталған болатын. Қазіргі таңда 6-20 қыркүйек аралығында Арал подстанциясындағы жөндеу жұмыстары толық атқарылып болды. Жалпы ауданда 110/35/10 кВ-тық 6 қосалқы станция бар. Соның «Арал», «Бердікөл», «Қосаман» қосалқы станцияларындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгінде 110/10 кВ-тық «Сексеуіл» қосалқы станциясында жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. «Сексеуіл» қосалқы станциясында 3 бригададан 16 адам жөндеу жұмыстарымен айналысуда. Барлық электр қондырғыларды қыс мезгіліне дайын болуы үшін біз релелік қорғаныс аппараттарының жұмысын тексереміз, олардың уақытылы ағытылуын, сондай-ақ электр қондырғыларға сынақ жұмыстарын атқарамыз. Өзімізге қатысты қондырғылардың оқшаулағыштарын тазалау және май құю секілді жөндеу жұмыстарын атқарып жатырмыз,–дейді «ҚЭТТК» АҚ Арал аудандық электр торабы мекемесі басшысы Амантай Қарамырзаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру да жалғасады. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек» деген еді Жолдауда.
–Ауданымызға алғашқы электр энергия көзі 1964 жылы 22 желтоқсанда қуаты 4000 кВ «энергопойыз» арқылы берілген. Сол кезден бастап салынған электр қондырғылардың қазіргі таңда ескіріп, 70-80 пайызының тозығы жеткен. Соларды жыл сайын күрделі, ағымды жөндеу жұмыстарын атқарып, ақаулы электр қондырғылары мен қажетті материалдарын ауыстыру жұмысын атқарамыз. Осылайша  жоспарлы жөндеу жұмыстары арқылы қыс мезгіліне дайындық жүргізіледі. Осы жұмыстарды атқару арқылы апатты жағдайдың орын алуы мен оның тозу деңгейін азайтамыз,– деді мекеме басшысы Амантай Қарамырзаев.
Жалпы электр энергиясы халық үшін өте маңызды болып табылады. Оның сапасы да тұрғындар қауіпсіздігіне де әсер етері анық. Аудандағы электр энергиясымен қамтамасыз ету және олардың қауіпсіздігі бойынша мәселелер шешімін тауып жүр.
–Бұрындары жарықты тек уақытымен беретін еді. Тіпті жарық көбіне болмай қалатын. Ал қазір ше? Қазір барлық дерлік үй жарықпен қамтамасыз етілген. Оның сөнуі жағынан мәселе де туындай бермейді. Бағаналардың орналасуы бойынша да бұрын сымдары тозып, құлағалы тұрған бағаналар бүгінде қалпына келтіріліп, мәселенің шешімі табылған. Олардан келер қауіп те азайды. Қала көшелерінің де сәнін кіргізетін жарық пен жол екендігі белгілі. Көптеген көшеге жарық орналастырылып, тұрғындар ризашылығын білдіруде. Сонымен қатар көптеген кент, ауылдық округтерде де жарық мәселесі шешімін тауып келеді,–деді қала тұрғыны Ү.Жаңғалиқызы.
Қоғамдағы басты мәселелердің шешімі табылып жатқандығы баршамызды қуантары анық. Халық ризашылығына бөленіп отырған бүгінгі мақаламызға арқау болған атаулы мекеме әлі де өз жұмысын жалғастыра бермек. Осылайша ауданның жарықпен қамтамасыз етіліп, ел экономикасының күшеюі үшін атқарар жұмыстары да жетерлік. Осы тұста жарық, су, жол мәселелері шешімін таба берсе дейміз.

А.НҰРЛАНОВА
25 қыркүйек 2023 ж. 409 0