Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірттердің шырағын жаққан ұстаз

Шәкірттердің шырағын жаққан ұстаз

Қаншама заман өтсе де, мәртебесі мінбеден түспейтін бір мамандық бар, ол – ұстаздық. Шәкірттің шырағын жағу үшін адал терін төгіп, жан дүниесіне жарық сәуле шашу үшін тынбай еңбектенетін ұстаздық ісі қашан да жоғары. Міне, осындай ұлы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан жанның бірі – №177 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлім-ай Сахиқызы Байниязова.
Гүлім-ай Сахиқызы мектеп қабырғасын аяқтаған соң өзі армандаған мамандықтың иесі болуға ұмтылды. Осылайша арман мақсатқа айналып, сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түседі. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті аталған осы беделді білім ұясын 1990 жылы бітіріп шықты. Асқақ арманын аласартпаған жас маман ең алғаш еңбек жолын Арал ауданы, Ақеспе елді мекеніндегі №80 Сарбасат орталау мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі боп бастады. Бір жылдан соң қазір қызмет етіп жатқан №177 орта мектебіне ауысып, ұзақ жылдық еңбектің алғашқы қадамдарын аттады.
«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» дегендей, әр баланың кеудесіндегі үміт отын жандырып, қанатын қатайтып, үлкен өмірге даярлаудың оңай емес екенін ұстаздардай ешкім ұқпас. Еңбек жолында сынып жетекшілік қызмет атқарып, қаншама шәкіртті түлеткен Гүлім-ай Сахиқызы бала бойына құндылықтарды дарытуда талмай табанды жұмыс істеді. Одан бөлек өз пәнінің де білікті маманына айналып, бүгінгі күні ұстаздың алдын көрген шәкірттері қоғамның түрлі саласында елеулі еңбек етіп келеді. Білім бәсекесінде мектеп абыройын асқақтатқан бірқатар шәкіртін атап өтер болсақ, Жанғанаева Фариза 2015 жылы ҰБТ да қазақ әдебиетін таңдап, үздіктер қатарынан көрініп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірді. Қазіргі таңда «Хабар-24» телеарнасында тілшілік қызмет атқаруда. Сондай-ақ 2014 жылғы түлектері Г.Баспаева мен Г.Қараева Ұлттық Бірыңғай Тестілеуде қазақ тілі пәнінен 25 балл жинады.
«Ұлылықтың бастауында ұстаз тұрады» деген сөздің тереңдігіне адал еңбегімен елге қызмет еткен жандарды көргенде тағы да көз жеткізе түсесің. Білімді ұстаздың ұстаханасында шыңдалған шәкірттің шырағы жанып, алдына арман қойып, биік мақсатқа ұмтылады. Шәкірттерді білімімен баулыған Гүлім-ай Сахиқызының оқушылары түрлі жарыста білім бәйгесіне түсіп, олжасыз қайтқаны кемде-кем. Соларға азырақ тоқтала кетсек, «Махамбет оқуларынан» Жанғанаева Фариза облыстық жарыстан І орын иеленсе, Жақсат Нұрсұлтан «Қара сөздің Құлагері» байқауында М.Мақатев төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Сағынай Айым Қ.Бітібаева атындағы пәндік олимпиадада І орын иеленді. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырумен өткен «Ақ бота» интеллектуалдық марафонында ІІ орынмен Жаппарова Жұлдыз, 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Дарынды бала» республикалық байқауында бас жүлдемен Жақсат Нұрсұлтан марапатталды. Бұл бүгінгі біздің кейіпкеріміздің шеберханасынан шыққан оқушылар жетістігінің бір парасы ғана.
Үнемі ізденісте жүретін Гүлім-ай республикалық «Білімланд» сайты ұйымдастырған «Жаңашыл мұғалім – 2023» байқауының финалисі атанды. Тың идеяларды ұсына жүретін әріптесіміз шығармашылығын үнемі шыңдап отырады. Соның нәтижесінде «Әдеби кафе», «Үздік оқырмандар отбасы» секілді ата-ана мен мектеп арасын байланыстыратын тың жұмыстардың бастамашысы бола білді.
«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау». Расында да алдыңда отырған балдырған баланың арманына қанат бітіріп, болашақ тұлға етіп қалыптастыру үшін қаншама еңбек қажет. Міне, осы ұлы мақсат жолында өз міндетін адал атқарып, ұжымға сыйын көрсетіп, ұрпаққа ұлағатын сіңіріп келе жатқан әріптесіміз Гүлім-ай Сахиқызы қандай құрметке де лайық деп есептейміз.
М.ҚҰРМАНӘЛІ
13 сәуір 2024 ж. 321 0