Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қауырт істің басындағы құрылым

Қауырт істің басындағы құрылым

Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген жандардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Әлбетте, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Себебі, өрт сөндіруші үшін ең мәртебелі міндет-адам өмірін қорғап, олардың материалдық игіліктерін өрттен сақтау. Осы орайда, біз де аталмыш сала төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысу мақасытында Арал ауданы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Құрманбек Тілеулиевпен сұқбат жүргізген болатынбыз.
         –Жуырда өрт сөндіру бөлімінің ғимараты заманауи үлгіде салынып, пайдалануға берілгені баршаға аян. Ендеше, атауымен қоса, келбеті де өзгерген мекемелеріңіз жайында айтып өтсеңіз?
         –Елбасының сындарлы саясатының нәтижесінде, бүгінде заманауи үлгіде тұрғызылған мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Республикалық бюджет қаржысына салынған жаңа өрт сөндіру ғимараты уақыт талабына сай. Атап айтар болсақ, 4 қабатты бөлім ғимаратында өрт сөндіру техникаларынан бастап, байланыс бекеті үй-жайлары, өрт сөндіргіш заттары мен құрал-саймандар қоймасы орналасқан. Сонымен қатар, психологиялық жеңілдену бөлмесі, жаттығу залы, өрт сөндірушілер бөлмелеріндеқажеттіліктер ескерілген. Ең маңыздысы ғимаратта өрт сөндіру қызметінің қызметкерлеріне арналған 40 орындық 20 бөлмелік жатақхана мен отбасылық қызметкерлерге даярланған 7 пәтер қарастырылған. Сондай-ақ, мамандардың  бос уақытын тиімді өткізу негізінде  кіші футбол, волейбол, баскетбол ойын алаңдары салынған. Өрт сөндірушілер үнемі күнделікті оқу-жаттығу мұнарасында жалынды ауыздықтау барысында, өздері жасайтын іс-қимылдарын қайталап, жаттығыпотырады.
         –Бөлімде жұмыс жасайтын мамандар жайында және оларға қойылатын талаптар төңірегінде әңгіме өрбітсеңіз?      
         –Өрт сөндіруші нағыз ерлердің мамандығы саналады. Үміткер азаматтарға қойылатын талап та жоғары. Қызметке жасы 18-35 жас аралығындағы тепсе темір үзетін, денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ жастар алынады. Мамандандырылған бөлімде аға өрт сөндіруші-құтқарушы, өрт сөндіруші-құтқарушы, аға жүргізуші, өрт сөндіруші телефонист, радио байланысшы, өрт-сөндіруші прожекторшы сынды 128 қызметкеріміз бар.  Оның ішінде, 93 азамат, облысымыздың әр ауданынан келіп, 3 ай сынақ мерзімде оқытылып жатыр.
Жыл басынан бері қанша өрт оқиғасы орын алды және дабыл түскен уақытта жолай қандай кедергілерге тап болып жатасыздар?
         –Жыл басынан бері ауданымызда 6 өрт оқиғасы мен 13 өрткежатпайтын жану оқиғасы тіркелсе, қызметкерлеріміздің қатысуымен 13 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, 20 азамат құтқарылды. Орын алған өрт оқиғасынан 3 адам түрлі дәрежедегі күйік жарақатын алса, өкінішке орай, 1 азамат өрт салдарынан қаза болды.  Ауданымызда орын алып жатырған өрттердің 83 пайызы азаматтық қорғау саласының қызметкерлерінің бақылауында болмайтын нысандарда (тұрғын үйлер мен жеке меншік нысандарда) болып жатады. Жалпы, өрттердің шығу себебін саралайтын болсақ, 67 пайызы ашық отты пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзудан шығады. Бұл дегеніңіз –азаматтарымыздың өзінің және жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарамайтындығын білдіреді. Сонымен қатар, жылыту пешінің бұзылуы мен пайдалану ережелерінің сақталмауы, балалардың сіріңкемен ойнауы, тұрғын үйлердегі электр жүйесінің ақаулары секілді өзге де себептер өрттің шығуына тікелей әсер етеді. Енді діттеген жерге жету кезінде кездесетін кедергілерге тоқталар болсақ, көбіне темір жол өткелінің жабылуы қаншама минутымызды жеп жатады. Ол аздай,  теміржол өткелі жабық тұрған  кезде, өрт сөндіру машинасы дабылына көлік иелері жол бере қоймайды. Сонымен, біз деөзге көлік иелері секілді кезекте тұрамыз. Жуырда адам өртену оқиғасына байланысты дабыл түскен кезде  1 минуттың ішінде көліктеріміз жолға шыққан болатын. Алайда, өткелдің жабық болуына байланысты бірнеше минут өрт болған мекен-жайғакешігіп жеттік. Осы орайда, қаламыздан аспалы көпір салынса деген ұсынысымыз бар. Ең ақыры, мұндай үлкен қаражатты қажет ететін құрылысты салуға бюджеттің қалтасы көтермесе, тағы да бір темір жол өткелі салынса дейміз. Мына тұрған Қазалы қаласында аталмыш өткелдің 2-еуі бар екенін ескерген жөн.
