Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық өрт сөндіру мекемесінің ахуалы қандай?

Аудандық өрт сөндіру мекемесінің ахуалы қандай?

Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Диспетчер жауап берген соң дереу жолға шығып, өмірін бәйгеге тігіп өрт сөндірген қызметкердің еңбегі еселі. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Бұл бағытта елімізде арнаулы мекемелер жұмыс жасайды. Және бағымызға қарай, облыс бойынша мамандандырылған өрт сөндіру мекемесі біздің Арал ауданында орналасқан.
Жалпы облыс бойынша алғашқы болып 1921 жылы Арал қаласында «Қауіпсіздікті қорғау орталығы өрт сөндірушілер командасы» құрылған болатын. Сол уақыттан бастап-ақ кеңестік қоғам өрт сөндіру ісіне айрықша мән берген болатын.
Сонау 100 жылға жуық тарихы бар салада бастапқы кезде ерікті өрт командасы су жүйесіне бағынышты болды. Өрт сөндірушілерге әрқайсысы сыйымдылығы 300-350 литр болатын бөшке орнатылған екі ат арба беріліп отырған. Сол жағдайларға қарамастан, Аралдан шыққан алғашқы өрт сөндірушілер тобы өртке қарлығаштың қанатымен су сепкендей дабыл қағылған сәттен бастап өз жұмыстарын мүлтіксіз орындап, ерекше серпінмен қиын кезеңдерді еңсерді.
Мұның өзі аудан үшін үлкен абырой әрі ерлердің ерен еңбегінің жемісі еді. Сол кезде басшылық қызметте Жуков Мефодий Иванович айналысқан еліміздің экономикасы мен әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы өте қарқынды дамыды, қала көлемі ұлғайып, өндіріс пен кәсіпорын күн сайын қос қолдың саясындай дамып отырды. Соған сәйкес, қаладағы өрт сөндірушілердің міндеті дараланып, жұмыстары айқын көріне бастады. Осылайша 1933 жылы су жүйесін бақылаушы мекемеден бөлініп шықты да, қалалық өрт сөндіру командасының иелігіне сол уақытта 43 өрт сөндіруші қызмет етіп, олар қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды.
Дүрбелеңге толы кезеңде өрт сөндірушілер командасының облыс орталығында емес, Арал қаласында құрылуының да өзіндік мәні бар еді. Қаланың жедел өсіп-өркендеуі, Волга қаласындағы аштан қырылудың аз-ақ алдында тұрған Ресей халқын сақтап қалуы, теңіз маржандары мен оған жан-жақтан түскен сұраныс оның болашағынан үлкен үміт күттіретін еді.
Одан кейінгі мәліметтерге сүйенсек, 1934 жылы өрт командасының тұрақжайы ретінде қала орталығындағы  бұрынғы атақта татар байының үйі берілген.
1939 жылы сол кездегі талапқа сай өрт командасы күллі еліміздегі мекеме секілді ішкі істер министрлігінің қарамағына өтті. Сол тұста Арал өрт сөндірушілері Газ-АА автонасосына, цистернаның сыйымдылығы 2200 литр қол насосымен жарақтандырылған ЗИС-5 автокөлігіне ие болды. Және өрт сөндірушілердің жеке құрамы 41 жанға көбейді.
Бұл жыл өрт сөндіру тарихында ең атаулы кезең ретінде есте қалған еді. Себебі бұрынғы ат арбаның орнын тілсіз жауды әп-сәтте сөндіре алатын техникалық құралдар бөлінген болатын, сонымен бірге өртке оранған үйлер мен қора жайларды сөндіруде бөшкелеп су таситын қиыншылықтар артта қалды. Қандай да бір тарих бетін ақтарсаңыз да тілсіз жаудың адам баласы үшін қаншалықты қайғы-қасірет екенін қапысыз ұғуға болады. Сондықтан бұл оқиғалар тізімі аудандағы үлкен қуанышты жаңалық болды.
Бастапқыда Серекешов Тілек Бисенұлы, Мұсаев Алтынбек Жұмахметұлы, Жансеріков Сайлаубай Жансерікұлы және кейін Күмісов Мұрат Кеулімжайұлы басшылық еткен мекеме қиын сәттерді еңсеріп, Тлеулиев Құрманбек Кемалұлы бөлім басшысы болған уақытта, яғни 2017 жылы Арал аудандық «№3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі» болып, соңғы үлгіде салынып қайта құрылған болатын.
