Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғалым су тасқынының себебін түсіндірді

Ғалым су тасқынының себебін түсіндірді

«География және су қауіпсіздігі институты» АҚ, Табиғи қауіптер зертханасының бас ғылыми қызметкері Николай Попов биылғы су тасқыны туралы өз пікірін айтты.

Ғалымның айтуынша, су тасқынына қардың мөлшері де әсер етеді. Биыл Қазақстанның солтүстік бөліктерінде қар шамадан бірнеше есе көп түскен.

«Осыған қарағанда, су тасқыны, ең алдымен, көктем келіп, қардың қарқынды еруімен байланысты болып отыр. Тағы бір маңызды мәселе: атмосфералық жауын-шашынның түсуі мен топырақтың алдын ала ылғалдануы бір уақытта болды. Әсіресе, аяз болған жерлерде топырақ қатып қалса, еріген қар суы өзендерге тез құйыла бастайтын қабат қалыптасады. Нәтижесінде су тасқынының толқыны пайда болады. Қазіргі уақытта мұндай толқын Есілде жүріп жатқанын көріп отырмыз», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Дәл осындай толқын Жайық өзенінде де қозғалып келеді. Ол негізінен Ресей аумағында еріген қар суынан құралады.

«Бір жағынан, су тасқыны – табиғи феномен. Бұл –салыстырмалы түрде сирек кездесетін құбылыс. Шынында да, соңғы 80 жылда мұндай оқиға болмаған. Гидрологтар мұның жүз жылда, елу жылда бір рет болуы мүмкін су тасқыны екенін айтып отыр. Барлық су тасқыны есептелген. Бірақ оның қашан болатынын алдын ала болжау өте қиын. Өйткені тек бүгінгі күннің емес, басқа да болжамдар қажет. Бұл бір ғана жағдай емес. Қазір Солтүстік Еуразияны түгел су басып жатыр. Ресейде көптеген қиындық болып жатыр, қалалар су астында қалды. Бізде де осындай жағдай болып жатыр. Бұл ретте Үкіметтің адамдарға қолдау көрсетіп, барлық күш-жігері мен құралдарын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттағаны қуантады», - дейді ғалым.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Фото: kaz.inform.kz
16 сәуір 2024 ж. 149 0