         –Халық арасында өрт сөндірушілердің уақы­тынан кешігетіні, өрт сөндіру көлігінің дайын болмай, қайта-қайта су тол­тыруға кететіні кейде сынға ұшырап жатады… Осы мәселе төңірегінде кеңінен тарқатып айтсаңыз?
         –Дабыл қағылған сәтте кезекшілікте тұратын 20 жауынгер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктеріне отырып, өрт болған жерге бір минутта шығып үлгереді. Әрине, барлық мәселе біздің қолымызда болса, көзді ашып-жұмғанша-ақ оқиға орнынан табылар едік. Бірақ, жоғарыда айтып өткенімдей, жолай көлденең шығатын кедергілер өте көп. Ал, су толтыру мәселесіне келсек, арнайы 5 техникаларымыз төтенше жағдайды жоюға әрқашан да сақадай-сай тұрады. Алайда, олардың суы өлшеулі. Мысалы, кәдімгі өрт сөндіру автомашинасына 6 тонна су сияды. Былайша мол көрінгенімен, бұл суыңыз 10  минутта-ақ,жоқ болады. Яғни, өрт сөндіру кезінде секундына 40 литр су шашамыз. Су біткеннен кейін, жақын маңдағы өрт гидранттардан қайтадан толтырып аламыз. Десе де, халықтың бәріне бірдей жаға беру мүмкін емес ғой. Осы кезге дейін қызыл жалынның салдарынан түгелдей жанып кету оқиғасы болған емес. Бұл да бір мамандарымыздың еңбегі екені анық. Қазіргі уақытта соңғы технология негізінде жасалған құтқару құралдары келіп, жұмыс істеуімізге жеңілдік тудырды. Мәселен, бұрын жол-көлік оқиғалары кезінде, есігі ашылмай қалған көліктерді ломмен, балтамен қолға түскен қатты темір затпен ашып алатынбыз. Бүгінде «Holmatro» сияқты  гидравликалық авариялық-құтқару құралдарының арқасында жұмысымыз біршама оңайланды. Алдағы уақытта тындырымды жұмыстар атқарылатын болады.
–Бала күнінде өрт сөндіруші болуды армандамаған бала кемде-кем шығар. Әдетте, бұл арман  ғарышкер болу секілді бала қиялдың жетегінде қалып қояды. Дегенмен, сол бала күнгі арманына жетіп, бүгінде өрт сөндіруші болып қызмет атқарып жүрген азаматтар бар екенін көріп те жүрміз. Мамандыққа тарту бағытында жұмыстар жасала ма? Және де бұл маман иесі болу үшін оларға қандай мінез тән болуы керек?
         –Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Жолдауында: «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар.  Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман» деп атап көрсеткені баршаға мәлім. Біздің салаға қатысты жоғары білімді мамандар негізінен Көкшетаудағы техникалық институтта даярланады. Ал, оған икемді, қабілетті, спортқа бейімділігі бар үміткер жастарды бағыттап отыруға ерекше мән береміз. Осыған байланысты, мектеп қабырғасындағы жоғары сынып оқушылары арасында үгіт-насихат, түсінік жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырамыз. Үміткерлерден өтініштер де түсіп, оқу орнының студенттері атанып жатқандары бар. Мақсатымыз—талапкерлерге мамандық сырын терең түсіндіру, оның қиындық жақтарын ұғындыру болғандықтан, алдағы уақытта мүмкіндігінше институтта оқып жатқан курсанттарды да қатыстырамыз деген жоспарымыз бар.Десе де, талапкердің саны өте аз болып тұр.
         Иә,  қызыл жалынды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы болғандықтан,  біздің күшіміз – бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде екенін білеміз. Ең басты қағидат–осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, қайсарлық, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн.
Өрттің алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізіп отырасыздар ма?
–Былтыр Арал ауданыныңТөтенше жағдайлар бөлімімен бекітілген кесте бойынша 24 рет өрт тактикалық сабақтар өткізілсе, оның 12-і түнгі мезгілде, 12-сі күндізгі мезгілде өтті. Биыл да тактикалық сабақтар өндірістік, өнеркәсіптік нысандарда, сауда-саттық, білім беру нысандары мен балабақшаларда өткізілді. Сәуір айында табиғатты қорғау мекемелерімен бірге дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында шаралар ұйымдастырмақпыз. 
–Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбаттасқан Света Үсенқұлова.
09 сәуір 2018 ж. 2 134 0