Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Егіздер – ерекше жандар

Егіздер – ерекше жандар

Әрбір қыз баласының өмірдегі бақытты сәттерінің бірі – ана атану екені анық. Иә, бұл бір ерекше сезім. Соның ішінде өмірге егіз балалар әкелетін аналарымыз да бар. Егіздер – Жаратушының ерекше жаратылысы.
Кей егіз балаларды бір-бірінен айыра алмай қалатын сәттер де болады. Ал кейбір егіз ағайындылар тіпті бір-біріне ұқсамайды. Міне, егіздерді дүниеге әкелу қаншалықты анаға бақыт пен қуаныш сыйласа, әйел ағзасына соншалықты күш түседі. Мұнан соң әйелге ерекше күтім қажет болады. Сонымен бірге халқымыз егіз ағайындыларды екі бесікке, екі бөлмеге жатқызбаған. Себебі олар екі бөлек жатқандарын сезіп, жылайтын көрінеді. Сондай-ақ олар өсе келе де екі мектепке, екі түрлі қалаға да жібермейтін. Яғни, оларды бір-бірінен ажыратпайтын. Тағы айта кетерлігі егіздердің мінездері екі түрлі болады деген пікірлерді де көпшілік арасында құлағымыз шалып жатады. Олар өсу барысында бір-біріне әсер етуі мүмкін. Бірақ олардың мінездері, темпераменті, әдеттері бір-біріне емес, ата-аналарына ұқсайды деп айтқанымыз дұрыс болар. Оларды жанындағылар әрдайым бір-бірімен салыстырып жүреді. Иә, біз қазақтар ағайынды егіздердің бірінің мінезі «жұмсақ, жайдары» десек, екіншісінің мінезі «қатал, көп күлмейді» дейміз. Сонымен бірге бірін «пысық, тиянақты» десек, енді бірін «аңқау»дейміз. Осылайша адамдар салыстыру арқылы жаман мен жақсыны айырғысы келеді. Кей адамдар егіздерді бір-біріне айнымастай деп, айыра алмай жатады. Жоқ, егіздер өзгеріссіз бір-біріне айнуы мүмкін емес. Гендері мен хромосомдарының топтамасы бірдей болғанының өзінде олар біз ойлағандай біріне-бірі ұқсамайтын көрінеді. Қай жағынан қарасақ та бойы, салмағы, мінезі бәрі де 100 пайыздық ұқсастық бермейді. Ата тегіңде егіздер болған болса, міндетті түрде қайталанады деген сөз қаншалықты ғылыми дәлелдеген? Егіздердің туылуы генетикалық тұрғыдан қайталануы да қайталанбауы да мүмкін.
Еліміз егіздерді дүниеге әкелу бойынша әлем елдері арасында 48-ші орында тұр екен. Ал алдыңғы орында Нигерия тұр. Дәлірек айтсақ, Игба-Ора қаласында екен. Ол жақта бір сыныпта 10-ға жуық егіз бірге оқиды деседі.
Теңізді өлкеде де егіздер баршылық. Арал аудандық көп бейінді ауруханасы бас дәрігердің орынбасары Ағила Мектепбаева:
–Егіз баланы дүниеге әкелу әйел ағзасына айтарлықтай оңай болмайды. Мысалы, іштегі екі баланың салмағын қосқандағы салмақ қалыпты жағдайдағы бір баланың салмағынан ауыр келеді, зәр шығару жүйесіне ауырлық түседі, ағзасындағы кальцийдің көп мөлшерін жоғалтады, босану процесі ұзаққа созылады. Ондай кездерде жүкті әйелдің күтімі үнемі қадағалауда болып, іштегі балалардың денсаулығына зиян келтіретін заттар мен оқыс қимылдардан аулақ жүру керек. Аудан бойынша өткен жылы 15 егіз бала дүниеге келсе, осы жыл басынан бастап 4 егіз бала дүниеге келді,–дейді.
Дүние есігін екеу болып ашып, ана құрсағын бөліскен жандардың бірі – Дастан мен Рүстем Бисеновтер. Олар қазір 35 жаста. Өмірден өз орындарын тауып, отбасылық бақытқа бөленіп, сүйікті кәсіптерімен айналысып отыр.
– Біз Рүстем екеуміздің сыртқы келбетіміз өте ұқсас. Ең жақын адамдарымыз болмаса, сырт көз көбіне ажырата алмайды. Оқушы кезімізде тіпті біріміздің орнымызды біріміз алмастырғанда да ұстаздарымыз сезбей қалатын. Өзіміз көпбалалы отбасында дүниеге келгенбіз. Сондықтан бауырмал болып өстік. "Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ дегендей"-, бүгінде өмірден өз жолымызды тауып, екеуміз екі қалада тіршілік етудеміз. Мен қара шаңырақтағы ұлмын. Жеке кәсіппен айналысам. 5 балам бар. Ал Рүстем Ақтөбе қаласында тұрады. Авиация саласында қызмет етеді. Оның 4 баласы бар. Өмірде егізің болған үлкен бақыт. Мұндай бақыт кез келгеннің басына бұйыра бермейді. Мен онымен мақтанамын,–дейді Дастан Бисенов.
Көбіне егіздердің денсаулығы әлсіз болатынын байқаймыз. Яғни, тез салқын тиіп ауырып қалу немесе денесі тез жарақаттанып қалатынын көріп те жүрміз. Сондай-ақ егіздерге қатысты жалаң аңыздарға сенсек, бірінші болып салмағы ауырлау бала дүние есігін ашады екен. Ақиқатында, жағдай олай емес. Егіздердің бірінші немесе екінші болып дүние есігін ашулары ана жатырындағы орналасуларына тікелей байланысты екен.
Егіздердің мінезі дегенде көз алдымызға жанартау келеді. Олар – арманшыл, өз идеяларына жан бітіруге жүрексінбейтін және кез келген мәселенің шешімін таба білетін адамдар. Өз арманын орындау үшін көмекшіні табуға да, аяз атаға хат жазуға да дайын тұлғалар. Өзгеше ойлауды, креативті қолдайтындардың бірі және біріншісі – егіздер.
Айсәуле НҰРЛАНОВА


23 сәуір 2024 ж. 234 0