Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Қасқыр ұлыған түнде"

"Қасқыр ұлыған түнде"

«Адамдар бір-бірін әрең іздеп табады, сонсоң іп-лезде жоғалтады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз – адамдардың бір-бірін тауып, қайтадан жоғалтуы емес пе өзі?! Мүмкін...». Иә, осы бір мағынасы терең сөздер Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» шағармасынан алынған үзінді. Жазушы бұл шығармасы арқылы ертедегі қазақ ауылдарының жағдайы, жарық пен жылудың жоқтығын баяндайды. Шығарма басын қаңтардың қақаған суығы мен күннің салқын жүзін суреттеп келтіреді.
Редактор тапсырмасымен ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, сол туралы қалам тербеуге журналист Нұрлан есімді жігіт «Новостройка» селосына қарай жол тартады. Жүрер уақытында автобус ішіне мойнына қалың шарф ораған жас қыз жігіт қасына келіп жайғасады. Иә, ол қыздың есімі – Арай. Журналист жігіт пен қыз таныса келе, Арайдың  Алматыдағы  Қыздар институтында оқитыны және қысқы демалысқа өз ауылы «Өркенге» бара жатқандығы туралы әңгімелейді. Ал Нұрлан болса, сол Өркен ауылынан 5 шақырымнан кейінгі «Новостройкаға» бара жатқанын айтады. Осы орайда жігіттің ойына редактордың айтқан сөзі келеді: “Шығыс Қазақстанда «Новостройка» деген қала типінде салынып, мəдени тұрмыстық жағынан бүкіл республикаға үлгі болар село бар екен. Бүгінгі сəулетті қоғамымыздың ауыл-селолары барған сайын көркейіп, қаладан еш айырмасы болмай өркендеп, өсіп отырғанын паш ету үшін именно сол селоны насихаттауымыз керек. Орталық газеттің бірінде «Села Казахстана меняют облик» деген тақырыппен мақала шығып та кетті. Мейлінше, зертте, мəдениет сарайын, универмагын, тұрмыстық қамту үйі мен ресторанын суретке түсіріп ал, еңбек адамдарымен кездесіп, басшылығымен жүздес, сұхбаттас”. Иә, таңғаларлық ақпарат емес. Себебі мұндай әсем селолар күн санап көбейіп жатқаны белгілі.
         Кенет түн қараңғыланып, ызғарлы боран басталады. Желдің қасқырша ұлыған үні құлақ түбінен орын алғандай еді. Сол мезетте жігіт көз алдына қақаған қыстың аязында, жапан далада жалғыз шыт көйлекпен, шашы жалбырап, адасып жүрген қыз елестейді. Көлік жүргізушісі кішкентай ғана ауылға тұрақтамай, «Новостройкаға» тура жүріп кететінін айтады. Кенет Арай: «Білесіз бе, аға, біздің ауылда клуб та, киноқондырғы мен кітапхана да жоқ, бар болғаны: ыдыс-аяқ, мата, қант-кəмпиті араласқан жалғыз дүкен, ол да сатушының екі үйінің бірінде үйіліп жатыр. Қызығы, «Өркен» бригадасы совхоз бойынша жоспарды үнемі артығымен орындайды, ал мəдени-тұрмыстық ахуалымыз осындай… Бірақ сіздер мұндай жетім ауылды менсінбей, тура түзу де жайлы тас жолмен үлгілі селоға тартасыздар, тек сондай тамашаны ғана көріп, жазасыздар» дейді. Сонсоң Нұрлан Арайды үйіне дейін жеткізіп салуға бел байлады. Бірақ Арай қарсылық білдіріп, жолынан қалдырғысы келмеген-ді. Межелі жерге жеткен соң қыз қара сөмкесін қолына алып, асығыс түсіп кетеді.
Сөйтіп Нұрлан «Новостройкада» екі күн болып, үшінші күні жолға шығады.    Иә, барған ауылы расында көңілінен шығады. Ертеңгісін таң ата аудан орталығына барар автобусқа отырып, «Өркеннің» тұсынан түсіп қалады. Аялдама бойында орта бойлы, қалың қасты, әдемі жігітті көреді. Басы салбыраңқы тұрған жігіттен Арайдың үйінің қай жерде екенін сұрайды.
         Нұрлан қыстаққа жақындай бергенде ащы жылаған дауысты естиді. Кері тартынып, үйге кіргісі келмесе де, тәуекелге бел байлап үйге кіріп келеді. Үй ішінде қара жамылып, ағыл-тегіл жылап отырған әйел және оның қасында қоғадай қоршаған балаларды көреді. Басын көтеріп, мұңды көздерімен қараған әйелден Арайды сұрайды. «Айырылдым ғой, Арайымнан...» деп аңыраған жоқтау жігіт жүрегін тілгілеп тастағандай еді.
         Сол түні Арайды қасқыр қамап, ауыл мен ұзақ жол ортасында жеп кеткен екен... Жігіт ауылдан алыс жерде жерленген Арайдың бейітіне барады. Күмісше жылтыраған аппақ қар үстінде қап-қара төмпешікте мәңгілік сапарға аттанған Арайдың бейкүнә рухы жатты.
Нұрлан аялдамаға қайта оралғанда, жаңағы жігіт пен «Новостройкаға» мектепке бара жатқан бір топ балалар автобус күтіп тұр екен. Аялдамадағы жігіт: «Араймен бірге оқып, бір партада қатар отырып едім. Қалтасында сіріңкесі болған екен, таусылғанша жағып, айбар ғып отырыпты да, қасқырлар қамалап қоймаған соң, шанадан түсіп қалған бір бау шөпті өртепті. Сонсоң… сонсоң қар беті апыр-топыр айқасқан, екі етігі мен шашын мазақтағандай қарға шаншып кетіпті. Мылтығымды алып келіп, Алтайда бір қасқыр қалғанша кырамын, тұқымын қалдырмаймын бұл жерге (жылады). Сол түні қасқыр көп ұлыпты…».
“Мен редакторымның тапсырмасын тұңғыш рет орындамадым... Бүгінгі заманымыздың сәулетті селосы жайлы мақала жазылмады...” – деп жазушы әңгімесін аяқтайды. Сол сәтте ауылда жарық болғанда, Арай ешқандай да қасқырды кезіктірмес еді деген ой қылаң береді шығарманы оқып отырып.
Өткеннің өкініші болып қалған бұл әңгіме қазіргі қоғамымызда қайталанып отыр ма? “Ауылды гүлдендіреміз, қаладан түк айырмашылығы болмайды” деген ұран бүгінгі күні мақсатына жетіп жатыр ма? Иә, бірақ түрлі бағдарламалармен біршама ауылды түзедік. Жол, су және интернет. Қазір барлық дерлік ауылда жағдай жасалған деп нақты айта аламыз. Жылумен қамтамасыз етілген селолар да бар. Ауылдың күйбең тіршілігімен төрт түлік мал бағып отырған қалың көпшілік те бұл уайымнан арылғаны қашан...

Айсәуле СӘКЕНҚЫЗЫ
29 қаңтар 2022 ж. 2 196 0