Бүгінде азаматтық қорғау подполковнигі Қалжанов Заур Ауезханұлы басшылық ететін өрт сөндіру бөлімінде 104 бірлік штат саны қарастырылған. Және 4 өрт сөндіруге арналған автокөлікпен, 1 жеке құрамды тасуға арналған «Урал» автокөлігімен,1 авариялық құтқару аспаптарымен жарақталған АСА-20 автокөлігімен қамтамасыз етілген. Мекеменің қазіргі қызметі туралы сұрағанымда:
– Жалпы біздің өрт сөндіру қызметкерлері кезекшілік уақытында өрт сөндірумен қатар авариялық құтқару жұмыстарына да қатыстырылады. Оның ішінде жол-көлік оқиғасы кезінде автокөлік ішінде қалып, көмек қажет адамды көліктен шығару, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету және жоғалған адамды іздеу, септікке түсіп, шыға алмай қалған үй жануарын құтқару сынды жұмыстар бар. 2024 жылдың І тоқсаны бойынша қызметкерлер 4 рет өртке, 7 рет жану оқиғасына және 3 рет авариялық құтқару жұмыстарына қатысып, құтқару жұмыстарын жүргізді. Ал алдын алу шаралары бойынша қысқы уақыттағы от жағу мерзімінде аудан көлеміндегі тұрғындарға өрт қауіпсіздігі жөнінде нұсқаулықтар жүргізіліп келеді. Жыл сайын жаз айларында адамдардың көп шоғырланатын Қамбаш ауылындағы «Аққұмшық» жағалауында демалушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу де назардан тыс қалған емес. Биылғы жылы да ол жұмыстар жалғасын таппақ, – деді Бөлім бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Тоғысов Нұрбол Өтемұратұлы.
Өрт сөндіруші азаматтар өзінің адал жұмыстарынан бөлек қоғамдық жұмыстардан да тыс қалған емес. Олардың ішінде арнайы мамандандырылған спорттық  сайыстар мен қарапайым спорт түрлерін атап айтуға болады. Атап айтсақ, Қызылорда облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» РММ қызметкерлері арасында жауынгерлік қанат жаю, оқу мұнарасының 4-ші қабатына көтерілу, 3 буынды саты арқылы оқу мұнарасының 3-ші қабатына көтерілу жарыстары бойынша 2023 жылы командалық есепте ІІ орын жеңіп алған болатын. Ал спорттық жарыстарда 2019, 2021 жылдары футболдан І орын, 2023 жылы ІІ орын алды. И.Д.Шульга атындағы дәстүрлі жеңіл атлетикадан өтетін эстафетада 2018, 2022, 2023 жылдары ІІ орын, 2019 жылы І орын алып, мекеме мерейін өсірген еді.

 Бүгінде еліміздің Батыс аумағын су басуына байланысты, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» РММ бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Оспанов Бауыржан Айдарбекұлының бастауымен Арал аудандық өрт сөндіру бөлімінің 21 қызметкері Кунг вахтовка «Урал» автокөлігімен наурыз айының 29-нан бері Ақтөбе облысына барып мотопомпамен су тарту және қала тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарымен айналысуда. Аталған аумақта 10 күнге жуық жұмыс жасап, Қостанай облысына қарай бет алған қызметкерлер негізгі жолдың екі жағына құм толтырылған қаптармен дамба жасап, елдімекендерді су шайып кетудің алдын алу жұмыстарын жасады. Сәуір айының 12-сінен бастап Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы су тасқынынан халықты эвакуациялау жұмыстарына бөлімнен тағы 21 қызметкер Қызылорда қаласынан келе жатқан құтқарушылармен бірге көмекке кетті. Бірнеше күн бұрын Арал қаласынан барған барлық 43 қызметкер Атырау қаласына көмекке аттанды.
Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман. Өмір мен өлім арасында жүрген, елі үшін ерен еңбек етіп жүрген азаматтар қашанда мақтан етуге тұрарлық.
Г. МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ
28 сәуір 2024 ж. 227 0